Басты ақпаратДенсаулық

Туберкулезді ерте анықтау мүмкін бе?

Астана қаласында соңғы 10 жыл ішінде туберкулез ауруына шалдығу мен өлім-жітім төмендеді. Мәселен, 2022 жылы туберкулезбен аурушаңдықтың көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 9,3%-ға төмендесе, өлім-жітім көрсеткіші 19% азайды. Бұған ауруды ерте диагностикалау арқасында қол жетті. Дегенмен қазіргі таңда ішкі көші-қонның жоғары болуына байланысты пациенттер бастапқы медициналық санитарлық көмек беру ұйымдарына уақытылы тіркеле алмайды, сол себепті дер кезінде қажетті тексерулерден өтпей, қалалық фтизиопульмонология орталығына ауыр жағдайда жеткізіледі. 

Орталық директорының медициналық көмек көрсету сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Жеңіскүл Даугаринаның айтуынша, көптеген науқастардың тұрақты тұрғылықты жерінің жоқтығы, уақытша баспана, жертөлелер мен жатақхана бөлмелерін жалдап жүруі – қазіргі таңда осы аурудың асқынуына басты себеп.

– Туберкулез – 90 пайыз жағдайда ауа тамшылары арқылы жұғатын ауру. Бір науқас адам емделмей жүрсе, жылына орта есеппен алғанда 12 адамға жұқтырады. Ал сол науқасты есік-терезесі жоқ бөлмеге 10 адаммен бірге қамап қояр болса, соның ішінде тек екеуі ғана ауырады. Қалған сегізі жұқтырып кетеді. Инфекция олардың ағзасында жүреді. Ол инфекция сол адамның иммундық жүйесі төмендеген, дұрыс тамақтанбай әлсіреген сәтін «күтеді». Қолайлы жағдай туған кезде, дереу басын көтереді. Бактериялар бөлінетін емделушілер қақырығы туберкулез таяқшасынан арылған соң жергілікті емханаларда емдеуді медицина қызметкерлерінің бақылауымен әрі қарай жалғастырады. Бактериялар бөлінбейтін науқастар алғашқы күндерден бастап емді жергілікті емханаларда бастайды, – дейді дәрігер.

Қазір туберкулезді диагностикалау деңгейі артты, мамандар 2 сағаттың ішінде пациентте туберкулездің қандай түрі барын анықтай алады. Ал бұрын 3-4 ай емдеп, сосын барып білетін. Сонымен қатар дертті емдеуде 2016 жылдан бері дәрілердің жаңа түрлері шықты.

– Ең алдымен, туберкулездің дәрілерге сезімталдығын анықтауда гендік молекуларлық деңгейде қақырықты анықтау – басты мақсат, себебі сол нәтижеге байланысты науқастарға дұрыс ем кестесі тағайындалады. Туберкулезбен ауыратын науқастар жаңа туберкулезге қарсы препараттарды қолдану арқылы жеке схемалар бойынша емделеді. Емнің нәтижесі өте тиімді, – дейді Ж.Даугарина.

Туберкулезге қарсы іс-шараларды жүзеге асыруда Астана қаласында қалалық фтизиопульмонология орталығында 22 фтизиатр дәрігер қызмет етсе, Астана қаласының жергілікті емханаларында 21 фтизиатр дәрігер, сонымен қатар 18 балалар фтизиатры (фтизиопедиатр) жұмыс істейді. Қалалық фтизиопульмонология орталығы елордада осы дерт бойынша «Үйлестіру орталығы» болып саналады, яғни жергілікті емханалардың туберкулезге қарсы жүргізіп жатқан іс-шараларын қадағалап отырады.  Сонымен қатар орталықта туберкулез диагнозы дәрігерлер кеңесінде қойылып, жүргізілетін ем-шаралардың кестесі әр науқасқа бөлек талқыланып тағайындалады. Орталықтың пульмонология бөлімінде өкпенің созылмалы аурулары бар науқастар емделеді. №1,2 өкпе терапия бөлімінде  туберкулездің ашық түріне шалдыққандар ем алады. Өкпе хирургия бөлімшесінде ота жасалады. 4 қабатта өкпеден тыс, яғни ағзаның басқа жеріне түскен туберкулезді емдейтін бөлім,  Б блогында дертті жұқтырған балаларды емдеуге арналған бөлім бар.

– Сонымен қатар қалада «Санат әлемі» тобы жұмыс істейді. Ол топтағылар – өздері туберкулезбен ауырған жандар. Бұл қызметкерлер туберкулезге қарсы іс-шараларды атқаруда көп көмек береді. Тәуекел тобына жататын адамдар, яғни үйі-күйі жоқтар, алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланатындар, есірткі заттарын тұтынатындар, АИТВ инфекциясы бар адамдар, бұрынғы сотталғандар, сыртқы және ішкі мигранттар арасында туберкулезді анықтауға қатысады, сондай-ақ амбулаториялық сатыда туберкулезбен ауыратын науқастар ем-домнан бас тартқан кезде «Санат әлемі» тобы қызметкерлерінің еңбегі зор, әңгіме жүргізгеннен кейін науқастар емін әрі қарай жалғастырады. Топ қызметкерлері ауру жандарға әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетеді, халық арасында санитарлық-ағарту жұмыс­тарын жүргізеді. Әсіресе, өз бетімен ауруханаға келмейтін адамдарды тауып, солардың тексеруден өтуін қадағалайды, – дейді маман.

Дәрігерлерді тағы бір алаңдататын мәселе – қазір жаңа туған сәбилерге туберкулезге қарсы екпені салдыруға қарсы ата-аналардың көбеюі. Екпе салғызған бала кейін өсе келе туберкулезге шалдықса, ауруды тез еңсеріп кетеді.

– Салынбаған балалар тек өкпе туберкулезі ғана емес, басқа ағзаға түсетін туберкулезге шалдығуы мүмкін. Атап айтқанда, туберкулез ми қабығында да, жұлында да, омыртқада да, лимфа түйіндерде, теріде, көзде, бауыр, бүйрек, ішекте де болады. БЦЖ салғызбаған ата-аналар осы тұрғыда қателік жасамаса екен. Бір айта кетерлігі, бұл ауру тұқым қуаламайды, яғни әке-шешесі туберкулез болғандар олармен байланысқа түспесе ештеңе де болмайды, – дейді дәрігер.

Пандемия кезінде туберкулез ауруын анықтау өзекті мәселе болды, яғни емханаларға науқастар дер кезінде келіп, қажетті тексеруден өтуге мүмкіндік болмағандықтан, туберкулездің кең таралған процестері кездескен.  Коронавирус инфекциясының негізі туберкулез ауруына тікелей қатысы жоқ, дегенмен коронавирус­пен ауырған науқастардың арасында жалпы иммунитет жұмысының төмендеуіне байланысты коронавирус ауруынан кейін туберкулезге шалдыққан науқастар тіркелген.

Мамандар туберкулездің алдын алу үшін дұрыс тамақтану, ауру ошақтарынан абай болудан бөлек, ағзаны уақытылы демалдыра білудің маңызды екенін айтады. Қазір таңнан кешке дейін жұмысбасты болып кеткен адамдардың таза ауада серуендеуі, дене қимылының азайғаны денсаулыққа қай ауру тұрғысынан да зиянды екенін еске салады.

Бүгінде туберкулезді емдеуге және оның алдын алуға болады. Алайда 2019 жылы әлемде 10 млн адам туберкулезбен ауырып, оның 1,4 миллионы көз жұмды. Жаһандық қор қолдауымен БМСК, туберкулезге қарсы қызмет, USAID және халық­аралық қоғамдастықтың бірлескен қызметінің арқасында Қазақстанда туберкулезбен байланысты эпидемиологиялық ахуал жақсарғаны байқалады. Алайда аурудың КДТ ТБ, яғни көптеген дәріге төзімділік және АДТ ТБ, яғни ауқымды дәрілерге төзімділік түріне шалдыққандар үлесі артуда. Қазақстан КДТ ТБ зардабын анағұрлым көбірек тартатын 30 елдің қатарынан көрініп отыр.

Оның үстіне ауруды емдеуге қатысты бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімі табылмаған күйінде қалып отыр. 2022 жылы «Туберкулезді тоқтат!» әріптестігі және жобаларға қызмет көрсету бойынша БҰҰ Басқармасы, халықаралық «Денсаулық жолындағы әріптестік» ҮЕҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен, «Шапағат» ҮЕҰ, «Дауа 2050» ҮЕҰ қатысуымен «Туберкулезден зардап шеккен адамдар қауымдастығы үшін кедергілерді жою – Challenge Facility for Civil Society» жобасы жүзеге асырыла бастады. Ол ауруды жұқтыру қаупі басым адамдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Жоба аясында психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі, сондай-ақ туберкулезбен ауыратын науқастар босатылғаннан кейін емдеу іс-шаралары тізбегін үзбеу үшін Пенитенциарлық сектормен жұмыс жүргізіледі.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button