Тыл бейнетін тартқан

«Ер туады ел үшін» дегендей, ел басына күн туған заманда ер-азаматтарымыздың барлығы майданға аттанды. Тылдағы барлық ауыртпалық белі бүгілген қарттар мен әйелдерге, буыны қатпаған жас балаларға түсті. Солардың бірі – бүгінде жасы 97-ге келген Мақастан Жағыпарқызы.
Мақастан апа 1928 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Есіл ауданы Қарағай ауылында дүниеге келген. Әкесі Сыздық соғысқа кеткенде, 13 жасар жасөспірім екен. Анасы Алтыншаш шиеттей үш баламен төртінші балаға аяғы ауыр жағдайда қалса да, ерінің орнын жоқтатпай, колхоздың жұмысына араласты. Жұмыс күші жетпей жатқандықтан, Мақастан да ересектермен бірге жұмыс істеді.
Жылдың төрт мезгілінде бір бітпейтін ауыл шаруашылығының жұмысы қажытса да, елдің әскерге көмек жасап, жеңісті жақындатамыз, жауды жеңеміз деген сенімі мен ынтасы барлық ауыртпалықты ұмыттыратын. Егіс даласындағы жер жырту, астық жинау, оны қамбаға тасып, тазалау сияқты көзге көрінбейтін жұмыстар бір толастамайтын. Оны аяқтасаң, мал азығын дайындауға көмек жасау керек. Шөп шабу, оны тиісті жерлерге тасу, мал қораларын қысқа дайындау, мал төлдету, қой қырқу сияқты жұмыстардың бәрін ешбір ренішсіз атқаратын. Күн ұзақ бел шешпей, ашқұрсақ жүріп, шаршаса да, кешкілік жауынгерлерге жылы киім тігіп, шұлық, биялай тоқып, жөнді ұйықтамайтын еді.
Бейбіт күнде алаңсыз бесігін тербетіп жүрген аналар соғыс кезінде тау қопарып, түрен салды. «Намыс пен кек, майдандағы азаматтардың қан кешкен ауыр жолы, жесір әйел, жетім балалар тартқан тақсырет, жауға деген өшпенділік тылдағы адамдарды ширатып, қатайта түсті. Бала болып ойнау емес, үлкендерше ойлау басым болды» деп тебірене еске алады Мақастан әже.
Сұрапыл соғыс жылдарының барлық қасіреті мен қиындығын бала болса да басынан өткерген Мақастан соғыс аяқталғанда әкесін оралар деп күтті. «Хабарсыз кетті» деген тілдей қағазға сенбей, ішінде тірі болар деген сенім өшпейтін еді. Бірақ қаншама жыл өтсе де, әкесі Сыздық келмеді. 30-ға толмай төрт баламен жесір қалған анасы қайта тұрмыс құрмай, 104-ке келіп қайтыс болды. Соншама жасқа жетіп, ұзақ жасаса да, көзі жұмылғанша асыл жарын күтумен, сағынумен өтті. Арды ойлаған қайран біздің аналар десеңізші!
«Жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар» дегендей, жылап жүріп, өкси жүріп, соғыс жетімдері де жетілді. Балалық шағын соғыс ұрлаған, бір күн ұйқысы қанып тұрмаған, бала болып қызық көрмеген, қыз болып қызғалдақ термеген, әкесін көмгенін көрмеген шерменде, хабарсыз кеткен соғыстың соңғы солдатының қызы Мақастан да бұл күнде кейуана – әже болды. Тағдыр табыстырған Нұрдәулет отағасы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді.
Қазіргі таңда Шынар деген қызының қолында қазыналы қарт болып отыр. «Біздің көрген бейнетіміз бен қасіретімізді кейінгі ұрпақ көрмесін» деп аналық жүрегімен ел тыныштығын тілейді. Тылда еңбек етіп, қаншама қиындық көрсе де мойымаған, өміріне риза болған әженің көрген бейнетін айтып тауыса алмайсың. Соғыста хабарсыз кеткен жауынгердің жесірі ретінде Үкімет тарапынан ешбір еңбегі еленбей, елеусіз өтті.
Иә, бұл – бір ғана Мақастан Жағыпарқызы ғана көрген қиыншылық емес, соғыс жылдарында тылда еңбек еткен барлық адамдардың басынан өткен тағдыр.
Ел, жер, Отан үшін жұдырықтай жұмылып, қажыр-қайрат көрсете білген ардагерлерімізге, тыл еңбеккерлеріне алғысымыз шексіз. Ел іргесі аман, бейбіт заман болсын!
Қарлығаш ҚҰСПАН,
Астана қаласы
Ардагерлер кеңесі
медиатобының мүшесі