Қала мен Сала

Учаскелік инспекторды танисыз ба?

Астана қаласының мәслихатында тұрақты комиссия төрағасы Ғайдар Қасеновтің төрағалығымен «Қала аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандары учаскелік инспекторларының жұмысы туралы» көпшілік тыңдауы өтті.

Көпшілік тыңдауға Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандары әкімдерінің орынбасарлары, қалалық басқармалардың басшылары, Астана қаласы ІІД-нің Жергілікті полиция қызметі мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Депутаттар алдында Алматы ауданы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Алмас Жаппаров, Есіл ауданы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Серік Әбутәліпов, Сарыарқа ауданы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Азамат Садықов баяндама жасады.

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ КӨБЕЙДІ


Алматы ауданы ІІБ Жергілікті полиция қызметі 10 қыр­күйек пен 1 желтоқсан аралығында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында «Учаске» жедел
ал­дын алу іс-шарасын ұйым­дас­тыруда.
Аталған іс-шара кезінде учаскелік инспекторлар 110 мың пәтер мен 7 мың жекеменшік үйді аралап, 383 мың қала тұрғынымен кездескен.
Соның нәтижесінде 1499 жалға берілген пәтер анықталып, 516 заңды тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 219 адам декларация түрінде кірісін көрсеткен. Одан мемлекетке 28 млн 105 мың теңге қаржы түсіп отыр.
Жүргізілген рейдтер кезінде 27080 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, оларға 131 млн 077862 теңге айыппұл салынса, соның мемлекет есебіне 32 млн теңгесі
өндіріліп алынған.
Ауданда көп қабатты үй­лер­дің аулалары мен кіре­беріс­терінде 3123 бейнебақылау
камерасы орнатылған. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды одан әрі өрістете түсу көзделіп отыр.
Қазір учаскелік инспекторлар маскүнемдер, нашақорлар және бұрын сотталғандармен жоспарланған жүйелі жұмыс­тарды жандандыра түскен.

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ҚЫСҚАРДЫ
Ал Есіл ауданы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Әбутәліповтің баяндамасында өткен он айдың қорытындысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде 402 түрлі іс-шара өткі­зілгені тілге тиек етілді.
Осы кезеңде ауданда 3812 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда
31,1 пайызға аз. 2016 жылы бұл көрсеткіш 5613 болған.
Сондай-ақ, ауданда қоғамдық орындарда жасалатын заң бұзушылықты 2058-ден 1661-ге, 19,3 пайызға, көшелердегі құқық бұзушылықты 826-дан 583-ке дейін, 29,4 па­йыз­ға кемітуге қол жеткізілген. Бұған қоса, пәрменді жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде бұзақылық 34,6 пайызға азайып отыр.
Есепті кезеңде учаскелік инспекторлар 5404 әкімшілік құқық бұзушылықты анық­тап, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкен – 968, белгіленбеген жерде темекі тартқан – 538, сауда жасаған 356 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 74201022 теңге айыппұл салса, мемлекет есебіне оның 25062200 теңгесі өндірілді.
«Хостелдердің көптеп ашы­луына орай келіп түскен арыз-шағымдарға байланыс­ты тұрғындармен 3 рет жиын өткізілді. Нәтижесінде «Тұлпар» тұрғын үй кешенінде ор­наласқан хостел жұмысын тоқтатты. Бұл жұмыстар жү­йелі түрде одан әрі жалғасуда» деді Серік Әбутәліпов.

ҮГІТ-НАСИХАТ ҮНЕМІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Статистикалық мәліметтерге сәйкес Сарыарқа ауданының 383231 тұрғыны бар. Оларға 12 учаскелік полиция пункті қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері учаскелік инс­пекторлар «Вокзал», «Құқық тәртібі», «Іздеу», «Қару», «Қаңғыбас», «Учаске», тағы да басқа 27 шұғыл алдын алу іс-шарасын өткізіпті.
Соның нәтижесінде 29601 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 156 млн 160067 теңге айыппұл салынған.
Мемлекет есебіне соның
26 млн 729523 теңгесі өнді­ріліп алынған.
Жеке мүлікті ұрлауды болдырмау мақсатында учаскелік полиция инспекторлары мемлекеттік органдардың, түрлі меншіктегі мекемелердің басшыларымен бірлесе отырып, бейнебақылау камерала­рын, белгі беру қон­дырғыларын, сон­дай-ақ, өрт-күзет дабылдарын орнату қажеттігіне тұр­ғындардың көзін жет­кізу үшін үнемі үгіт-түсінік, насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. 2017 жыл­дың он айында осын­дай 525 кездесу өтіп, 37 аула мен көп қабатты үйлердің кіреберіс­теріне 273 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Тұрақты комиссия отырысы барысында жыл басынан бері істелген осындай жұмыс­тарға кеңінен тоқталған баяндамашыларға мәслихат депутаттары Сәрсенбек Жүнісов, Рамзия Умербаева, Қарақат Әбден, Уәлихан Досаев, Қа­йырлы Таукен, тағы басқалар қаланың қоғамдық қауіпсіздігі мен құқық тәртібіне қатысты сұрақтар қойып, ой-пікірле­рімен бөлісті.
Депутаттардың кейбір сауалдарына байланысты берген әріптестерінің жауабын Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаев толық­тырды.
Тұрақты комиссияның отырысына Астана қаласы мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов қатысты.
Отырысты қорытындылай отырып комиссия мүшелері тиісті қаулы қабылдады.

Таңатар Төлеуғалиев

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button