Басты ақпаратБілімСұхбат

ҰБТ – ӨМІРБАЯННЫҢ НҮКТЕСІ ЕМЕС

Астанада педагогтарды қайта даярлықтан өткізіп, оларға психологиялық аспектілерді тереңдетіп түсіндіру үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылған. Осы бастаманы жүзеге асырып жүрген Отбасылық тәрбиелеу институтының директоры Любовь Набитовскаяның айтуынша, бір жылдың ішінде республиканың әр аймағынан 200 педагог психологиялық білімін жетілдіруге мүмкіндік алған екен. Қазіргі таңда Астананың 70 педагогына Мәскеуден ат терлетіп келген ғалым, Педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі Наталья Цветкова лекция оқуға арнайы шақыртылған. Мәскеулік ғалымның ҰБТ хақында пікірін білуді жөн көрдік. 

– Күні кеше елімізде ҰБТ өтті. Білуімізше, Астана бойынша жоғары балл алғандар саны 23 пайыз ғана. Қазір көпшілік түлектердің көңіл-күйі жоқ. Мұндай жағдайда не істеу керек? Қандай кеңес берер едіңіз?

– Мұндай жағдайда педагог­тардан гөрі, әрине, әр баланың отбасы маңызды рөл ойнай­ды. Өйткені, баласына қолдау көрсету – ең алдымен ата-ананың міндеті. ҰБТ-дан құлаған, ме­желеген бағаға қолы жетпеген жеткіншек күйзеліске ұшырайды. Тіпті, даярлық барысында көп уайымдаудың салдарынан тест кезінде көбірек қобалжиды, қобалжу дұрыс баға алуға кедергі келтіреді. Сондықтан, баланың бағасына қарай ата-ана оны тұқыртып, жанжал шығармағаны жөн. Өйткені, емтихан өтетін кез – баланы тәртіпке шақыратын мезгіл емес. Балаға мейлінше нақты уәж айтып, қолдан келгенше қолдау көрсетуге талпыну керек. Себебі, осы жастағы оқушылардың эмоционалдық ахуалына жалпы тұрақтылық тән емес.

– Тіпті, кейде суицидке апарған жағдайлар кездесті ғой…

– Суицидке себеп болған ҰБТ емес. Ол – баланың эмоционалдық тұрақсыздығы. Оның барлығы қандай нәтиже күткендігіне бай­ланысты да шығар. Өйткені, тым артық талапшылдық бала психи­касына салмақ түсіреді.

– Дегенмен, ҰБТ нәтижелерін көпшілік ауыр қабылдайды. Осыған келісесіз бе?

– Отбасында ата-ана дұрыс сөйлеп, балаға жөн сілтеуі ке­рек. Сондықтан, қатты күйзелген оқушыларды педагогтар ұстамсыздықтан ада ауанға түсіріп оты­руы тиіс. ҰБТ – өмірбаянның нүктесі емес, алғашқы сөйлемі ғана. Осыны ұғындыру керек.

– Сонда оқушылар жазғырудан қорқа ма?

– Иә. Олар екі түрлі қорқынышты бастан кешіреді. Біріншіден, бітірушілер дамудың жағымды жолдарын анық көре алмайды. Өйткені, біздің ата-аналар не дейді? «Осыдан емтиханнан құласаң, оқуға түспей, аула сыпырушы боласың» деп үркітумен сабақ оқытады. Өмірде бар құбылыс, солай емес пе?! Екіншіден, ашық айыптаудан сескенеді. «Таязсың, дұрыс дайындалмадың, пәленшенің баласы сияқты болмадың» деген салыстыруларды келтіруге мүлде болмайды.

– Онда емтиханның нәтижесін естуге оқушыдан бұрын ата-ана­сын әзірлеу қажеттірек пе?

– Әрине. Бізде де, сіздерде де ҰБТ тапсырып көрген ата-аналар жоқ. ҰБТ – кейін шыққан емтихан тәсілі. Олардың кезінде қарапайым емтихандар болды. Сондықтан, олар басынан кешірмеген құбылысты толық түсіне бермейді. Баласының екі жыл бойы иненің ұшында жүретіндігін есептемейді. Түспей қалса, жұмыс істеуі мүмкін дегенді қаперге де алмайды.

– Мектеп ұжымы, ұстаздар ҰБТ кезінде қандай рөлге ие болады?

– Мұғалімдер ата-аналарға тиісті деңгейде көңіл бөлгені жөн. Сон­да ғана ата-ананың баласының нәтижесіне деген тепе-тең көзқарасын қалыптастыруға бола­ды. Балаға дүрсе қоя бермес бұрын, өзін еске түсірсін. Бітіруші бірнеше ЖОО құжат тапсыруға құқылы. ҰБТ – бұл тек қана дамудың бір кезеңі ғана, ол нүкте емес. Қазіргі таңдағы үлкен жетістік – бұл да мемлекеттің жасап отырған ізгі бастамасы дер едім.

– Ата-аналар да, оқушылар да ҰБТ-дан үрейленіп отырады…

– Иә, психологиялық қорқыныш бар. Біріншіден, бұл – жаңашыл үрдіс. Оған үйреніп кетуге әлі де уақыт керек. Екіншіден, баяғының ата-анасындай емес, қазіргілердің мойнына ілінген жауапкершілік әлдеқайда салмақты. Өйткені, олар баласының оқу деңгейін күнбе-күн қадағалайды. Сәл үлгермесе, репетитор жалдайды. Өздері оқу үдерісіне толықтай кірігіп отырады десек те болады. Содан да олардың талабы екі есе. Үміт арту – ол та­маша. Көбірек үлес қосқан сайын, нәтижесінің де соғұрлым салмақты, зор болғанын қалайды. Инве­стиция сала отырып, дивидендін бір-ақ күнде ала салғысы келеді. Олай болмайды ғой… Бірақ сол үміт әп-сәтте жүзеге аса қалады деу асылық. Бұл тест жүйесін сыбайластыққа, жемқорлыққа итермелейді. Емтихан тапсыру құбылысы қалыптасқалы педагог­тарды жемқорлыққа тарту тәсілдері жүзеге асып келеді. Ең қитұрқы жері – сол. Шпаргалканың қай за­маннан бері бар екенін мен айтпай-ақ қояйын…

– Ал, Ресейде осындай жағдайлар кездесе ме?

– Иә. Дегенмен, бізде де дәл осы мәселелер көтерілген. Бүгінгі даярлықтан өтетін ұстаздар келе­шекте ҰБТ кезінде де, жалпы оқу үдерісі кезінде де оқушылардың не нәрсені де қалыпты қабылдауына сүбелі үлесін қосатын педагогтар болатынына сенімім мол.

Сұхбаттасқан Шынар ӘБІЛДА 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button