Сұхбат

Ербол ІРГЕБАЙ, Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектебінің директоры: ҰБТ – білімді тексеру құралығана

– Сәлеметсіздер ме?! Мен – Әбілқасымова Айгүл«Талапкер» ауылынан хабарласып тұрмын. Біздің ауылдан сіздің мектепте көп балалар оқиды. Кешкі уақыттарда автобуста адамдар толық болады, кейде тоқтамайды. Баламыз үйге келгенше алаңдап отырамыз. ЛПУ-ға бала әкелетін мектеп автобусын Талапкерге дейін жүргізуге боламай ма?

– Сұрағыңыз орынды. Мектепте оқитын әрбір баланың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі үшін біз жауап береміз. Бұл сұрақ бұрыннан көтеріліп жүрген мәселе болатын. Өкінішке орай, дұрыс жауабын әлі тапқан жоқ. Себебі, Талапкер, № 96айрық және МАИ бекеті Астана қаласы әкімдігінің аумағына жатпайды. 2011 жылғы 04 сәуірде Астана қаласы әкімінің «Астана қаласының әлеуметтік маңызы бар бағыттар тізімін бекіту туралы» № 24-255 қаулысы жарық көрді. Қаулы негізіне сәйкес қаладағы 10 мектепке автобус бөлініп, оның маршурты бекітілген. Сол себепті де «Талапкер», № 96 айрыққа дейін автобус жүргізуге мүмкіндігіміз жоқ.

–Әсел Иса – ата-анамын. Мектепте оқушылар формасын кию міндетті ме?

– Міндетті емес. Бірақ еркіне жібергенде дұрыс емес. 90-жылдарда бала қалай болса-солай киінді емес пе? Ұят дегенді ұмытып, кіндігін ашып, біз өкше туфли, тыртысқан шалбар киіп жүрді. Менің ойымша, жалпы бірыңғай форма балаларды тәртіпке жұмылдырады. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, мектептің ішкі ережесін оқушы сақтауы керек. Ал тәртіп бар жерде – білім де тәрбие де бар.

Екінші аяқ киім ауыстыруға неге мәжбүрлейсіздер, баланың мектепке апаратын жүгі онсыз да көп емес пе?

–Екінші аяқ киім тазалық үшін қажет. Мектеп қаланың ортасында емес, оқушы мектепке асфальтталған жолмен келмейді. Батпақ басады, ол мектептің ішін ластайды. Сондықтан, ауа-райы бұзылған мезгілде, күздің жаңбыры мен көктемнің лайсаң батпағында аяқ киім ауыстыруды талап етеміз.

– Қайырлы күн, Ербол Ісләмұлы! Мен –Гүлнар Бердімұратова  ағылшын тілін бастауыш сыныптан бастап оқытуға қарсымын. Сіздің ойыңыз қандай?

–Ойыңызды түсіндім. Бала өзінің ана тілін жетік меңгеріп алмай, өзге тілді қалай үйренеді дейсіз ғой. Ондай сарыуайымға салынсақ, әрине түкте болмайды.

Абай атамыз 25-қара сөзінде: «Орысша оқу керек… Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білген адамға дүние арзанырақ түседі»деп айтқан. Ол өз заманы туралы айтты, жаңалыққа ұмтыл, ізден деді. Бүгінгі таңда өзге елдермен тереземіз тең, иық тірестіріп тұру үшін ағылшын тілін білу керек. Бұл – заманның талабы. Абай заманында орыстың тілін қалай білу керек болса, бүгінгі таңда ағылшын тілін сол дәрежеде үйренуге күш-жігерді жұмсауымыз керек. Абайша айтсақ, «Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!»

– Мектеп Марғұлан есімін қашан алды және білім мекемесінде қандай жұмыстар жүргізілуде?

–2004 жылы Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Осыған байланысты 2005 жылғы 29 желтоқсанда Астана қаласы әкімінің шешімімен мектебімізге академиктің есімі берілді. Мектепте «Ұлылықты ұлықтау – ұрпаққа ұлағат» бағдарламасы әзірленіп, оның негізінде «Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру» тақырыбында оқу-тәрбие жұмысы жүргізілуде. Осыған орай, мектебімізде Марғұлантану курсы, «Марғұлан ізімен» өлкетану экспедициясы, Марғұлан оқулары, «Марғұлан сыйлығы», «Марғұлан» журналы бар. 2006 жылы 11 мамырда Әлкей Марғұланның мұражайы ашылды. Мұражайда ғалымның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды материалдар жеткілікті. Ғалымның көзі тірісінде тұтынған заттары мен кітаптары бар. Келіп көремін деушілерге есігіміз ашық.

– Баламның кейбір сабақтан үлгерімі нашар. Ақылы  қосымша сабақтар алуға бола ма?

–Мектеп қабырғасында жалпы ақы төлеп білім алғанды қолдамаймын.

Кенжебек Тілеуқабылұлымын. Ербол Ісләмұлы, мектебіңізде автодело сабағы жүргізіле ме? Жүргізілмесе себебі не?

Сұрағыңыз өте орынды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлгінің 2009 жылғы 24 маусым № 313 бұйрығына сәйкес, мектептерде жоғары сынып оқушыларына «автомобиль ісі» пәні енгізілді. Барлық мектептердің материалдық базасы бірдей емес, кейбір мектептерде оқу кабинеті жетіспейді.  Біздің мектептің оқушылары «Қамқор» ЖШС базасында теориялық сабақтарын тегін оқыды. Практикалық сабақтарына келгенде қиындық туындады. Себебі ақша төлеуге барлық ата-ананың мүмкіндігі жетпеді. Сол себепті бұл сабақ тоқтатылып, еңбек пәні оқытылуда.Жалпы мемлекет тарапынан көтерілген жақсы бастама. Оқушы мектепті бітіргенде қолына жүргізуші куәлігін алып шығады. Осыны ата-аналар дұрыс түсініп баласының оқып, қолына жүргізуші куәлігін алуына жағдай жасаса, дұрыс болар еді.

– Рита Тілекбаева – қала тұрғынымын. Бүгінде бірінші сыныпқа қабылданған балалардан емтихан алып, сыныптарға бөледі. Бұл қаншалықты заңды?

– Бірден кесіп айтайын, бұл заңсыз. Тамыз айында мұғалімдер оқушылардың жалпы ойлау қабілетін, мектепке даярлығын тексеріп, сабақ өткізеді. Ол емтихан алып, сыныптарға бөлу емес. Бізде оқушы мектепке қандай реттік нөмірмен қабылданды, сол тәртіппен сыныптарға бөлінеді. «А» сыныбына барса, балам жақсы оқиды деген ұғым ата-аналардың санасында қалыптасып қалған, осыны өзгерту керек. Мәселе сыныпта емес, мұғалімнің біліктілігінде, оқушының  ынтасы мен қабілетінде және ата-ананың бақылауында екендігін ұмытпайық.

– Мектебіңізде электронды оқытуға байланысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Электронды оқыту – заманның талабы. Астана қаласында бес мектеп пилоттық жобада «e-learning»   бағдарламасымен жұмыс жасауда. Биылғы оқу жылында тағы да бірнеше мектеп қосылады. Мұның тиімділігінің бірі – ата-ана мен мектеп арасындағы байланыс нығаяды. Ата-ана баласының күнделікті сабақтағы алған бағасын электронды журнал арқылы көре алады. Оқушы мектепке түрлі себептермен келе алмаса, үй тапсырмасын журналдан  алады. Мектептің бүкіл оқушылары мен ата-аналары туралы декректер базасы әзірленді. Мектептің материалдық-техникалық базасы күшейді, кең жолақты интернет жүйесіне қосылды. Бұл да мелекеттің білім сапасын көтеруге жасап жатқан жұмысының айқын көрінісі.

–Ұлттық бірыңғай тестілеу оқушының нақты білімін көрсете ала ма? Бала жүйкесін жұқартқаннан басқа пайдасы жоқ сияқты. Басқа жүйеге көшсе қалай болар еді?

–Ұлттық бірыңғай тестілеуді құбжық, бір қорқынышты дүниеге айналдырып жібердік. ҰБТ – тек білімді тексеру құралы. Ал біз білімді бірінші сыныптан бастап аламыз. Орта буында негізін қалыптастырып, жоғары буында бекітеміз. Мәселенің төркіні орта буында жатыр, осы кезеңде әсіресе 7-8 сыныптарда біз баланың тәрбиесі мен біліміне көңіл бөлмейміз. Бала сабаққа дайындалуды азайтады немесе мүлде доғарады. Жасөспірімнің өтпелі кезеңінде ата-ана тарпынан да, мұғалім тарапынан да жіті бақылау мен талап қажет. 10-11 сыныпта оқушының бұрын білмеген материалдарын игеруге тура келеді, қиналады, ол жүйкесіне әсер етеді. Дұрыс баға ала алмаса, кінәліні іздейміз. Жалған білім ешқашанда жетістіке апармайды. Білімсіздік бізді биіке шығармайды. Биылғы жылғыдай қатаң талап қойылып, тексеріліп отырса, мектептің де, оқушының да білімі нақты айқындалады.

 – Мен –Өміржанова Ботажан Қалибекқызымұғалім мамандығы бойынша жоғары оқу орынын биыл бітірдім. Бірнеше мектепке бардым, барлығы еңбек өтілің, санатың жоқ деп алмайды. Сонда жас мамандар не істеуі керек?

– «Қозы асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой», – дегендей әңгімелесу барасында маманның теориялық білімі мен бойында ұстазға лайық қасиеттері көрініп тұратын болса жұмысқа аламыз. Біздің мектепте де бірнеше жас мамандар жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында алты жас маманды қабылдадық. Бос болған вакантты орындар болса, жас маман деп бөлмей жұмысқа қабылдаймын.

Қазір мектепте жүрген Перизат, Айнагүл, Марс сынды мұғалімдердің бойында  ұстазға тән мейірімділік, балаға деген жүрек жылуы, ұқыптылық, ізденіс т.б. қасиеттер байқалып тұрады. Олардың келешегінен үлкен үміт күтемін, шығармашыл, жақсы мұғалім болады деп ойлаймын. Сондықтан үмітіңді үзбе, Астанада ашылып жатқан бір мектепке орналасатын мүмкіндігің бар.

Қалалық еңбекпен қамтамасыз ету орталығына есепке тұрып, Білім басқармасы арқылы да мектептерге жұмысқа барып, еңбек жолыңды бастап, мұғалімдік мамандықтың қыры мен сырын үйрене беруге де болады.

 – Оқушының жан-жақты дамуы үшін мектептеріңізде қандай үйірмелер жұмыс істейді?

– Бізде оқушының сыныптан тыс кезеңде өзін дамытуға барлық жағдай жасалған. Мектепте барлығы 21 үйірме бар. Олар: мәнерлеп оқу, драма, қолөнер, ұлттық таным, жас тілші және т.б. Сондай-ақ, футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, теннис, шаңғы, т.б. сорттқы үйірмелерге балалар көптеп келеді.

Баланың тек білім алып қоймай, оның жан-жақты дамуына ата-анасының көңіл бөлгені дұрыс. Мүмкіндік болып, шама келіп жатса баланы үйірмелерге апару, түрлі жарыстарға қатыстыру керек.Өкінішке орай, гимнастика, суға жүзу, хоккей, велосипед спортымен айналысатын Көктал шағын ауданында Спорт сарайы жоқ. Астана өсіп келеді ғой, келешекте салынады деген үміттеміз.

 – Мен сіздің мектептің ата-анасымын. Бірінші сыныпта оқитын балама барсам күзетші ұрсып, кіргізбейді. Мұны жөнге қоюға бола ма?

–Күзетшіге кінә қоюдан бұрын, өзімізде ойланайық. «Қорысын деп қозысын, қойып еді сол үшін» демекші, оның міндеті – оқушының қауіпсіздігін сақтау.  Дүбірге толы, арпалысқа толы мына бүгінгі заманда кімнің кім екенін білмейміз ғой. Егер мұғалімге немесе мектеп басшылығына жолығатын шаруаңыз болса, кезекші журналына жазылып кіруге болады. Ал, тек баламды алу үшін сыныпқа барамын дегеніңіз артық болар.

Келешекте Астана қаласы әкімі бастамасымен «Болашақтың мектебі» пилоттық жобасына енеміз. Ол жоба бойынша кіреберіске турникет (өткізу қондырғысы) қойылады, әрбір оқушы қолындағы куәлігі арқылы мектепке кіреді. Оның келген және кеткен уақыты ата-анасының ұялы телефонына хабарлама ретінде түсіп отырады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button