Мәдениет

«ТЫЛСЫМ ШЫҒЫС» ҚҰПИЯСЫН АШАДЫ

Елорданың мәдени өмірінде елеулі оқиға болды. «Тылсым Шығыс» атты өнер көрмесі ашылып, онда жекелеген коллекциялардан алынған үздік туындылар қойылды.

Тәуелсіздік сарайының галереясында тізілген әсем жұмыстардан шығыстың терең пәлсапасын, өзгеше мәдениетін, ғасырлар бойы дамытылып келе жатқан даналығын байқауға болады. Мұнда Қытай, Қазақстан, Иран, Өзбекстан, Түркіменстан қыл қалам шеберлерінің шығармалары топтастырылған. Шығысты сипаттайтын картиналардан бөлек, түрлі қолөнер бұйымдары, тұрмыс-салт заттары ұсынылған.

Түркі әлемінің астанасы жылы аясында ұйымдастырылған бұл шара келем деушілерге есігін айқара ашып отыр. Көрме тамыз айына дейін жалғасады.

Тәуелсіздік сарайы төрағасының орынбасары Галина Лузянинаның айтуынша, «Шығыс мәдениетінің өзгелерден айырмашылығы – оның өте бай әфсана-аңыздарында, қайталауға келмейтін өрнектерінде, бір-бірімен терең үйлесім тауып жататын күрделі формаларында. Дарынды туындыгерлер мұны анық та, қанық түстермен бере отырып, Шығыстың өзгеше палитрасын көрсете білген».

Мұндай көрменің қазіргі таңда Еуразияның кіндігі атанып отырған елордамызда жасалуы жас қаланың мәдени тынысына үлкен серпін береді. Шығыстың әйдік сарайлары мен ғибадатханаларының суреттері, сәулет өнерінің озық үлгілері, ертегілердегі ғажайып кейіпкерлер, шығыстың ерекше көркі – кілемдердің түрлі-түрлісін көре аласыз. Мыңжылдықтар бойына жинақталған бай әлемнің бір бөлшегін тамашалауға мүмкіндік туып отыр.

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button