Ел тынысы

Туынды арқауы – спортшылар арманы

Елордада әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрақты желбіретіп, ел абыройын асқақтатып жүрген танымал спортшылар туралы кітап жарық көрді. «Чемпиондыққа жетелеген арман» атты туынды отандық чемпиондар өмірін арқау етіп, жас спортшыларға шабыттандыратын әңгімелер жинағы ретінде таныстырылды.

Екі тілде оқырманға ұсынылған туынды авторы – жас жазушы Үнзила Мыңбай. Балаларды спортқа шабыттандыратын жинаққа өз бағыттарында көшбасшы саналатын 17 спортшының естелігі енгізілді. Кітап өзегіне еліміздің мақтанышына айналған қазақстандық чемпиондар – Бекзат Саттарханов, Денис Тен,  Елдос Сметов, Ольга Рыпакова, Абзал Әжіғалиев, Бахтиер Зайнутдинов, Мақсұт Жұмаев, Софья Берульцева, Дмитрий Баландин, Зульфия Габидуллина, Талғат Жайлауов сынды кейіпкерлердің балалық шағы, спорттағы жолы жайлы тың ақпарат беріледі. Шынайы  болған оқиғалар, спортшылардың басынан өткен сан қилы мезеттер, көңіл-күй толқытар сезімдер, тағдыршешті сәттер әсерлі, тартымды баяндалады. Кітаптың басты ерекшелігі – оны дайындауға кейіпкерлердің өздері және олардың ата-аналары қатысқан екен. Туынды дизайнын отандық суретші Марат Көмеков безендірді.

«Әрине, әр адамның өмірінде жығылу, сүріну, құлау және қайта бастау, жалғастыру бар. Бірақ содан шығу үшін ең әуелі ерік-жігер қажет. Күш-қуат тудыратын мінез-құлық бала кезден қалыптасады. Оқу мен білім, еңбек пен тәрбие арқылы келеді. Кездескен қиындықтарға төзіп, кедергілерді жеңген адамды ғана арман алға жетелейді. Кез келген жас өрен ең бірінші өзіне, өзінің мақсат-мұратына адал болса, өскенде әділ мемлекет құруға да ықтиярлы болып, белсене атсалысады. Бүкіл халықтың қамын ойлап, елімізді берекелі бірлікке, шынайы достыққа адал еңбекке шақыратын тұлғаға айналады. Спортшының өмірі тек жеңістер мен жетістіктерден тұрмайды. Әр жеңістің артында өнер көрсету үшін төккен тері, қиыншылығы бары көрерменге беймәлім түрде қала береді. Олимпиада мен Паралимпиада чемпиондары – өз арманыңа ұмтылсаң, қолдан келмейтін нәрсе жоқ екенін жас жеткіншектерге дәлелдеген жандар» дейді Үнзила Дарханқызы.

Жас жазушы алғашқы туындысын жазуға жарты жыл жұмсадым дейді. Ал спорт саласының маманы, жоба жетекшісі Жанар Өтешеваның сөзінше, идея негізі – спорт саласында көп жыл жұмыс істеген команданың жеңісі.

«Туындыны шығаруға шығармашылық топта 3 адам жұмыс істедік. Біз өзіміз де спорттан келдік. Бірнеше жыл чемпиондармен бірге жұмыс істедік, әлем чемпионаттарын ұйымдас­тырдық, Олимпиада ойындарында команданың жанынан табылдық. Сондықтан әрбір жеңіс пен жеңілістің артында қандай ауыр жұмыстың тұрғанын жақсы білеміз. Содан бұл дүние­ні көпшілікке жеткізсек деген үлкен арман пайда болды. Бұл кітап чемпиондар, жеңімпаздар туралы, жеңіс туралы емес. Бүгін кішкентай арманымыз орындалды деуге болады. Бұл кітап – арманнан бас тартпауға, арманның адастырмайтынына, оның міндетті түрде орындалатынын дәлелдейтін кітап» деді ол.

Болашақ чемпиондарды шабыттандыратын әңгімелерден тұратын кітапты оқып, жетістікке жеткен замандастарымның өмірінен сабақ, тағылым аламын деушілер үшін туындының әлеуметтік маңызын атап өткен жөн.

«Қазір әлеуметтік желілерде көрші елде түсірілген «Слово пацана» киносериалы туралы әртүрлі деңгейде қызу таластар жүріп жатқандығы жасырын емес. Бұрыннан келе жатқан «тыйым салу» тәсілі бүгінде тым әлжуаз, тиімсіз екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ендеше қоғамдағы «бос кеңістікті» толтыру үшін бәсеке ешқашан толастамақ емес. Сондықтан жасөспірімдерге, жастарға арналған отандық контентті көбейту жөнінде мың ауыз сөзден жүзеге асқан бір жоба көбірек болып тұрған жайы бар. Осы тұрғыдан алғанда, таңдалған тақырып бойынша бұл кітап күн құрғатпай арманына арман қосып жүрген бала үшін де, оның тілеуін бергенше тыныш таппайтын ата-ана үшін де ой салатын, есті оқырманға ақыл емес, жөнін айтып, бағыт-бағдар көрсететін, көмекші көркем-­әдеби құрал болатыны сөзсіз» деді автор.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button