Мәдениет

«Тырау-тырау тырналар»

_W0Y9810

Күні кеше көрермендер күнтізбені кері парақтап, қырық бірінші жылдарға тап болғандай күй кешті. Өйткені, елордалық Жастар театры М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында өткен шақтың өшпес елестерін қайта тірілтіп, «Тырау-тырау тырналар» драмасын қойды. 

Оны Сәкен Жү­нісовтің «Жаралы гүлдер» пьесасының негі­зінде режиссер Нұрқанат Жақыпбай сахналады. «Сәкен Жүнісов бұл пьесаны Жеңістің отыз жылдығына арнап жазған болатын. Алғаш рет Ғабит Мүсірепов атындағы
балалар мен жасөс­пі­рімдер театры қойды. Театрға енді аяқ басқан жас актер едім. Бақыттың есейген шағын ойнадым. Сол есіме түсті де, дра­маның қою формасын өзгертіп, Жеңістің жетпіс жылдығына орай сахнаға шығарғым келді. Мысалы, Қазақстаннан 5118 әйел соғысқа қа­тысқан екен. Бұл өте көп қой. Сол себепті спектакль соңында бүкіл ауылды соғысқа аттандырдым. Пьесада ол жоқ. Жалпы, эмоциялық әсер беруге басымдық бердік. Өйткені, көрерменнің жан-дүниесін қозғап, қандай да бір күйге келтірмесе, ол өнерге жатпайды» дейді режиссер.
Труппаның бұл мақсаты үдеден шықты. Сүйгендері жырақта жүрген әйелдердің «Шилі өзен» әнін салып, майданда жүрген ерлері сахнаның ар жағынан «Шилі өзен қамыс-ай, бізді ойлай жүр, таныс-ай» деп қосыла шырқаған дауыстарының жаңғырығы естілгенде, екі жақтың сағынышына сүйсініп, аман-есен көрісулерін тілейсің. Ал, Ақан Серінің «Қараторғайы» хормен орын­далғанда, тіпті, денең түршігіп, тыны­сың тарылып, зарлатып жеткен қаралы хабардан көзге жас үйіріледі.
Спектакль соңына дейін актер­лердің дауыс ырғағы, іс-қозға­лысы, бет-жүзінің мимикасы шына­йы­лықтан мүлт кетпеді. Әсіресе, Ме­йірғат Амангелдиннің басты кейіп­кер – бала Бақыттың рөліне сәтті таңдалғанына көзіміз жетті. Әкесін көргісі келіп жылайды, жалғыздықтан қабырғасы қайыса қайғырады, бірақ тыраулап ұшқан тырналар легіне арман-тілегін жолдап, келешекке зор үмітпен көз тігеді.
Ал, соғыс уақытында Қазақстанда тұрған коммунист немістердің жағдайы не болған десеңізші? Неміс баласынан доп сатып алып ойнап жүрген Аплаш пен Балташқа қаны басына шауып ызаланып, Бақыт «немістің добынан қолым таза!» деп оны бар күшімен бір тебеді. Мектепке орыс тілінен сабақ беруге келген неміс Эмма Тауридке балалар өштікпен қарайды. «Неміс, неміс, колбаса, мен турайын, сен аса» деп басталатын шумақтарды мәз болып оқиды. Осының бәрі Сәкен Жүнісовтің көркем шығармасына өзек болған өмірлік көріністер екен. Оны жазушының жерлесі Майра Шөкен апамыз айтты. «Премьера керемет өтті. Залда отыр­ғанда естеліктер көз алдымда жаңғырды. Сәкен аға еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ғой. Бұл шығарма мектепте көрген оқи­ғаларының көркемдік жиынтығы секілді. Автор прототиптердің фамилиясын өзгерткен. Эмма Ивановна деген неміс тілі пәнінің мұғалімі, Карл Федорович мектеп директоры болған. Әлгі балаң тақпақтарды да айтып жүретінбіз. Өздеріңіз көрдіңіздер, спектакльде жазда келген қаралы хабарды күзде ғана естіртті. Кезінде жұмыс тоқтатпау үшін солай істелгені де рас» дейді Майра апа.
Сұрапыл жылдардың тарихын оқып, естіп те жүрміз. Қан майданда шайқасқан аталарымызды мақтан тұтамыз. Бірақ, бейбіт заманның адамдары, біз, өткенді көзбен көр­мегендіктен, соғыстың зарлы зардабын көңілге жақын қабылдау қиын-ақ. Сонау артта қалыс қалғанды «Тырау, тырау тырналар» қиқуы сезіндірді…

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button