Басты ақпаратТалайғы тарих

«Тың эпопеясы» қалай басталды?

Биылғы көктемде Батыс Сібір ойпаты мен Қазақстанда тың көтеру науқанының басталғанына 65 жыл толды. Ол СОКП Орталық Комитетінің 1954 жылғы ақпан-­наурыз айларында өткен пленумынан бастау алды. Партия­лық форум «Елде астық өндіруді одан әрі ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» мәселе қарады.Пленумда СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущев «Біздің халқымыз Коммунистік партияның басшылығымен жүзеге асыратын тыңайған және тың жерлерді игерудің еліміз үшін маңызы мен алда тұрған жұмыстардың ауқымы жөнінде» деген тақырыпта баяндама жасады. Бұл мемлекет басшысының өз бастамасынан туған батыл ұсынысы еді. Ол өз сөзінде Кеңес Одағы тұрғындарды жоғары сапалы ұнмен қамтамасыз етіп, мемлекеттік резервті толтыру, экспортқа шығарылатын ұн мөлшерін арттыру үшін жыл сайын мұнша астық жинауы керек деген сарындағы есеп-қисаптарын алға тартты.
Негізі, елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі 20-жылдардың соңынан бері сөз болып келе жатқан еді. Ол 30-жылдар мен 50-жылдардың бас жағында қайта көтерілген болатын. Осыған байланыс­ты Ресейдің шығыс жақ бөлігі мен Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарының жер жағдайын зерттейтін ғылыми экспедициялар шығарылып тұрды. Олардың бәрі бұл өңірлерді астықты алқаптарға айналдыруға болатыны жөнінде тұжырым жасады. Бірақ белгілі себептермен оны қолға алу кезеңі кейінге шегеріле берді.Бұдан кейін бұл мәселе Сталин қайтыс болғаннан кейін өткен 1953 жылғы қыр­күйек пленумында арнайы талқыланды. Онда Хрущев ауыл шаруашылығының апатты жағдайда тұрғанын ашып айтты. Осы арқылы жұртшылыққа шындықты көзге батыл айтатын, елге жанашыр адам болып көрінді. Бұл мәлімдемесі оны биліктің жоғары эшелонындағы ауыл шаруашылығы мәселесі бойынша басты маман әрі белсенді реформатор ретінде танымал етті. Шынтуайттап келгенде, оған колхоздар мен совхоздарды реформалаумен Маленков қана айналыса алмайтынын халыққа көрсету керек болды. Сондықтан бір жиында Никита Сергеевич өзіне тән мақаммен: «Халық бізден: «Ет бола ма, жоқ па? Сүт бола ма, жоқ па? Жақсы шалбарлар бола ма?» деп сұрайды. Бұл, әрине, идеология емес. Бірақ жақсы идеология жасай жүріп, шалбарсыз қалуға болмайды ғой» деп соқты.
Хрущев 1954 жылы тың көтерілгеннен кейін әр гектар алқаптан 10-11 центнерден дән алуға болады деген есеппен енді қосымша кемінде 70 миллион тонна астық жинау­ға болады деген болжамға сүйенді. Ол тың игеруге керекті адамдарды да қайдан алатынын алдын ала шешіп қойды. Бұл үшін жастарды көзсіз ерлік жасау­ға шақыр­ған патриоттық науқан жарияласа жетіп жатыр. Жас қыздар мен жігіттердің бұған дейін трактор мен комбайн­ды көрмегені де сөз емес, ықылас болса, барған жерлерінде тез үйреніп алады. Хрущев 1954 жылғы ақпан айында өткен пленумда сөйлеген сөзінде: «Ондаған мың жас патриоттар өздерін жаңа жерлерді игеру жұмыстарына жіберу жөнінде өтініш айтып жатыр» деп салды.Міне, осы міндеттерді жүзеге асырудың «орасан зор жоспарлары» соңынан республикаларға, облыстар мен аудандарға жүктелді. Мәселен, 1954 жылғы ақпанда Алматыда респуб­лика компартиясының осыған байланысты VII съезі өтті. Ол тың жерлерді игеру мәселесіне арналды. Бірақ мұны шешу Қазақстанның жаңа басшыларына тапсырылды. Мәселе мынада, тіпті Сталин заманында да тың игеруді белсене қолдай қоймаған республика басшысы ­Жұмабай Шаяхметов соның алдында ғана өз еркімен қыз­метінен кетіп, оның орнына Мәскеу­ден Пантелеймон ­Пономаренко деген келген еді. Ал екінші хатшылыққа Леонид Брежнев сайланды.
Осылайша 1954-1955 жыл­дары Кеңес Одағында 13 млн, соның ішінде қазақ жерінде 6,4 млн гектар ал­қапты игеру керек болды. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін СОКП Орталық Комитетінің тапсырмасы бойынша Қазақстанға 300 мыңнан астам механизатор келді, жаңадан 90 совхоз ұйым­дас­тырылды. Жаңа жерлерді игеруге 283 МТС, 1697 колхоз бен 247 совхоз жұмылдырылды. Тек 1954 жылдың көктемінде ғана 1545 гек­тар тың және ты­ңайған жерлерге соқа тү­рені тиді. Жалпы, тыңның алғашқы екі жылында Қа­зақ­станның ауыл шаруа­шы­лығына одақ­тық қаржы көз­дерінен 6 млрд 105 млн сом мөлшерінде ақша құ­йылды. Бұл бүкіл 4-бес­­жыл­дықта (1946-1950 жж.) рес­­-
пуб­ликаның халық шаруа­­шылығына бөлінген қара­­жаттан 4 еседен де көп еді.
Хрущев тыңды игеру нау­қанын өзінің жеке бастамасы санап, оны жүзеге асыруға бар күш-жігерін аямай жұмсады. Ол ең алдымен капиталистік әлемге кеңес халқының қысқа мерзім ішінде тың эпопеясын іс жүзіне асырып, көптеген көрсеткіштер бо­йынша Американы басып оза алатынын көрсетпек болды. Өзі билік басында отырған кезде ол 6 рет Қазақстанның тың жерлеріне келіп қайтты.
Хрущев осы жылдарда партия, кеңес және шаруа­шылық қызметкерлеріне де тыным бермеді. Тыңға байланысты Орталық Комитеттің, Министрлер Кеңесінің шешімдерінде, түрлі хаттары мен жеделхаттарында шек болмады. Бұған қоса, бірінші хатшы Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі тапсырмаларының қалай жүргізіліп жатқанын өзі арнайы келіп тексеріп тұрғанды қалады. 1954 жылдың мамыр айының ортасында ол бірінші рет республиканың тың аймағын келіп аралап көрді. Сосын екі күндік сапарының қорытындысы бойынша 4 маусым күні СОКП Орталық Комитетінің президиумына «Қазақстанға сапардың кейбір ескертпелері» деген жазба түсірді. Бұл жазбасында ол республиканың далалық өңірлерін «Бұл – бір ұшы-қиырсыз жатқан теп-тегіс жазық» деп жазды. Ол сонымен бірге көптеген алқаптарда жер жыртудың сапасы төмен екенін айта отырып, тың жерлердің агротехникалық талаптары бұзылып жатқанын атап көрсетті.
1955 жылдың қаңтар ­айында Хрущев тың игеру­дің барынша баяу жүріп жатқанын айтып, тағы дабыл көтерді. Бірақ қырсық шалғанда, сол жылдың жазында қатты құрғақшылық болды. Сөйтіп тың жерлерге себілген жаздық бидай алқаптары түгелге жуық кү­йіп кетті. Тыңгерлердің басым бөлігі бұрынғысынша үлкен тұрмыстық қиындықтарды бастан кешіп, шатырлар астында тұрып жатты. Мысалы, 1955 жылдың 1 қазанына Одақтың Құрылыс министрлігі жоспарланған 11500 үйдің тек 568-ін ғана салып бітірді. Мұның өзі мыңдаған тыңгерлердің келген жерлеріне қайтып кетулеріне апарып соқтырды.
Осы тұста Хрущевтің тың игеру эпопеясына байланыс­ты наразылық білдірушілер Қазақстанда ғана емес, Мәскеудің өзінде де көріне бастады. Олар дәстүрлі жер игеру тәртібі бұзылғанын, мұның соңы түбі бір апатқа апарып ұшырататынын алға тартып, Никита ­Сергеевичке «ұшқалақ» деген ат таңды. Сол кезде бірінші хатшының қызметтік жағдайы да біраз теңселіп кеткендей болып тұр еді. Бірақ Хрущев бұл тұйықтан да шыға білді. Ол мұны тың жерлер қатарын күрт ұлғайта түсу арқылы шешіп кетті. Бұл – бір. Екінші жағынан, сол уақытта табиғаттың өзі Хрущевтің жағына шығып кеткендей болды. Себебі 1956 жыл барынша жаңбырлы болып, бидайдың жақсы өсуіне жол ашып берді. Сол жылдың күзінде Қазақстан өзінің тарихында бірінші рет мил­лиард пұт астық берді.
Тың эпопеясы осылай жалғаса берді. Ақмола Целиноградқа айналып, үлкен өлкенің бас қаласы болды. Тың игереміз деп сырттан ағылып келген нөпір халық Қазақстанның солтүстік және орталық бөлігіндегі демографиялық ахуалға айтарлықтай әсер берді. Бұл енді басқа бір әңгіменің тақырыбы.

Расул АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button