Басты ақпаратБілім

ҰБТ: Биылғы көрсеткіш жоғары

ҚР Үкіметі жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары бойынша брифинг өткізді.

ent

Он үш жыл ішінде ҰБТ-ға 1 миллион 587 мың мектеп бітіруші қатысқан. Бұл түлектердің жалпы санының 77 пайызын құрайды екен. Биылғы жылы ұлттық емтихан  еліміз бойынша 165 пунктте өтті.   Мектеп тәмамдаған 121 мың оқушының ішінде оған қатысуға 87 мың түлек өтініш берген. Оның ішінде қазақ тілінде оқығандар – 83 330 болса,  орыс тілінде білім алғандар – 23 984.

– Тестілеуге 84 079 мектеп бітіруші қатысты. Бірнеше рет тәртіп бұзған 38 оқушы тестілеуден шығарылды және нәтижелері жойылды. Тестілеу барысында шекті 50 балды 14 252 түлек жинай алмады. 52 982 баладан тыйым салынған заттар табылды. ҰБТ – ұйымдасқан деңгейде өтті. Биылғы орташа балл – 81,2 балл.  Өткен жылы  79,4 балл болған еді, – дейді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының  міндетін атқарушы  Ләззат Бөлебаева.

Оның айтуынша, биыл ең жоғары 125 балды 19 түлек  жинаған.  Өткен жылы  5 оқушы ғана осы дәрежеге көтерілген екен.  Сонымен бірге ұлттық сынаққа қатысқан «Алтын белгіге» үміткер 4 768 оқушының 2 371-і өз білімдерін ақтаған. Ал 16 565 бала 100 баллдан артық көрсеткішке қол жеткізген.

Сондай-ақ, Республикалық аппеляциялық комиссияға тест тапсырмаларының мазмұны бойынша 547 өтініш  түскен. Оның 141-і қанағаттандырылған. «Биылғы жылы шекті деңгейден өте алмаған түлектер Жоғарғы оқу орындарының ақылы бөліміне түсу үшін, қайта кешенді тестілеуден өте алады. Аталған тестілеуге  қатысу үшін өтініштер 1-8  тамыз аралығында қабылданады. Тестілеу 19-24 тамыз аралығында өткізіледі» – деп, түйіндеді сөзін комитет төрағасының міндетін атқарушы.

                                                                               Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button