100 қадам - Ұлт жоспарыҚұқық

Учаскелік инспекторды білесіз бе?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 30-қадамында қоғамдық тәртіпті қорғап, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұратын Жергілікті полиция қызметін құру тапсырылған еді. Бүгінде елорданың жергілікті тәртіп сақшылары ұсақ бұзақылықтарға «мүлдем төзбеу» қағидатын іске асыруда жұмыла жұмыс жасап келеді. Әсіресе, бұл қызмет учаскелік инспекторлардың мойнына жүктелген. Олардың шаруасы шаш етектен, телефондары тұрғындар шағымынан дамыл таппайды. Есіл ауданының учаскелік инспекторымен бірер сағат жүріп қауырт тірліктің барысымен таныстық.

КЕЗ КЕЛГЕН БҰЗАҚЫЛЫҚҚА – МҮЛДЕМ ТӨЗБЕУШІЛІК
Есіл ауданында тұратын 135 мыңдай халықтың тыныштығы мен тәртібін 39 учаскелік инспектор қадағалайды. Әрқайсысы 2300-дей тұрғынның қауіпсіздігін бақылауға тиіс болса, Астана қаласында бұл көрсеткіш әдеттегіден екі есе артып отыр. Мәселен, № 265 әкімшілік аумақтың учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Максим Камашев «Олимп Палас», «Айсанам», «Ақ жайық» тұрғын үй кешендері үшін жауапты. Мұнда шамамен үш мыңдай адам бар. Учаскелік инспектордың қат-қабат жұмысы жұртшылықпен етене танысуға мұрша бермесе де, күніне әр үйдің кем дегенде 25 пәтерін аралап шығады. Ондағы мақсат – өзіне тиесілі әкімшілік аумақтағы жалға берілетін пәтерлерді анықтау, азаматтық қару иелерінің қару-жарақты сақтау талабының орындалуын қадағалау, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрақты немесе уақытша тіркелген мекенжайы бойынша тексеріп, заңды рұқсат бұзылған жағдайда миграциялық полицияға арнайы рапортпен хабарлау. Учаскелік инспектордың бұдан өзге де толып жатқан міндеті бар. Тұрғындардың арыз-шағымдарын қарайды, туындаған мәселелерді құқық­тық заңға бағындырады. Ал шағымдар легі көп-ақ. Баспалдақ басында, подъезде, бәріне ортақ балконда шылым тартып, үнемі темекі түтінін будақтатып жүретін көрші, қабырғаның ар жағындағы ұрыс-керіс, қоқысты шығаруға ерініп, есік алдына тастай салатындарды тағы қосыңыз. «Оралдан Астанаға жақында көшіп келдім де, бірден осы қызметке қабылдандым. Учаскелік инспектор болғаныма бүгінде небары екі айдан асты. Алғашында өзіме бөлінген жерлерді көріп жағамды ұстадым. Жер-жерде темекі тұқылы, шашылып жатқан қоқыс, кейбір кіреберіс алдында қоқыс жәшігі де жоқ, көлік жүргізушілері рұқсатсыз жерлерді тұраққа айналдырып алыпты» дейді Есіл аймақтық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Максим Вячеславович. Алайда, тұрғындарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» да – учаскелік инс­пектор. Белсенді түсіндіру шаралары, қалтаға салмақ түсіретін айыппұлдардың арқасында азаматтардың тәртібі түзеліп келеді. Бұл ретте учаскелік инспекторлар пәтер иелері кооперативтерімен қоян-қолтық жұмыс істейтін көрінеді. Екі ай ішінде балаларды көліктерден сақтандыру үшін оларға кішігірім ойын алаңын да құрып беріпті.

ТӘРТІП БҰЗҒАНДАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ
Алматы көшесі бойымен көтеріліп, Түркістанға өттік. Аулада кездескен «Олимп палас» тұрғындары учаскелік инспекторды көргенде жылы амандасып жатыр. Тіпті, бір әйел тоқтатып алып: «Ой, өткенде келгеніңіз тамаша болды. Сіз айыппұл салғалы, жастар улап-шулайтынын қойды, жақсы ұйықтап жүрміз» деп рахметін жаудырды. Инспектордың өзі де өткен-кеткеннің көбін жақын танып алған. «Қалай апа, ешкім мазаламай ма?» десе әже: «Тыныштық, қарағым, бірдеңе шығып жатса, визиткаң бар ғой хабарласамыз» деп қояды. Визиткадан бөлек, әр үйдің кіреберісіндегі жарнама тақтасында учаскелік инспектордың фотосы басылып, аты-жөні жазылған ақпарат парақшасы ілінуі керек. «Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Астана қаласы Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметі сіздің учаскелік инспекторыңыз «Пәленше Түгеншиев» екенін хабарлайды» делінген қағазда учаскелік инспектордың жұмыс әрі ұялы телефон нөмірі жазылады. «Қандай да бір құқық бұзушылықтың куәсі болған адам елорданың қоғамдық тәртібіне бей-жай қарамауы тиіс. Астаналық мәртебеге сай болу үшін кез келген тұрғынның бойында ұсақ-түйек бұзақылықтың өзіне «мүлдем төзбеушілік» ұстанымы болуы керек. Сонда ғана жөнге келеміз» деген ойымен бөлісті осы үйдің тұрғыны Күлайым Жамукова. Ал, көлік айдайтын жігіт «Инспекторлар жақсы жұмыс істейді. Машинамызды дұрыс қоймағанымыз үшін нөмірлерімізге дейін шешіп алады. Өткенде жаяу жүргіншілердің тротуарына көлігімді қоямын деп бәлеге қалдым. Өзімсініп жүрсем, өз үйіміздің алдында да бақылау күшті екен ғой. Айыппұл төлеуге тура келді. Енді абайлап жүрмін» деп күлді. Тұрғындарды сөзге тартып пікірін тыңдап тұрғанымда, учаскелік инспектор мені 4-ші кіреберіске бастады. Екінші қабаттың балконына шықтық. Емін-еркін темекісін құшырлана сорып тұрған жігіттің үстінен түстік. Полицей алдымен өзін таныстырды да, қоғамдық орында темекі шегуге болмайтынын айтты. Портфелінен «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекс кітабын алып шығып, 441-бабын оқытты. Заңды дәлелдейтін кітапты алып жүруінің себебі көп азаматтар өз ісінің бұрыстығын мойындамай, полицейдің ырқына көне бермейтін көрінеді. Жігіт болса «Далаға қарап тұрған балкон болған соң рұқсат деп ойладым, енді қайталамаймын» деп бұл жолы ескертумен құтылды. Екінші рет байқайтын болса, шылым тартқыштарға 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Айыппұл салынғаннан кейін бір жыл ішінде тәртіпсіздікке тағы барса, айыппұл екі есе өседі. «Тек кіреберіс алдындағы қоқыс жәшігінің жанында темекі шегуге рұқсат, далаға шығып жүруге ерінсе, өз үйінде тартсын шылымды» дейді инспектор.

ТАЗАЛЫҚ – МӘДЕНИЕТ ӨЛШЕМІ 
Төртінші подъездегі бес-алты пәтерді инспектормен бірге араладым. Үйде кәмелет жасына толған неше адам, кім-кім тұратынын, телефон нөмірін учаскелік инспектор жұмыс дәптеріне жазып алып, полиция бөлімшесіне жеткенде барлық мәліметті азаматтарды электронды тіркеу кітабына енгізеді. Танысу барысында тұрғындарға жиі бұзылатын заң нормаларын түсіндірумен қатар, азаматтардың да талап-тілектері тыңдалды. Форма киген полиция қызметкерін жақтырмайтындар да бар. «Тәртіп сақшысымын» деп өзін таныстырған инспектордың құжатын сұрап, сөздің өтірік-шындығына көз жеткізіп, әбігер болады. Жақында ғана танысымнан естіп едім: «Учаскелік инспектор келіп кетті. «Үстіміздегі көршілер жиі айқайласады, бірін-бірі ұрып жатқан дыбыстар шығады. Солармен бір әңгімелесіп көріңізші» дегенім сол еді, «Білесіз бе, күйеуіңізге де мына пәтерден шағым түсті. Үнемі баспалдақ жақта шылым тартады екен. Ескертіп қояйын, көретін болсам, заңға сәйкес жазалаймыз». «Ой, ол да бір өз көршісін жамандауға қалай аузы барды екен?» деп ренжіп отыр әлгі танысым. Мұндай жағдайда көршілер ескертуге құлақ асып, тәртіпті түзетуге атсалысуы керек. Астананың әр тұрғыны, көзі қарақты азаматы жан-жағын таза ұстап, қоғамға зиянын тигізбей, түзу жүріп-тұрса ұтылмайтынымыз анық. Сондықтан учаскелік инспекторды қадірлеп, есік қаққанда қабақ шытпай қарсы алуды үйренген жөн.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button