Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Тысын емес, мазмұнын өзгертейік

Жақында Әділет министрлігі туу туралы куәлікті қорғау талаптарына өзгеріс енгізілетін бұйрық дайындағаны туралы ақпарат шықты. Құжат 12 қыркүйекке дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған. Бұйрыққа сәйкес, туу туралы куәліктің бланкін қазақ ою-өрнектерін пайдалана отырып әшекейлеп шығаратын көрінеді. Бірақ мәселе туу туралы куәліктің қаптамасында, сыртқы көрінісінде емес, мазмұнында тұрғанын әлі күнге дейін ескермей келеміз.

Ең әуелі осы құжаттың атындағы «туралы» деген сөз артық, «туу куәлігі» десе жұрт толық түсінеді әрі қазір солай қолданып та жүр. Бұл – бір.

Екіншіден, бұл куәлік қазақ тілінің заңдылығына, ұлттық салт-дәстүрге бағындырып жасалмай, Кеңес Одағы кезіндегі үлгіні пайдаланып, алдымен тегін, одан соң атын, соңғы орынға әкесінің атын жазған. Әрине, бұл еуропалық дәстүр бойынша орынды сияқтанғанмен, біздің ұлттық менталитетімізге сәйкес келмейді. Өйткені қазақ ұғымы бойынша адамның алдымен аты, одан соң әкесінің аты, одан кейін барып тегі аталуы тиіс. Бұл мәселені 1924 жылы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» Алаш зиялылары көтеріп, сол күннен бастап қазақ тілінің заңдылығы бойынша ұлы/қызы деп жазуға келіскен. Бұрын есімінің соңына ов, ев қосып жүрген Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сол күннен бастап Байтұрсынұлы, Бөкейханұлы деп жазғанын олардың қолжазбаларынан көріп-біліп отырмыз. Оның үстіне, 1996 жылы қазақ кісі есімін қазақ ұлтының менталитетіне бейімдеп жазу туралы Президенттің бұйрығы да шыққан. Екінші тұрғыдан алғанда, туу куәлігін қазақы ұғымға бағындыра отырып жазсақ, ұғым шатастығы тумас еді. Мәселен, қазір мені көп жерде Ағылан деп шақырады. Себебі бірінші орында атым емес, тегім жазылғандықтан, жұрт мені Қалиакбар деп емес, Ағылан деп атауға әуес.

Үшіншіден, бұл қазақы дәс­түрге жат. Қазақтың келіндері ешқашан атасының атын атамаған. Оның астарында бүкіл ұлттың ұяты жатыр деп түсінді біздің қазақ. Сосын да әдепті қазақ келіндері ат тергеу ілімін қалыптастырған. Өкіншіке қарай, кеңес билігі осы бір ұлттық құндылығымызды бұзып, келіндерге атасының атын баттитып тұрып айтатын деңгейге жеткізді. Бұл үдеріс қазір де жалғасын тауып келеді. Өйткені қазір қайсы орынға барсаңыз да туу куәлікке қарап, фамилиясы бойынша шақырады. Бірде дәрігердің әйеліме «Мамасы, Үсемханды еміздің бе?» деп сұрап, ұяттан жерге кіргізгені бар. Өйткені реті бойынша баламның аты-жөні «Үсемхан Хақназар Қалиакбарұлы» деп жазылған. Егер Хақназар Қалиакбарұлы Үсемхан деп жазылса, жоғарыдағыдай ұятты жағдай болмас еді.

Төртіншіден, куәлікте ­«азамат (ша)» деп жазу дұрыс па? Өйткені «ша» жұрнағы әйел деген ұғымды білдірмейді. Ер мен әйел бірдей азамат болып саналатынын саналы жұрттың бәрі біледі. Оның үстіне қазақы кісі есімдерінен көбінде оның жынысы аңғарылып тұрады.

Қысқасы, туу куәлігі – бір адамның ең алғашқы құжаты ғана емес, одан сол ұлттың бітім-болмысы да аңғарылып тұратын маңызды куәлік. Ендеше оған қазақы ұғымға сай өзгерістер енгізетін мезгіл жетті. 30 жылда аты-жөнімізді дәстүрімізге сай дұрыстап жаза алмасақ, ол да елдігімізге сын!

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button