Мәдениет

Тыңдаушылар спектакль тамашалады

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мемлекеттік мекемесінде қазақ тілі курсын дамыта оқып жатқан В1 деңгейіндегі тыңдаушылар Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына барып, көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» спектаклін тамашалады.

«Тыңдаушыларды театр сахнасына апарудағы басты мақсат – қазақ тілін тереңдете оқып жатқан тыңдаушылардың әдеби тілде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, ақын-жазушылардың қазақ прозасына, поэзия әлеміне қосқан сүбелі үлесін насихаттау, сахнада актерлер шеберлігін көріп, оқыған дәрістері бойынша көріністер қоя білуге үйрету, шығармашылық қабілетін шыңдау» дейді осы көрсетілімді ұйымдастырушылар.

«Руханият» мекемесіндегілердің айтуынша, қазақ тілінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосатын ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеу, ана тілімізді кіршіксіз сақтайтын, оны келешек ұрпағына мұра етіп қалдыра алатын, қазақ тілінің көсегесін көгертетін тыңдаушыларды дайындау да қаперге алынды.

Тыңдаушылар қазақ әдебиетіне түйдек-түйдек сөз оралымы мен соны теңеулерімен келген Оралхан Бөкейдің махаббаттың, романтиканың шебері екенін театр сахнасы арқылы көзбен көріп, көңілге түйді. Кез келген шығармасы адамды тылсым оқиғаға, сезім әлеміне жетелеп отыратын жазушының «Ұйқым келмейді» әңгімесі өмірдегі адамзат баласын ұстап тұратын негізгі күш махаббат екенін тағы да дәлелдеді. Тыңдаушылар спектакльді тамашалап, алдағы сабақтарға тың серпіліспен қатысатынын айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button