Қоғам

Уайымды үміт жеңу керек

«Тәуелсіздік бір күнде орнай қалған жоқ. Ешкімнің басына бақ бір күнде қона салмайды» деп басу айтады зиялы ағамыз бір мақаласында.

[smartslider3 slider=3123]

Рас сөз. Алайда байлық деген бір күнде қона салатынын, халқымыздың жерасты, жерүсті байлығы ту-талапайға түсетінін, Шерағаң (Шерхан Мұртаза) айтқандай, қарапайым халық «алтын сандықтың үстінде тыр жалаңаш қалды» деп жазғанын оқыған едік.

«Біреуге уайым баспана,

Біраздан жасы асса да,

Біреулер зәулім сарайдан,

Шығады күнде мастана» – деп қайраткер Бақтықожа Ізмұхамбетов жырлағандай, біреулер табан астында зауытқа, біреулер аяқ астынан фабрикаға, енді біреулер мұнай «качалкаларына» қожайын болып шыға келді.

Ол аз десеңіз, 30 жыл ішінде Қазақстандағы билік пен жайлы орынды иеленгендер қаншама байлықты жымқырғанын кім біледі? Яғни, «Мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген заң жоқ» деп Мәжіліс­те шырылдап сөйлеген депутат Шерхан Мұртазаның сөзін қолдаған бірде-бір әріптесі болған жоқ. Әсіресе, Білім және ғылым министрінің балалар үш тілді бірден  үйренуі керек деген сөзін ел түсінбеді. Сонда бірен-саран жазушы, ғалымдар болмаса жоғарыдан тапсырма алып, «ләппәй» тақсыр!» деп бас салып іске көшкен министр, білімнің «майын» ішкен академик әкесі Ахмет Байтұрсыновтың «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» дегенді біле тұра жөн сөзге құлақ аспағаны өкінішті болды.Шыдамның да шегі бар.

– Болсақ та байтақ

 елдің  ұландары,

Келеді заман бізді

сынап әлі.

 Жоғалта ала жаздаған

 тіл менен дін,

 Әлі де төрімізге шыға алмады» деп ақын жүрегі атша тулады. Жолдауда баяндалған өзекті мәселелердің кезек күттірмей шешімін табуды қажет ететіні – тіл мәселесі. Мұны осы бір ғасырдан астам уақыт бұрын ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп ескерткен болатын. Олай болса, баспасөз бетінде бірнеше мақала жазып жүрген тіл маманы академик Кәрімбек Құрманәлиевтің пікірін қолдағанымыз жөн. Расында да, тіл мәселесін шешуді созып алдық.

Ертеректе Эстонияда Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің апталығы өтетін болып, ішінде Қадыр аға бар Үкімет мүшесі бастаған делегация сапар шегеді. Сонда екі республика басшылары бас қосып сұхбаттасқанда Эстония Жазушылар одағының төрағасы қасына аудармашы ала отырып, өзі эстонша сөйледі. Онысы орысша білмегендігі емес, өздерінің ұлт, ел екендігін көрсеткені еді» деп жазады. Тағы бір мысал. Өткенде «Шалқар» радиосын қосып қойып, ҚСРО халық әртісі, киноактер Евгений ­Евстигнеев туралы әңгімеге құлақ түрдім. Жастық шағы соғыс жылдарына тап келіп, ленинградтықтар Өзбекстанға қоныс аударады. Өзбектер болса, орысша сөйлей алмайды, білсе де сөйлемейді, ал ол болса, өзбекше білмейді. Содан алғыр жас бір жыл ішінде маңдай терін төгіп, Өзбекстан радиосының өзбек тіліндегі дикторы болып «Тәшкәннан гәфірәбіз» деп шыға келеді. Міне, өзгелерге тілді үйретудің тәсілі. Ал енді Өзбекстандағыдай бүкіл іс қағаздары, құжаттар түгелдей мемлекеттік тілде жүргізілсе, тілді үйренбегенде қайда барасың? Мен айтар едім, өзге ұлтқа қазақ тілін үйрен деудің қажеті шамалы. Оларды өмірдің өзі мәжбүрлейді. Ал өзімізге талап қатаң болуы керек.

2003 жылдары мен Тараз қаласында тұрдым. Бірде облыста өткен бір жиналыста өңкей қазақ азаматтарының арасында облыс әкімінің орынбасары Александр Савченко деген қатысып отыр екен деп сөз сөйлегендер білсін, білмесін орысша сайрағанын естіп, басымызды шайқаған едік. Кейін ол сабазым Сенаттан бір-ақ шықты деп естідім. Енді не істеуіміз керек? Енді билік, атап айтар болсақ, үкімет, парламент, министрлік басшыларынан бастап балабақшаларға дейін мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Бүкіл іс-қағаздары, қаулы-қарарлар да мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Республикалық телерадиода «Біз қазақша сөйлейміз» деген цикл ашып, онда басшылардың отбасымен кездесіп, ана тілін қалай үйреніп жатқанын баяндап отыру керек. Хабарға қатынасатын басшылардың тізімі жасалып, оны жоғарыдан бекітуі тиіс. Сонда ғана бұл ісіміз алға басады, қазақ тілі қанатын кеңге жаяды деп ойлаймын.

Айтпаса болмайтын тағы бір мәселе бар. «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан кем емес» дейді Абай данышпан. Біздің бойымыз­дағы міннің бір-екеуі – жалтақтық пен немқұрайлылық. Сен тимесең, мен тиме бадырақ көзбіз. Оның дәлелі ретінде бір мысал келтірейін. Мәжілістің бір отырысында депутат Қорғаныс  министріне қазақша сауал қойды, жаңылмасам, орыс жігіті. Сонда министр мырза беті бүлк етпей орысша тіл қатты, ал депутаттардың бірде-біреуі  ескерту жасап, әріптестерін қолдауға шамасы келмеді.

Айта берсек, әңгіме көп. Бұл түрімізбен қалай жаңарамыз, қалай жаңғырамыз?

Таяуда «Егемен Қазақстанда» «Алаш ұранды ел болайық» деген жазушы  Төлен Әбдіктің мақаласы саналы азаматты тебірентіп, үлкен әсер қалдырды. «Билік Алашты мойындады». Мерейтойларын атады. Кітаптарын шығарды. Бірақ өмірімізге, ұстанымымызға, бағытымызға алтын арқау болатындай ұлттық идеямызға айналдырмады. Егер біз шын мәнінде «Жаңа Қазақстан» құрғымыз келсе, ұлттық идеяны айқындап алуымыз керек. Ол идея – Алаш идеясы» деп жазады қабырғалы жазушы. Жөн сөз. Уәжге түйе де шөгеді.

«Алдамшы екен

бұл жалған,

Бұл жалғаннан кім қалған?» – деп Марабай жырау толғанғандай, қартайған шағымызда жас ұрпағымыздың болашағы не болар екен деген ой маза берер емес.

Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ, тележурналист-публицист

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button