Мәдениет

ТYРКI ТАРИХЫНЫН ТYРIЛМЕЙ ТYР ПЕРДЕСI

ERA_7969

Өткен жұмада халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен түбі бір туысқан халықтардың тарихшылары, антропологтары, ұлт жанашырлары Астана төрінде бас қосты. Олар алдымен Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан, Түркі академиясының тың жәдігерлермен толығып, қайта жаңғыртылған музейін тамашалап, жоғары бағаларын берді. Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі рухани орындағы экспонаттардың тоқсан пайызы жаңартылғанын айтады. «Музейге түбі бір түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін, түркі өркениетінің адамзат өркениетіндегі орнын көрсететін құнды жәдігерлер қойылған.
Түркілер жауынгер болған, сондықтан, олардың қару-жарақтары, әбзел-саймандарымен қатар мемлекеттілік үдерісін көрсететін мөрлері, киімдері, әртүрлі әшекейлері осы мұражайда орнын тауып отыр» деді Дархан Қуандықұлы. Академия басшысы атап өткендей, алдағы уақытта да музей құнды жәдігерлермен толыға береді. Жалпы, бұл музейдің ерекшелігі – төрт мемлекетке ортақ. Себебі, аталмыш академияны Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттері бірге құрды. Болашақта музей осы елдермен қатар, Сібірдегі түркі халықтарының экспонаттарымен толықпақшы.
Түркі тілдес мемлекеттерден жиналған тарихшы-ғалымдар салтанатты рәсімнен кейін «Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына қатысты.
Тамырымыз – тереңде, түбіміз бір екенін, ертеңіміз де елдіктің, бірліктің арқасында жарқын болатынын кеңінен әңгімелеген ғалымдар жиын соңында академия шаңырағының астында ұдайы бас қосып отыруға уағдаласты. Ұзақтығы үш сағаттан асып жығылған жиынға қатысушылардың баяндамалары мен сөздерін ықшамдап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік…

 

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі академиясының президенті:

– Халықаралық түркі академиясы құрылған сәтте бізге түркі халықтарына ортақ тарихты жазу міндеті жүктелгені есімізде. Алайда, жекелеген мемлекеттер, ғалымдар тарапынан жақсы дүниелер жазылғанымен, бірнеше ел бірігіп, тізе қосып, ауқымды тарих оқулықтарын құрастырған жоқ. Сондықтан, біз Еуразия кеңістігіндегі жалпы түркі халықтарының тарихын тұтас қамту мақсатында Түркі кеңесінің арнайы жобасын бастаған едік. Осы жоба аясында және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ғана Ұлытауда берген тарихи сұхбаты негізінде түрлі мемлекеттердің тарихшыларын дөңгелек үстел басына жинағанды жөн көрдік. Президент жоғарыдағы сұхбаты барысында Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүрдің үзілмей, жалғасып келгендігін, ғұндардан бастау алған осы үдерістің көк түріктер, Алтын орда арқылы сабақтасып, Қазақ хандығына жеткендігін жақсы айтты. Бұл да біздің жұмысымызға серпін беріп, бағытымызды айқындай түседі деп ойлаймын.

Әділ Ахметов, Түркі кеңесі ақсақалдар алқасының қазақстандық мүшесі, Түркі академиясы дін және терминология орталығының жетекшісі, академик:

– Бұл басқосу, меніңше, дер кезінде ұйымдастырылуда. Дархан айтқандай, Елбасы тарихымызға қатты мән беруде. Ол қазақ тарихына қатысты сөздерін Ұлытауда бекер айтқан жоқ. «Тарих жылы, тарихи сананы қалыптастыру» сынды ұғымдарға да айрықша көңіл бөлуде. Бұған Мемлекет басшысының өзі де, тарихшы ғалымдар да атсалысып жатқанын айтуымыз керек. Өйткені, «Бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау алады», «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дейді ата сөзі. Бұл – «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні». Неге? Ұлтқа төнетін қауіптер бар себебі. Оның ішінде сыртқы қауіп – өте қатерлі. Бәрімізге аян, «Қазақтың мемлекеттігі жоқ» деп жүр біреулер. Бұл жерде тек қазақтарды ғана емес, қырғыздарды да, түркімендерді де айтуда. «Бұл ұлттардың көзін біз ашқанбыз» деуге де жақын қалды. Мұны көрші елдердің сайқымазақтары ғана айтып бастап еді, енді басшыларының да аузынан естіп қалып жүрміз. Осындай аяқ астынан шаптан түртетін әңгімелер намысымызға тиеді және қайрайды. Оларға қоғам болып көзқарасымызды білдірмесек, кім болғанымыз? Алайда, біз алпауыт империяларды күшпен ала алмаймыз, оларды ақылмен, ғылыммен басуымыз керек.

Оразақ Смағұлов, Ұлттық ғылым академиясының академигі:

– Адам баласының тарихын, мәдениетін, тілін, ділін, дінін уағыздайтын – тек қана адам. Олай болса, адамның тарихы, биологиялық, генетикалық, морфологиялық, физиологиялық келбеттері қалай пайда болды? Көне заманнан басталған эволюциялық динамикасы бүгінгі халықтарда қаншалықты деңгейде сақталды? Мен соңғы жарты ғасырдың шамасында Қазақстанда өмір сүрген адамдардың қаңқа, бас сүйектеріне, жоғарыда аталған ерекшеліктеріне, нәсіл, тектеріне біршама зерттеу жүргіздім. Көптеген нәтижелерін Жапония, Қытай, Үндістан, Түркия, Италия, Германия, Франция, Америка сынды елдерде өткен халықаралық конгрестерде айтып, антропологтармен, генетиктермен, басқа да сала мамандарымен пікір алыстым. Айтайын дегенім, осы елімізде, жерімізде төрт-бес мың жыл бұрын ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың жерлеу дәстүрі бүгінге дейін сақталып қалған. Ал, славян халқы VII, VIII ғасырға дейін адам сүйегін өртеген.

Бес мың жыл бұрынғы адамдардың бейне-жүздері қандай болды? Олар көне тектес европеоидтер болды. Пиреней түбегінен Испанияның батысына дейінгі аумақты мекен еткен олардың бүгінгі европеоидтерге еш қатысы жоқ. Сол адамдардың қоңқақ мұрын, тайқы маңдай, дөңгелек жүзді келбеті темір, қола дәуіріне дейін жақсы сақталған. Біз айтып жүрген Сақ тайпасының ерекшеліктері сонша мың ғасыр бұрын Қазақстанда өмір сүрген адамдарға тоқсан пайыз ұқсайды. Ал, біздің заманымыздан бес ғасыр бұрын шығыстан азиат тектес тайпалар келіп, араласып, құраласып, бет-бейнелеріне он бес пайызға дейін әсер қалдырды. Сонда он бес пайыз кірмелік жасаған тайпалар Отанында отырған тоқсан пайыз тайпаның мәдениеті мен дінін өзгерте ала ма? Әрине, жоқ. Яғни, осыдан екі мың жыл бұрынғы ата-бабаларымыздың діні де, ділі де бір текті болған. Түркі тілдес ұлттардың да тілі сол шамада қалыптасты. Қазіргі қазақтардың генетикасында осыдан төрт мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың отыз пайызға дейінгі ерекшеліктері сақталған. Бұдан ұлтымыздың төрт мың жылдық тарихы бар деген қорытынды шығарып, әлем алдында да жар салуымызға болады. Қытай, парсы деректеріне мән бермей, қысыр әңгімелерді елемеуіміз керек.

ERA_7896

 

Ахмет Ташағыл, Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:

– Түркі қағанаты дегенде нені айтамыз? Бұл туралы көп айтылып, жазылып жүр. Біз мұны түркі халықтарына үлгі мемлекет деп ойлағанымыз жөн. Өйткені, Түркі қағанатының басқару жүйесіне қарасақ, онда жиырма сегіз-жиырма тоғыздай атақ болғанын байқаймыз. Яғни, бұл – жай мемлекет емес. Тағы бір қызығы, Еуразияда мекен еткен халықтардың бәрі сол кезде Түркі қағанатының құрамына енген. Қытай деректеріне сүйенсек, Қытай қорғанының сыртындағы барлық халық Түрік қағанатына бағынған. Ал әскери жүйесіне келсек, қағанаттың армиясын басқарғандар алғашында «шор» деп аталды. Оларда 680 жылдарда-ақ кәдімгі ереже қалыптасып үлгерді. Әскери жүйе екі бөліктен – атты әскерден және жай тартатын жауынгерлерден құралды. Бұл да ұлан-ғайыр даланы тізе бүктірген әскердің ерекшелігін көрсетеді. Қорғаныс мықты болса, мемлекет те өркендейді. Екеуі параллель дамитын дүние. Түрік тарихына үңілсек, биліктегі адамдардың ауызбіршілігі бұзылғандығынан әскердің де күйрегенін көреміз.

Мен 540 жылдан бастап 941 жылға дейінгі қытай деректерін зерттедім. Сонда байқағаным, түріктер соғыс барысында жайдан-жай жеңілмеген, тек алданған кезде ғана есе жіберген, шығынға ұшыраған.

Әрине, Еуразия даласының алғашқы үлкен мемлекеті – Ғұн империясы. Оны Түркі қағанаты жалғастырды. Өкінішке қарай, ғұндар жайында түрік тілінде жазылған мәліметтер аз болғандықтан, бабаларымыз туралы көп нәрсе біле алмаймыз. Қазақ хандығын да Түркі қағанатының жалғасы деуге әбден негіз бар. Бұған нақты дәлелдер де, деректер де жеткілікті. Тек тарихшыларымыз тізе қосып жұмыс істеп, зерттеп-зерделей білуі қажет.

 

Қадірәлі Қоңқабаев, «Манас» қырғызүрік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:

– Мен түркі даласын, түркі мемлекеттерін аралай жүріп, мынадай ойға келдім. Біз ежелгі бабаларымыздың өркениетін, жолын бірге саралап, кешенді экспедициялар ұйымдастырып, үлкен еңбектер жасауымыз керек. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ, ІІІ ғасырдан ХІІІ ғасырға дейін Еуразия даласын жайлаған бабаларымыз он беске жақын мемлекет құрған екен. Осы мемлекеттердің дәстүрі ешқашан бұзылмапты. Бір өкініштісі, біз, әрбір түркі тілдес ұлт, сол мемлекеттерге таласумен келдік. Алайда, ғұндардың ұрпағы түркілер екенін, Қарахан мемлекетінің мұрагері қарлұқтар екенін мойындай білуіміз керек.

ERA_7930

 

Нәбижан Мұхамедханұлы, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:

– Қытай деректерінде түркі атауына қатысты мәліметтер VI ғасырдан ХІІ ғасырға дейін жалғасқан Таң патшалығының тарихында «түркі» деген есіммен жазылыпты. Айта кетерлігі, «түркі» атауы қытай деректеріне түскенімен, кездейсоқ пайда болған жоқ, ол – ғұндардың жалғасы. «ХІІ ғасырдан кейін түркі атауы қытай деректерінен не үшін өшіріліп қалды?» десек, сол ғасырдан соң түркі этностары Еуразия сахарасында түрлі трансформацияға түсті де, түрлі кіші қағандықтар пайда болды. Сондықтан, Найман, Керей хандықтары сынды мемлекет құрған аты бойынша жазылып кетті.

Жалпы, түркі дүниесі жайында жазылған Қытай деректері өте көп әрі мазмұны да бай. Мұның бірінші ерекшелігі, Қытай ғалымдары бұл сөзімізге келіседі, екіншіден, дереккөздер мәліметі дәлме-дәл жазылған, дәуір жалғастығы бар, уақыты анық. Үшіншіден, уақиға толық баяндалған. Сол дереккөздерге сенсек, Түркі қағанатының құрылған жылы 552 жыл екені анық айтылады. Ордасын Орхон өзенінің жоғарғы ағысындағы Өтеген тауына тіккені көрсетілген.

Ал бұл деректерге қытайдың түркітанушы ғалымдары қалай қарайды? Мәселен, профессор Ма Шаң Шудың тұжырымы мынадай: «552 жылдан 583 жылға дейінгі отыз жыл ішінде түркілер Азияда ең күшті әрі едәуір біртұтастанған мемлекет құрды. VI ғасырға дейін моңғол даласындағы ғұндардан басқа әрбір қағандық Орталық Азияға қарай экспансия жасады. Бірақ олардың ішінде моңғол даласы мен Орталық Азия сахарасын және батыс өңірдегі отырықшы елдерді біріктіріп, бір мемлекет құрғаны кемде кем. Бірақ Түркі қағанаты құрылғаннан кейін моңғол даласы мен Орталық Азия сахарасын және батыс өңірдегі қалалық елдерді біріктіріп, бір мемлекет құрды. Олардың біріккен уақытының алды-арты бір ғасырға созылады» дейді. Сонымен қатар ол қағанаттың ең күшейген тұсын 572 жыл деп көрсетеді. Сүй әулеті мен солтүстік Жу әулетіне түркілер өте үлкен қауіп-қатер төндірген кезде алтын ханшаларын беріп, шабуылынан сақтанғандарын жеткізеді.  Ма Шаң Шу профессордың бұл сөздері Түркі қағанатының тарихы жүз жылға созылатынын дәлелдейді.

Енді Түркі қағанатының бөлшектенуіне қандай себептер түрткі болғанын айтайық. Мұнда биліктің тым тарқақ болып, билікке таластың белең алуын атап айтқан дұрыс. Екіншіден, Сүй әулетінің алысқа шабуыл жасап, жақынмен байланысып, күштілерді бөлшектеп, әлсіздермен бірігу саясаты үлкен рөл ойнады. Үшіншіден, қиыр шығыстан Каспийге дейінгі ұлан-ғайыр даланы мекен еткен түркілердің экономикалық тұтастығы жақсы сақталған жоқ. Сондықтан қағанат шығыс, батыс болып бөлінді. Бөлінгенімен, басқалай атаулармен жалғаса берді. Осыған орай, түркі мемлекеттерінің тарихи сабақтастығын жүйелі түрде зерделеп, саяси бұрмаланған тұстарын сыпырып тастап, негіздеу қажет.

 

Сатай Сыдықов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:

– Мемлекеттік идеология Түркі қағанатында да болды. «Отыкен қойнауында отырсаң, сен мәңгі ел тұтып отырар ең» деген Күлтегін жазуында бар. Бұл – мемлекеттік идеология, жай жазу емес, халыққа үндеу. Мұны түрколог Лев Гумилев та, Олжас Сүлейменов те қолдады. Мемлекеттік идеология түркі дүниетанымынан басталса, кейін Қарахан мемлекетінде толық қалыптасты. Өйткені, әл Фараби өзінің шығармалары арқылы «Мәңгілік ел» идеологиясының теориялық, методологиялық негізін жасады. Мұны біздің Елбасының қолдап отырғаны да бекер емес. Тағы айта кетерлігі, Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» кітабы арқылы Қарахан мемлекетінің бүкіл ата заңын жазып берді. Ол әр әлеуметтік топтың, таптың міндеттері мен орнын анық көрсеткен. Бұл «Мәңгілік ел» мемлекеттік идеологиясы кейін Қазақ хандығында, тәуелсіз елімізде жалғасын тапты.

 

Саруул Ишжамц, Моңғолия орталық архив басқармасының басшысы, тарих ғылымының докторы:

– Мен ең алғаш Қазақстанға архив мәселесімен ат басын бұрып едім. Бір қызығы, мұндағы замандастарым маған ата-бабаларымыз, арғы тегіміз жайында көп сұрақ қойды. Содан-ақ екі ұлттың арасында ортақ мәдениеттің, дәстүрдің сабақтастығы бар екенін ұғындым.

Менің балалық шағым Моңғолияны орыс мемлекеті билеген тұсқа тап келді, біз өз тарихымызды билеуші елдің тарихшылары жазған оқулықтардан оқыдық. Кеңес дәуірінде дұрыс тарихты айтуға тырысқан бізді де отаршыл елдің шолақ белсенділері ылғи тоқпақтаумен болды. Айтулы, білікті ғалым азаматтарымызды партияның жиналысына салып, тағдырларын тәлкекке ұшыратты. Қазір уақыт басқа, заман өзге, өз тілімізде еркін сөйлейміз, тарихымызды еркін айтамыз, ешкім жазаламайды. Тарихымызды да, мәдениетімізді де, құндылықтарымызды да ілгерілете алатын дәрежеге жеттік.

Әлем халықтары өздерінің құндылықтарын ұзақ ғасырлар бойы сақтап, бүгінге жеткізді. Соларға үңіліп қарасақ, алдымен тәуелсіздіктерін, ұлттық мәдениеттерін және тарихын көреміз. Сондықтан осы мәжілісте де ылғи рухани дүниелердің айтылғанын, қолдау тапқанын қалаймын. Басты құндылық – егемендік пен мемлекеттік бірлік емес пе? Ендеше, мен де бабаларымыздың мемлекеттік бірлікті қалай орындап келгенін айтқым келеді. Жаңа Әділ Ахметов дипломатиялық ауызбірлік мәселесін қозғады, соған қатты разы болдым. Моңғолия тәжірибесінде ел бірлігі мәселесін екі жікке бөліп қарауға болады. Біріншісі, ел бірлігінің орнап, қалыптасу сатысы. Екіншісі, ел бірлігінің дамуы, нығаюы, күшеюі. Моңғол тарихында түрлі тайпалар бір-бірін жаулап, айқасып жатқан кезеңдер өткен. Олар өзара алауыздықтың ұзаққа созылуынан ортақ мәмілеге келуді амал жоқтан ұғынған-ды. Ол тайпалардың қалай біріккені Шыңғыс ханның тарихынан бәрімізге белгілі. Онда Шыңғыс хан жауласқан тайпасымен антқа келіп, арақатынасын жақсартады. Тағы айта кетерлігі, Шыңғыс ханның өрлеп-өркендеуіне көшпелі тайпалардың қыз алып, берісу дәстүрі сеп болды. Ол осы салт-дәстүрлерді тайпааралықтан бастап, мемлекетаралық деңгейге көтерді. Ел бірлігін осылай ұйымдастыру ұлы мемлекетті жасақтауға бағытталған күш болды.

ХХ ғасырда ел бірлігіне сызат түскені рас. Яғни, хандық иеліктің іргесі сетіней бастады. Үлкен қағандық жойылып, кіші-кіші хандықтар пайда болды. Ұлы империяны құру қаншалық қиын болса, оны таратып жіберу соншалықты оңай құбылыс екен. Бұл тарихи жазбалардан аян. Жоңғар ұлысы деген бәрімізге таныс, олар әлемде кішкене империя орнатқаны айтылады. Алайда, ішінара ыдыраудан тез күйреді. Сондай елдердің тарих сахнасынан кетуі мәдениеттердің, дәстүрлердің жоғалуына алып келді. Қазір Моңғолияда да үш-ақ миллион адам өмір сүріп отыр, жерін де біреу алып қойған, бұған елдің алауыздығы жеткізді. Осындай мәселелердің алдын алу үшін, біз ортақ күш болып, бірлесе күресуіміз қажет.

 

Берекет Кәрібаев, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:

– Қозғалып отырған тақырыпты мынадай тезистер түрінде айтсам. Біріншісі, қазіргі кезде мемлекеттілікке қатысты қызығушылықтар тууда. Бұл ең алғаш ХІХ ғасырда, Еуропа мемлекеттері отар елдерді жаулап ала бастағанда пайда болды. Отаршыл мемлекеттердің гуманитарлық бағыттағы ғалымдары, философтары, тарихшылары өздерінің сыртқы саясаттағы әрекеттерін ақтауға тырысты. Олар отар елдерге прогресс алып бара жатқандарын алға тартты. «Отар елдердің тарихы, мемлекеттігі болған жоқ» деген теорияны дәлелдеп бақты. Гегельдің, Канттың бұл айтқандары кейін бүкіл еуроцентристік теорияларға негіз болды. Ол: «Көшпелілер өз бетінше мемлекет құра алмайды» деген. Мұны ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ресейлік тарихшылар да қолдады. Дегенмен, орта ғасырлық тарихта патша, хан, сұлтан деген ұғымдар жиі кездеседі. Осыдан кейін олар басқа теория ойлап тапты: «Көшпелі елдер қашан отырықшы елдерді жаулап алады, сонда ғана олар мемлекет құра алады».

Екінші, көсемдік теориясы – Шыңғыс хан құрған мемлекет – мемлекет емес, Шыңғыс хан – көсем, тұлға, ол өлгеннен кейін мемлекет ыдырайды. Дегенмен, ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарынан бастап көшпелі феодализм пайда болып, «Көшпелілерде мемлекет болуы мүмкін, көшпелі қоғам да мемлекет құра алады» деген теория шықты. Осының негізінде Қазақстан территориясында болған мемлекеттердің тарихы баяндала бастады. Ал Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстанда үлкенді-кішілі жиырма саяси құрылымдар, мемлекеттер өмір сүрген. Мұның бәрі – Қазақ хандығына дейінгі ізашар, тіпті, түп тамыры. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «Қазақ хандығы – Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет» дейді. Расында, Мауреннахр тұсында мемлекеттер болды, бірақ Өзбекстан кейін пайда болды, Тәжікстан да басқаша аталды әу баста…

Жазып алған: Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button