Басты ақпаратДенсаулық

«Үй жанындағы дәрігер» көбейеді

Астанада денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше маңыз беріліп отыр. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, 2020 жылдан бері дәрігерлердің орташа жалақысы 60 пайызға өссе, орта буын мамандарының жалақысы 50 пайызға өсті. Сондай-ақ емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жақында ғана жедел жәрдем стансасы 55 машинамен толықса, бұған дейін 100-ден аса арнайы көлік пен реанимобиль берілген болатын. Елорда әкімі Алтай Көлгінов медициналық мекемелердің басшыларымен медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина орталықтарын одан әрі жарақтандыру мәселесін талқылады. Бұл туралы қала басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Осыған дейінгі кездесуде медицина қызметкерлерімен әрі тұрғындармен бірге атқарылуы тиіс жұмыс жоспары жасалған. Олардың басым бөлігін орындадық. Бүгінгі кездесуде де көтерілген мәселелерді шешуге кірісіп кеттік. Мәселен, медицина қызметкерлері медициналық нысандарды салу және жөндеу, кадрларды даярлау, нысандарды толық жарақтандыру, «Қауіпсіз аула» жобасын одан әрі енгізу және тағы басқа мәселелерді көтерген еді. Бірінші мәселе – денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту. Елорданың ауқымды жобаларының бірі теміржол ауруханасының (№3 көпсалалы қалалық аурухана) «Ramada Plaza» ғимаратына көшуі болып саналады. Ескі теміржол ауруханасының аумағына жаңа перинаталдық орталық салынады, өйткені бұл шағын ауданда осы мәселе (Сарыарқа ауданы) өте өзекті болып тұр. Бұдан бөлек, Алматы ауданында №1 көпсалалы қалалық ауруханасының жанынан тағы бір перинаталдық орталық бой көтереді» деді А.Көлгінов.

Қала басшысы бірқатар медициналық мекемелерге жөндеу жүргізілгені, сол сияқты «Жағалау-3» және «Нұрлы жол» вокзалы ауданында амбулатория­лық-емханалық кешендерінің, «Көктал-1», «Пригородный», «Тельман» және тағы басқа елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтарының құрылысы жоспарланғанын атап айтты. Мәселен, қадамдық қолжетімділік аясында соңғы 3 жылда 40 «Үй жанындағы дәрігер» нысаны (оның 7-еуі елді мекендерде орналасқан) ашылды. Астана әкімдігі жыл соңына дейін тағы осындай 10 нысан ашуды жоспарлап отыр. Оған да жеке инвестициялар тартылады.

«Екінші мәселе – медицина қызметкерлеріне жағдай жасау. 2020 жылдан бастап дәрігерлердің орташа жалақысы 60%-ға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға өсті. Келесі жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 35%-ға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын 10%-ға көбейту жоспарланып отыр. Кадрларды жұмылдыру үшін гранттар бөлеміз. Осылайша, 3 жыл ішінде жоғары білім алуға 750 грант бөлінді. Қазіргі оқу жылына 250-ге жуық грант бөлдік. Сол сияқты медицина қызметкерлеріне арнап жатақхана салуды жоспарлап отырмыз. Үшінші мәселе – материалдық-техникалық база. Соңғы 3 жылда медицина мекемелері 3 мыңға жуық арнайы жабдықпен жабдықталды. Төртінші мәселе – жедел медициналық жәрдем стансасы. Осы жылдың күзінде жедел медициналық жәрдем стансасына тағы 55 арнайы машина берілді. Бұған дейін 100-ден астам арнайы көлік, оның ішінде 65 реанимобиль медициналық көмек стансасы тапсырылды» деп түсіндіріп берді қала әкімі.

Кездесудің соңында елордадағы үздік медицина қызметкерлері Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button