Қала мен Сала

Үй жануарларына жауапкершілікпен қарайық

«Астана қаласының коммуникациялар қызметі» алаңында «Үй жануарларын – мысықтар мен иттерді міндетті түрде тіркеу» тақырыбында Астана қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Санжар Бурлибаев брифинг өткізді.

Өткен жылы наурыз айында күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап үй жануарларын міндетті есепке алу көзделген. Үй жануарларын чиптеуді қаланың ветеринарлық клиникалары ақылы негізде жүргізетін болады. Бір чиптің құны орта есеппен 500 теңге, ал чиптеу қызметі орта есеппен 2116 теңгені құрайды. Иелері халықтың әлеуметтік осал тобына жататын үй жануарларын есепке алу мемлекет қаражатының есебінен жүргізіледі. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әлеуметтік осал топтарға жататын 1500 үй жануарын чиптеу жоспарлануда.

Жануарларды чиптеу арқылы бірдейлендірудің бірқатар артықшылығы бар. Бұл рәсім іс жүзінде жануарды вакцинациялауға ұқсас, бірақ вакцинаны енгізудің орнына микрочип енгізіледі, оның көлемі күріш дәнінен үлкен емес. Өмір бойына бірдейлендірудің жануарды жоғалту немесе ауыстыру қаупін азайтуға септігі бар. Еуропалық Одақ елдеріне және басқа да алыс шет елдерге – АҚШ, БАӘ, Австралия, Канада, Жапония, т. б. елдерге саяхаттау кезінде кедендік бақылауды жеңілдетеді. Жоғалған жануарды іздестіруге көмек көрсетіп, чиптің арқасында жануарды қысқа мерзімде табуға болады. Бұл рәсім қауіпсіз.

Чиптеу рәсімі ашық болуы үшін «Таңба» жануарларды есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесі сатып алынды, ол 2022 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істейді. Аталған жүйеде жұмыс істеу бойынша Астана ветсервис және қаланың ветеринарлық клиникаларының ветеринарлық дәрігерлерін онлайн оқыту вебинарлары өткізілді. «Таңба» үй жануарларын есепке алу жүйесінің артықшылығы көп. Мәселен, елімізде тіркелген жануарлар туралы статистикалық ақпарат қолжетімді. Ветеринарлық клиникалар мен мамандандырылған ұйымдардың ветеринарлық дәрігерлері ғана «Таңба» жүйесіне бірдейлендіру жұмысын жүргізіп, жануар туралы мәліметтерді енгізе алады. 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін заң нормаларына біркелкі көшу үшін Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 2022 жылдың қарашасында бірдейлендіру үшін 14900 ит пен мысық чиптерін (10900 ит чиптері, 4000 мысық чиптері) сатып алуды ұйымдастырды.

Кейін жүйеде Астана қаласы аумағындағы ит пен мысықтардың нақты саны қалыптасады. Нәтижесінде қаламыздың аумағында жануарларды ұстау картасын жасау мүмкіндігі пайда болады. Мұның бәрі үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін арттырады, қаңғыбас жануарлардың санын азайтады және үй жануарларының тістеуінен зардап шеккендердің санын азайтады. Үй жануарларын чиптеу жұмысы жалғасуда. ҚР ӘҚБтК-нің 407-2-бабына сәйкес, үй жануарларын есепке алу бойынша заңнамада белгіленген талаптарды орындамағаны үшін жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға – 20, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын атап өткен жөн.

2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін үй жануарларын тегін чиптеу келесі мекенжай бойынша атқарылады: Байқоңыр ауданы, Ақсүмбе даңғылы, 1-ғим. (А. Пушкин көшесі), Сарыарқа ауданы, 20-40 көшесі, 2/1-ғим.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button