Мәдениет

Турнир жеңімпазы – Астана мәслихаты

Елордадағы «Sairan Arena» спорт кешенінде Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдас­тырылған шағын футболдан турнирдің финалдық ойындары өтіп, жеңімпаздары анықталды. Астана қаласы әкімдігінің басқармалары мен аудан әкімдіктерінің қызметшілері арасында ұйымдастырылған жарыс екі күнге созылды.

Жарыстың жабылу салтанатына Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, жергілікті мәслихат депутаттары қатысты.

Турнирде бас-аяғы 8 команда шеберлік пен бақ сынасты. Қорытындысында «SD Family» (блогерлер) командасын 6-1 есебімен жеңген қалалық Энергетика басқармасы 3-орынды иеленді. Жеңімпаз Астана қаласы мәслихаты мен Сарыарқа ауданы әкімі аппараты командалары арасындағы ойында анықталды. Қалалық мәслихат командасының ойыншылары аудан әкімдігінен 5-2 есебімен басым түсіп, 1-орынды жеңіп алды, сарыарқалықтар еншісіне, сәйкесінше, 2-орын тиді. Сондай-ақ үздік ойыншылар марапатталды: үздік қақпашы – Әлихан Мұнарбаев («SD Family» командасы), үздік қорғаушы – Әнуарбек Исеналиев (Энергетика басқармасы), үздік шабуылшы – Бауыржан Ералы (Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты), үздік бомбардир – Алмас Рашид («SD Family»), үздік ойыншы – Азамат Айтхожин (қалалық мәслихат).

– Екі күн әдемі ойын болды. Командалар керемет ойын көрсетті деп айтуға болады. Осын­дай ойындарды тоқсанына бір рет өткізу керек. Өзіміздің мемлекеттік органдар мен бюджеттік кәсіпорындар арасында осындай ойындар қажет. Өйткені мұндай іс-шаралар арқасында әріптестердің арасында сыйлас­тық туындайды, жұмысқа деген талпыныс жоғарылайды, – деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 2200000 теңгені құрады. 1-орынға 1000000 теңге, 2-орын иегерлеріне 700000 теңге және 3-орынға 500000 теңге берілді. Сондай-ақ жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан кубок, медаль, дипломмен марапатталды.

Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған жарыс­тар әлі де жалғасады. 11-12 қазанда «Қазанат» ипподромында көкпар және бәйге түрлерінен ұлттық ат спорты фестивалі, 13 қазанда «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде жоғары оқу орындары студенттері арасындағы спартакиада, 19-20 қазанда «Sana Sport» кешенінде мемлекеттік органдар командалары арасында волейболдан турнир өтеді. Сонымен қатар ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button