Басты ақпаратҚоғам

Турашылдық – тұғыры

Бір күні қара шаңырақ басылым – «Егемендегі» басшымыз Ержұман Смайыл «мына мақаланы қарап шық, әділ бағаңды айт» деді. Соңына қарасам «Жақсыбай Самрат» деп тұр. «Бұл авторды білемін, «Бітеу жара» романын оқыған едім» дедім. Ер аға сәл ойланып отырды да, «ақиқатын ғана айт!» деді тағы.

«Егемен Қазақстанмен» бірге елордаға көшіп барғаннан кейін, Ербол дос (Шаймерденұлы) «Біздің қызылжарлық қаламгер бауырымыз бір керемет роман жазыпты, сен де оқып шық» деп қарақошқыл түсті «Бітеу жараны» ұсынды. Белгілі саяси қайраткерлердің аты-жөні кітапта бадырайып тұр. Империяның имансыздығына жастар тобыр болып емес, саналы түрде шыққанын, оянған ұрпақтың жанкешті ұмтылысын кейіпкерлердің қайсарлығы арқылы суреттейді. Сұрқай саясатқа ашынып алаңға шығу ерлік екенін, ерлік жолы ауыр болатынын, Желтоқсан көтерілісінде жастардың небір қатыгездікті, жосықсыз азапты басынан өткергенін шытырман оқиғалар желісі арқылы баяндайды. Алматыдан алыста жатып осындай соны соқпақпен сүбелі дүние жазған азаматтың қолдағы мақаласына үңілгенімізде, айтары дәйекті, бағыты айқын екеніне көз жеткіздік. Ер ағаға ақиқат сөзімізді айттық.

Жәкең бас басылымның табалдырығын жалтақтамай, нық басып аттады.

Әріптесіміздің бойы шағын болғанмен, ой-өресі биік. Екі тілге бірдей жүйрік. Етектен төрге озады, төрден өрге өрлейді. Нөмір сайын мақалалары шығып жатады. Тақырыбы сан саланы қамтиды. Терең талдаулары тәнті етеді. Экономиканы еңсеріп, саясатты да саралайды. Философияның иірімдеріне еркін бойлайды. Тындырымды, тиянақты. Басын қара мақала етіп бастап, соңына таман келгенде өз пікірін бүкпей жеткізеді. Осылай болса ұтылмас едік дегенді білдіреді. Бұл жан-жақты білімдіге тән қасиет екені анық. Турашылдығы бөлек. Бүгежектемейді. Кей тұста олай емес, былай болу керек деп төтесінен тартады. Жалпақтау жайлаған уақытта ондай мінез кімге ұнай қойсын. Ескерту алса да адами қалпынан тайғанақтағанын көрмедік. Баяғы табандылық, талапқа бағыну. Шындықты төте жеткізу.

Жақсыбай Самрат заманауи техниканың «тілін» жетік біліп, дер кезінде басылымға жылдам ақпарат беру ісіндегі ұшқырлығын ескергендіктен шығар, басшылық оны он жылдай Президент пулына қосты. Елбасының, Парламент, Үкімет мүшелерінің әлемдік деңгейдегі сапарларында бірге жүріп, терең талдаулар, жан-жақты қамтылған сараптамалар жазып, арасында ат басын тіреген жұрттардың айтулы азаматтарынан да жедел сұхбаттар жүргізгеніне талай куә болдық. Алқалы жиындарда, баспасөз мәслихаттарында «оғаш» сұрақтар қойып, «мұның не?!» деген ескерту естіп қалған кездері де аз болмаушы еді. Ол қыңырлығынан емес, ақиқаттан аттап өте алмай, турашылдық тұғырым дегендіктен еді.

Өзіндік бағыты айқын, айтары бар азаматтың адами болмысы да бөлек. Біз оны екі он жылдай қатар жүргенде аңғардық. Ең бастысы, жағдайға қарай құбыла кетуден аулақ қасиеті бағалауға тұрарлық. Содан да болар, әлде турашыл мінезінен бе екен, Ер аға (Смайыл) Жақаңды ерекше көретін. Жақаң да әдебінен, ізетінен жаңылмай жүретін

Осы арада мына түйген ойымызды ортаға сала кетелік. Елдікке қол жеткізгенге дейін, өзгелер үстемдік етіп тұрған тұста, солтүстіктегі ұлтым деген рухты азаматтар: «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» (А.Байтұрсынұлы) деп ниеті бөлек, тілегі тымырсық талайлармен тайталасып-ақ баққан. Солардың бірі осы Жақаң десек, артық айтқандық емес. Петропавл деп жалпақтамай, Қызылжар деп, «Қызылжарың не?» деп ежірейгендерден, «Қызылжар» деп жазса «Жоғарыдан бекітілгені Петропавл емес пе?» деп түзеп-күзеушілерден қыңбай, сөз таластырғанын талай естідік. Мұны естілік деп білеміз. Ол мақалаларынан ғана емес, көркем шығармаларынан да айқын көрініп тұрады.

Бір жолы оның мақалалары мен кітаптарындағы бұрмасыз заман сөзіне, өмір суреттеріне бойлап барып, қаламгердің өткен жолына зер салсақ, ормандай диаспора ортасында ертеңгі күнкөрісім қалай болады деп ықтап кетпей, ана тілім арым деп, қазақ мектебін бітіріпті. Жоғары оқу орнына сынақ тапсырады. Басқа пәннен шауып өтеді. Орыс тілінен диктант жаздырады. Құлайды. Сол жылы қаржы-экономика техникумына түседі. Бітірген соң осы салада біраз жыл қызмет етеді, басшылық қызметтерге жетеді. Ревизор болып жүргенде кеңірдегі кеңдердің кеңірдегіне тығын тығып, мемлекет қаржысын қайтартады. Есеп-қисап саласына барғанда да әділдіктен айнымайды. Диктанттан құлаған ол тілді тіл иесінен асыра біліп, қыңыр тартқандарды түзеп жүреді.

Жоғары білімге қайта талпынады. Қазіргі әл-Фараби университетінің философия-экономика факультетінде оқиды. Бұл факультетке екінің бірінің қолы жете бермейтіні белгілі. Бар болғаны он талапкер қабылдайды. Онның бірі болу оңай ма?

Журналистің өмірлік арманы қаламгерлік болатын. Жабайы жекешелендірудің зардабы Жақаңды да айналып өтпейді. Қалам қаруына қол созады. «Бітеу жараны» жазып, жарыққа шығарады.

Бұдан кейінгі сансыз сапырылыстар да ет жүректің тынымын алып, санасын тербеп, ой пернесі көңіліне тыным бермейді. Сол құбылған заман кейпінің ой-қырына «Өзгеленді бұл ғалам» романында тереңдеп барады. Оны бір белеске шығарған соң, қарымды азамат руханият саласына ауысып, облыстық теледидарға қызметке тұрады. Ұзақ уақыт ойына түйіп, көңіл түкпіріне қорғасындай қорытқан тақырыптарды теледидарда тізбектей қозғап, көкейтесті мәселелерді отандық басылымдарда жариялап жатты. Әсіресе Абылайдың ақ үйі туралы толғамдары жұрттың назарын аударып қана қойған жоқ, үлкен қолдау тауып, нәтижесінде абыройымызды асырып, хан үйі қалпына келді. Жеңістің жемісі деген осы.

Жазушы Жақсыбайдың қаламынан туған үш роман да – жақсы бағаланған дүниелер. «Бітеу жара» туралы алда аз-кем айттық. «Өзгеленді бұл ғалам» романында ел болып қалыптасу жылдарындағы қилы кезеңдер, шырмауы қиын шырғалаңдар баяндалады. Ашық экономика деп айтқанмен, оны өз пайдасына икемдеп, байыған жып-жылмағай су жұқпас жылпос Ходжаев, совет заманының шеңберіне шегеленген, жаңа қадамға икемі кем, «дипломат» арқалап, араны ашылғанды алдап соғатын Ходжаевтардың жетегінде кетіп, халықты азапты күнге әкелген облыс әкімі Шлейхер, қазақтың ту тіккенінен өлердей қорқып, кешегі үстемдігін аңсаған шовинстік топтың жымысқы өкілі Парасюк сияқтылар бейнесін, сол уақыттың елең-алаң шағын нанымды береді. Азаттықты айбыным, кием деп білген Қуандықовтай кейіпкерлер, тоздырған ауылдың қайта қарекетке көше бастағанын Қайыранас тірлігімен дәйектейді. Арандатушыларға алаңдап, таңдаудың қайсысы дұрыс дегенді аңғару қиынға соғып, жол айырығында тұрғандар шоғыры және бар. Соңында ұлт мүддесі дегендер ниетіне жетеді, адасқандар қауымға қосылады. Пиғылы бұзықтардың кететіні кетіп, бұл менің де Отаным дегендер жергілікті жұртпен ынтымақтасады. Сөйтіп, заман ағымы бір арнаға түседі, Отаным Қазақ елі деген саналы жастар сап түзеп шығады.

Бұл шығарманы кезінде қазақтың ғұлама перзенті, ұлтым деп өткен өрен жүйрік, сара саңлақ Амангелді Айталы ағамыз жоғары бағалағанын еске сала кетелік.

Ал үшінші романы «Бұралаң заман» деп аталады. Бұл туындыда да бүгінгі қоғам қайшылықтары, жас азаматтың тағдыр-тәлейі шытырман оқиғалар үстінде суреттеледі. Роман жайлы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы Тұрысбек Сәукетаев: «…Осы бірер күндікте толық оқып шықтым. Ғанибет күй кештім. Қалыптас­қан мықты қалам иесі екенсің. Бас-аяғы жинақы, жұтынып тұрған шап-шағын дүниең роман деуге әбден лайық… Ең бастысы,  жалықтырмай, қызықтырып отырады. Неге? Бұл – шеберлік, көркемдік өре. Осы биігіңнен түспе!» депті. Осындай баға алған шығарма, шынында, тартымды оқылады.

Өзіндік бағыты айқын, айтары бар азаматтың адами болмысы да бөлек. Біз оны екі он жылдай қатар жүргенде аңғардық. Ең бастысы, жағдайға қарай құбыла кетуден аулақ қасиеті бағалауға тұрарлық. Содан да болар, әлде турашыл мінезінен бе екен, Ер аға (Смайыл) Жақаңды ерекше көретін. Жақаң да әдебінен, ізетінен жаңылмай жүретін.

Заманауи жазу құралында саусақтары жорғадай жүйткитін, ой иірімі ақ қағаз бетіне шым кестедей түсетін белгілі журналист, қарымды прозашы Жақсыбай Самрат пайғамбар жасынан асып, жеті белеске қарай қадам басып барады. Енді көркем шығарманың көрігін қыздырып, оқырманын бәрекелді дегізер кемел кезеңге жетіп отыр. Жақаңды алдағы уақытта жемісті жылдар жетелей берсін биіктен-биікке дейміз.

Сүлеймен МӘМЕТ,

жазушы-журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button