Туризмді дамытуда мүмкіндік зор
Астанада «Қазақстан-Қытай туристік диалогы» тақырыбында халықаралық жиналыс өтті.
Қазіргі заман экономикасын дамытудың өрісті жолы саналатын туризм саласының өзекті мәселелерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасу, екі елдің туристік саладағы ынтымақтастығын онан ары тереңдету мақсатында өткізілген бұл бас қосуға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласы әкімнің орынбасары Евгений Глотов, Қытай туризм академиясының президентті Дай Бин, сондай-ақ ҚХР-ның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері, Астана даму орталығы басқармасының, қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, Ресейдің туризм саласы бойынша халықаралық ынтымақтастық қауымдастығының басшысы қатысты.
Қазақстан Республикасының бастамасымен 2024 жыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» деп жарияланған айырықша атап өткен Ербол Мырзабосынов Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режимнің енгізілуіне байланысты Қазақстанға саяхаттап келетін Қытай туристерінің саны айтарлықтай артқанын алға тартты. «Визасыз режим енгізілгеннен кейін Қытайдан келетін туристердің саны 20 пайыз артып, 367 мың адамға жетсе, биыл 10 айда олардың саны жарты миллионнан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 30 пайыз көп. Екі ел арасында әуе рейстері де көбейді. Қазір 42 тұрақты рейс, 7 жанама рейс бар. Туризм жылы аясында екі елде 30-ға жуық іс-шара өткізілді. Қытайдағы Қазақстан туризм жылын өткізу екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні анық» деді министр.
Әкімнің орынбасары Евгений Глотов бас қаланың қазіргі туристік әлеуеті мен оның Қытай-Қазақстан ынтымақтастығын тереңдетуге қосқан үлесіне тоқталды.
-Қазақстан мен Қытай ұзақ жылдардан бері өзара тиімді ынтымақтастықты қарқынды дамытып келеді. Қазақстанның елордасы болған Астана осы ынтымақтастықты дамытуда маңызды рол атқарады. Қазір екі ел «бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында белсенді жұмыстар істеп, тамаша нәтижеге қол жеткізді. Астана Қытайдың Бейжің, Үрімжі қаларымен болған қарым-қатынасты нығайта түсті. Бұл байланыстар екі ел арасындағы достық байланысты тереңдетіп қалмай, өзара түсінікті де тереңдете түсті. «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында бірігіп ұйымдастырған сәтті іс-шаралардың арқасында Қытайлықтар Қазақстанның мәдениетімен, туристік әлеуетімен жақын танысты. Бұл туризм саласының дамуына берік негіз қалады. Астана қазір Қазақстаның әкімшілік және экономикалық орталығы ғана емес, туристерді де көбірек баурайтын көркем қалаға айналды. Қазір бас қалада 270 қонақ үй, 60-тан астам көрнекті орын бар, «Астана балет», «Астана опера», «Ұлттық мұражай» сынды нысандар Астанаға келген туристердің арнайы ат басын бұратын жарқын түйіндерге айналып отыр. Қазір елорда әуежайы 16 елден 31 бағыт бойынша әуе рейсін жүзеге асыруда,- деді Евгений Глотов.
Алқалы жиында Қытай делегаттары атынан сөз сөйлеген Қытай туризм академиясының президентті Дай Бин биыл Астанаға төртінші мәрте келгенін, әр ретте де бас қаланың үлкен өзгерістерін көріп таң қалғанын айта келіп, Қытайлық туристердің Қазақстанға саяхаттап келуге деген қызығушылығы күннен күнге артып келе жатқанын айтып, қытайлық туристерді Қазақстанға көптеп тарту жағындағы ойларымен бөлісті.
– Қытайдың туристік нарығы әлемдегі ең ірі нарықтардың бірі болып табылады. Биылғы жылды алып айтсақ, өткен үш маусымда шетелдерге саяхаттап барған қытайлық туристердің саны 92 миллионнан асып түсті. Тек Қытайдың республика күні мезгіліндегі 7 күндік демалыста 2.677 миллион қытайлық шетелге туристік сапармен барған. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өйткені шекаралас қоныстанған екі ел арасында көліктер іркіліссіз қатынап, әуе рейстерінің саны молайды. Екі ел арасындағы визасыз режимнің екі ел туризмінің дамуына оң әрі тың серпін беретініне талас жоқ. Шынын айтайын, бұрын біздің елде, әсіресе, ішкі Қытайда Астана, Алматы деген қалаларды қойып, Қазақстанның өзін көп ешкім біле бермейтін. Ал қазір «Алма мекені-Алматыға саяхаттап барсам», «Астанаға барып Димаштың концертін көрсем» деп жүрген Қытайлықтар көп. Бұл Қазақстанның туристік мүмкіндігің артып келе жатқанының дәлелі. Ендігі осы мүмкіндікті пайдаланып, туристерді тартудың ұтымды жолдарын қарастыру керек,- деді Дай Бин.
Қытай мен Қазақстан– тарихи, мәдени және экономикалық байланыстары терең көршілес ел. Олардың арасындағы географиялық жақындық пен саяси ынтымақтастық туризм саласының дамуына үлкен әсер етіп отыр. Қазақстан өзінің көркем табиғатын, тарихи және мәдени мұрасын, заманауи инфрақұрылымын көрсету арқылы Қытай туристерін көптеп тарту мүмкіндігіне ие. Ал Қытай туристерінің көптігі мен нарықтың кеңдігі Қазақстан үшін үлкен тиімділік екені айтпаса да түсінікті жайт. Аталған саладағы бірлескен жобалар мен ынтымақтастықтың күшеюі Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмнің болашағын айтарлықтай жақсартатыны анық.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ