Басты ақпаратҚала тіршілігі

ТЫҢ ҚАЗАНДЫҚ ТАРЫҚТЫРМАЙДЫ

Елорданың өсiп-өркендеуi, қарқынды құрылыс жұмыстары және соған сәйкес электр қуатын тұтыну көлемi ұлғайды. Мәселен, 2000 жылдан 2009 жылға дейiнгi кезеңде Астанада жылу энергиясын пайдалану 43 пайызға, ал электр энергия­сы 53 пайызға артқан. Бүгінде қаланың қолданыстағы энергия­мен қамту жүйесiнiң қажеттiлiгiн арттыру уақыт талабынан ту­ындап отыр. Құрылысы 2008 жылы басталған 2-ЖЭО жаңа су жылытатын қазандық 25 қыркүйекке дейін іске қосылады деп күтілуде. Ал жылу маусы­мы басталғанда ол пайдалануға берілетін болады. Өткен аптада Президент Нұрсұлтан Назарба­ев осы стратегиялық нысанның дайындық барысымен танысты.

Бұл қазандық қаланың тұрақты дамуына, сондай-ақ елорда аумағындағы индустриялық жобалардың өркендеуiне серпін береді. Жобаның жалпы құны – 33 миллиард теңге. Қазандықтың көзделінген қуаттылығы – 480 Гкал-сағ. Мұнда орналасқан төрт жылыту қазандығының әрқайсысы 120 гигокалорийға тең. Осы уақытқа дейін қала тұрғындарына 70 градуспен ыстық су берілсе, алдағы уақытта 150 градусқа дейін көтеруге мүмкіндік бар. Энергетикалық нысан пайдалануға берілгеннен кейін, Астананы сапалы жылумен қамту талабы жақсарып, жылуға деген тапшылық азаятын болады.

Жалпы, бас қалада жыл сайын бірнеше нысандар бой көтереді. Әлі салынатын талай құрылыс жо­балары бар. Сондықтан, жылудан таршылық көрмеу үшін 2013-2015 жылдарға қарай, қуаты 240МВт энергияны өндіруге жететін тағы бір станция салынады. Мұндай ауқымды жобаларды іске асыру экономикалық және әлеуметтік салаларды дамыту үшін де үлкен серпін беретіні болжалып отыр.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button