Қала тіршілігі

Тынымсыз бөлімшенің тынысы

Астананың Есіл ауданы өзге аудандарға қарағанда тыныш әрі әкімшілік құқықбұзушылық көп кездеспейді. 105 мың халқы бар аумақты №13 полиция бөлімшесі жіті қадағалайды. «Журналист мамандығын өзгертеді» акциясы аясында инспекторлардың  жұмысымен танысудың сәті түсті. 

Астанада тәртіп болуы тиіс.

Елбасы Жолдауында: «Біз ең ұсақ құқық­бұзу­шылықтар – бұзақы­лықпен, мәде­ниетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді» деген еді. Сондықтан, қо­ғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап тиісу, тұрғын жайларды, ортақ пайдалану орындарын, сая­бақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды шығару және қоғамдық тәртіпті, жеке тұл­ғалардың тыныштығын бұзатын іс-әрекеттер «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодекстің 330-бабымен «ұсақ бұзақылықтар» деп белгіленген.
Жалпы, келеңсіз жайттардың көбі тұрмысы төмен аудандарда орын алады. Осы орайда қаладағы «Технопарк», «Текстильщик» секілді аумақтар ішкі істер органдарының назарынан сырт қалған емес. Әсі­ресе, «Сынған терезе» жобасы ар­қылы қадағалануда. Полиция қыз­меткерлері «Мұндай бағдарлама арқылы қоғамдық тәртіпті сақтау, ұсақ құқықбұзушылықты анықтау әлдеқайда тиімді» дейді.

№13 полиция бөлімшесінің аға инспекторы Азамат Оспановтың айтуынша, осы уақытқа дейін Есіл ауданы тұрғындарынан 5600 арыз қабылданыпты.
– Кезекшілік бөлімде отырған жігіттердің бірі арыз-шағым қабыл­дап, оны тіркеумен айналысса, енді бірі бақылау камералары арқылы құқықбұзушылықтың алдын алады. Аудан бойынша 112 камера бар, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі үшін 12 тұрғын үйдің ауласына да бейнебақылау қондырғылары ор­натылған. Егер, келеңсіз жайды бай­қап қалсақ, жедел түрде оқиға орнына автопатруль жібереміз, – дейді Азамат Оспанов.

Негізгі бағыттың бірі – тіркеуде тұрған азаматтарды үйіне барып тексеру. Түрмеде жазасын өтеп келгендер мен ішкілікке салынғандарды учаскелік инспекторлар күнде бел­гілеп отырады.

Бөлімшеге қарасты «Заречный» кентінде мұндай жандар көп. Осы кезде полиция бөлімшесіне Виктор есімді азаматқа қатысты көршілерінен шағым келіп түсті. Дереу көлікке отырып, сонда бардық.

– Жасы келген адам ішкілікке салынған. Күнде көршілерінің мазасын алады. Бірнеше мәрте емдеуге жібердік, қайтып келгеннен кейін ескі әдетіне басады. Өзі жалғыз тұрады. Туыстарының бәрі сырт айналған. Кейде достарын жинап алып ішеді. Бірінші қабатта тұратындықтан, сол кіреберістегі тұрғындар кішкентай балаларын сыртқа жіберуге де қор­қады. Күнде барып тексермесек, бірде­ңені бүлдіріп, айналасына зиян тигізуі ықтимал» деді бізбен әңгіме барысында полиция капитаны Алмас Ибраимов.

Учаскелік инспекторлар үйге кі­ріп мән-жайды анықтады. Тағы да ішіп алған екен. Жалғызбасты кісіні қарттар үйі де алмайтын көрінеді. Себебі, туған-туыстары Астанада тұрады.

Одан әрі қызметкерлер осы ма­ңайдағы жұмысшылар тұратын жа­тақхананы тексеруге кірісті. Әр­бір үйге бас сұғып, қандай да бір мәселе туындаса хабарласуын сұрады. Айтпақшы, соңғы кезде учаскелік полиция инспекторлары пәтерін жалға берушілермен күресті бастап кетті. Сол жағалауда 30-ға жуық үй иесі анықталып, мемлекетке салық төлемей жалға беру кәсібімен айналысқандардың үстінен әкімшілік іс қозғалуда. Бәріміз де пәтер жалдап тұрамыз, ертең үй иелері жалға беру бағасын қымбаттатса, соңында халық қиналып қалмай ма деген ойымызды да жасырмадық. Олардың айтуынша, әсіресе, жеңіл жүрісті қыздарға пәтерін жалға берушілердің жазасы жеңіл емес. «Номад» тұрғын үй кешенінде тұратын бір кісі пәтерін осылай жалға беремін деп, басы «пәлеге» қалған көрінеді.

«Заречный» кентіндегі тұр­ғын­дарды тексеріп шыққаннан кейін, инспекторлар бөлімшеге келіп құжат толтыруы қажет. Жолда «Анвар» супермаркеті алдында бір топ жігіт әңгіме-дүкен құрып, темекі тартып тұр екен. Кенет біреуі темекі тұқылын отырған жеріне тастай салды. «Міне, Есіл ауданында темекі мен шемішке қабығын отырған жеріне тастай салатындар бар. Дәл жанында тұрған қоқыс шелегіне салуды білмейді. Қала көшелері осындай ұсақ тәртіп бұзушылықтың салдарынан ластанады» дей келе, әлгі жігіттің құжатын сұрап, хаттама толтыруға кірісті. Сауран көшесінің тұрғынымын деп таныстырған ол мұндай әрекетке бірінші рет барып отырғанын айтып, кешірім сұрап ақталды. Бірақ, қызметкерлер жанындағы өзге серік­теріне сабақ болсын деп, әлгі жігітті бөлімшеге алып келді. Осы жерде тиісті құжаттар толтырылды. «Хаттама сотқа жөнелтіледі. Сот шешімі шыққаннан кейін 15 тәулік ішінде 3 айлық есептік көрсеткішті құрайтын айыппұл төлейсіз» деп әлгіні жөніне жіберді.

Жалпы, «Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы» кодексте айыппұл мөлшері 4000-17000 теңге аралығын құрайды. Немесе 10-15 тәулікке қамауға алынады. Егер азамат қоғам­дық орында спиртті ішімдік ішсе, оған 336-бап бойынша 3000 тең­геден жоғары айыппұл салынады. Темекі тартса, 8000 теңгеге дейін, ал ты­ныш­тықты бұзса, 333-бап бойынша 3000-8000 теңге аралығында айыппұл салу көзделген.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button