Басты ақпаратҚала мен Сала

Үйіңе көштің бе, үлескер?

Биыл бас қалада 30 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазда елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке тұрғын үй құрылысы саласындағы ең өзекті мәселелерді шешуге тапсырма берген. Президент сол жиында бас қалада құрылыс қарқыны жоғары болғанмен, сапаға көңіл бөліне бермейтінін айтып, бұл салада олқылықтың көптігіне нақты мысалдар келтірген.

Президент тапсырмасы орындалады

«Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бизнесті тексеруге салынған тыйымды желеу етіп, алаяқ құрылыс компаниялары да пайдаға кенеліп жататынына тоқталды.

«Құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы. Бұған дау жоқ. Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жатыр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді. Сондай-ақ үлес­керлерден заңсыз қаражат жинайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді. Шенеуніктердің мұндай салғырт­тығы және жауапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Президент әкімге биыл үлес­керлері бар 16 үйдің құрылысын аяқтауды тапсырды. Әкімдік бұл тапсырманы тиянақты түрде қарап, әрбір нысанның құрылысын аяқтауға жіті көңіл бөлуде.

Бүгінгі таңда елордада тұрғын үйдің кезегінде 50 мыңнан аса отбасы тұр. Соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды өсіріп отырған отбасыларды және көпбалалы отбасыларды қоса алғанда барлығы 12 санатқа кіретін азаматтар бар. Бұл мәселені оң шешу мақсатында қала басшылығы биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік жеңілдікпен берілетін пәтерлер салуды, сондай-ақ 16 үлестік құрылыс нысандарын салып бітіруді жоспарға енгізген. 6 мыңға жуық пәтердің жартысы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, ал жартысы ипотекаға беріледі. Бір қуанарлығы, елордадағы құрылыс жұмысының көлемі биыл 2,2 пайызға ұлғайды. Тарқатып айтсақ, 1 млн 215 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 35,4 пайызға өсті.

4000 үлескердің мәселесі шешіледі

Үлескерлердің мәселесіне қала әкімдігі басымдық беріп отыр. Соның бір дәлелі, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек үлескерлермен үнемі кездесіп, олардың барлық мәселесін ашық талқылайды. Бұған мысал келтірсек, қазан айында әкім құрылысы ұзаққа созылған «Территория комфорта-1» (2-кезекте тапсырылатын үйлер), «Триумф Сити», «Future home» тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен жүздесті. Бұл үйлерге үлестік құрылысқа 800-ге жуық отбасы қаражат салған. Алайда ұзақ жылдар бойы құрылыс бітпегендіктен, үлескерлер әлі күнге дейін армандаған баспанасына қол жеткізе алмай келеді.

«Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің құрылысы осыдан 20 жыл бұрын басталған. Техникалық тексеру кезінде тұрғын үй кешенінің апатты жағдайда тұрғаны анықталды.

«Тиісінше, апатты жағдайда тұрған тұрғын үй кешенінің барлық блогын бұзу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. 2021 жылы «Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің бірінші кезегінің құрылысы аяқталып, 100-ден аса үлес­кер отбасы баспанасын алды. Қалған блоктар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал «Триумф Сити» мен «Future home» тұрғын үй кешендерінің құрылысы 10 жыл бұрын басталған. Мысалы, «Future home» тұрғын үй кешенін қала теңгеріміне өткізу кезінде үйдің 4 және 7 қабаты ғана салынған» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Жеңіс Қасымбек.

Үлескерлермен кездесуде қала әкімі биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталатынын мәлімдеді. Олардың бір бөлігінің құрылысы қазірдің өзінде аяқталғанын жеткізді. Өйткені үлестік құрылыс нысандары бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Қала әкімінің үлескерлер мәселесіне басымдық беретініне тағы бір мысал. Биыл 25 қазан – Республика күні қарсаңында бас қалада 10 жылға жуық тарихы бар құрылысы ұзаққа созылған нысан пайдалануға берілді. Соның бірі – құрылысы 2014 жылы басталған «Алтын бұлақ» тұрғын үй кешені. Алғашында бұл үйдің 5 блогы салынуы керек еді. Сол кездегі үлескерлер саны 400-ге жуық отбасы болатын. Тұрғын үй кешені әкімдік қарауына өткен кезде оның құрылысының 20 пайызы ғана аяқталған. Сайып келгенде, «Алтын бұлақтың» құрылысын толық аяқтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізу қажеттілігі туындады. Өйткені үйдің құрылысынан бөлек, гараждарды сатып алу, инженерлік желілерді толықтай орнату, құжаттарды ретке келтіру және тағы басқа мәселелерді тездетіп шешу қажет болды.

«Республика күні «Алтын бұлақ» тұрғын үй кешенінің 2, 3, 4-блогының үлескерлері пәтер кілтін қолына алды. 1, 2-блоктарда жұмыс жүріп жатыр. Биыл біз 4 мыңға жуық үлескер отбасының мәселесін шешеміз. Бұл үйлердің бір бөлігі салынып бітті. Бүгінге дейін 12 мыңға жуық үлескер отбасының мәселесі шешілгені мәлім. Бұл – 120 тұрғын үй кешені» деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында 25 қазан күні Жеңіс Қасымбек.

90 пайызы пәтерін алады

2023 жылдың басында бір мезгілде 300 тұрғын үй кеше­нінің құрылысы қызу жүріп жатты. Алайда соның ішінде 102 үйге қатысты заңды құрылысқа қажетті құжаттардың болмауы деген мәселе шықты. Сол себептен аталған нысандарда құрылысқа шектеу қойылды. Тіпті кейбір тұрғын үйлер тиісті сараптамадан өтпегені анықталды. Ал қала басшылығы бұл мәселені жедел шешіп, мұндай нысандардың санын үш есеге дейін азайтты.

«Құрылыстағы проблемалар жеткілікті. Сол себептен тұрғындарға үлестік құрылысқа қатысуға қол қоймай тұрып, құрылыс құжаттарымен толық танысып шығуға кеңес береміз. Қазір заңнамаға сәйкес құрылыс компаниялары белгілі бір жағдайда ғана үлескерлер ақшасын тарта алады. Мысалға, үлескер үйдің қаңқасының 80 пайызы салынған жағдайда ғана ақша салуы керек. Көбінесе тұрғындар үйдің бағасының арзандығына қызығып, алаяқ құрылысшылардың арбауына түсіп қалады. Үй салатын ұйымның тәжірибесіне міндетті түрде назар аударуымыз керек. Егер ол жақында құрылған компания болса, шаршы метрінің бағасы арзан болса, онда ойлануға тиіспіз» деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, үлескерлер ақша салған нысандардың барлығының құрылысы үлкен заң бұзушылықтармен жүргізілген.

«2021-2022 жылдары әкімдік бұл мәселелерді шешуде белсенділік танытты. Жыл басында 16 нысанның құрылысындағы кедергілер жойылды. Желтоқсан айында нысандардың көп бөлігін салып бітіруді жоспарлап отырмыз. Іс жүзінде үлес­керлердің 90 пайызы көптен күткен пәтерінің кілтін алады. Ал қалған 3 проблемалық нысандағы құрылыс жұмысы 2024 жылдың бірінші тоқсанында жалғасады» деді Ж.Қасымбек.

Апатты үйден – жаңа баспанаға

Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты проблемаға да тоқталды.

«Оң жағалауды – қаланың ескі бөлігін сақтауға және дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлу қажет. Оның өз харизмасы бар. Біз Астананы тең дәрежеде дамытуымыз керек. Инвесторлар апатты жағдайдағы ғимараттармен айналысуы қажет. Тұрғындарды басқа жаққа көшірсін. Босаған жерге жаңа нысандар салсын. Ал әкімдік оларға қажетті жағдайды жасасын. Осылай бірлесіп жұмыс істегенде ғана ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі шешімін табады. Сонымен қатар қаланың орталығы мен шет аймақтар арасындағы теңсіздікті жояды. Елорданың сол жағалауы ғана емес, барлық ауданы қолайлы болуы керек» деді Қ.Тоқаев.

Қалалық әкімдіктің тұрғындардың ең басты мәселесі баспанамен қамтамасыз етуді шешудегі бір бағдары – халықты апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерден көшіру. Мұндай үйлердің саны 200-ден асады. Қазіргі таңда әкімдік осы үйлерді бұзу кестесін қайта қарап, нақтылау жұмысын жүргізуде. Жалпы алғанда, жыл соңына дейін 20 үйдің тұрғындарын жаңа қонысқа көшіру жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, биыл 18 апатты үйден 330-ға жуық отбасы жаңа қонысқа көшірілді. 2023 жылдың соңына дейін тағы 2 үйдің тұрғындарын жаңадан салынған 43 пәтерге орналастыру жоспарда бар.

25 қазан – Республика күніне дейін қоныстойын тойлаған астаналықтар зор қуанышымен бөлісіп, қала басшылығына жылы лебізін жеткізді. Жаңа пәтер иелерінің бірі Татьяна Копнова бұрын 13 шаршы метр аумақта өмір сүргенін еске алады. Қазір оның баспанасы екі еседен де үлкен.

«Бұған дейін біз жатақханада тұрдық, баспанамыздың аумағы небәрі 13 шаршы метр болды. Енді жаңа баспанаға қоныстандық. Мұндай пәтерді өзіміз сатып ала алмас едік. Жаңа пәтерімді көргенде қатты қуандым. Біз көшіп кіргенде ол толықтай жөнделген екен. Үлкен, кең, жайлы үйде тұруды армандаушы едім. Ғажайыпқа сеніңіздер, армандарыңыз орындалады! Ғажайыпқа сеніп, пәтерлі болдық» деп Т.Копнова өз қуанышымен бөлісті.

Жаңа пәтерге ие болған астаналық Айгүл Құлбаева отбасындағы 6 адам небәрі 18 шаршы метр болатын бөлмеде тұрғанын, ал жаңа пәтер алғанда ерекше қуанғанын айтады.

«Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі бес қабатты дәлізді үйде ұзақ жыл тұрдық, әр қабатта 40 бөлмеден болатын. Отбасындағы 6 адам: өзім, жұбайым, 4 баламмен 18 шаршы метр жерде тұрдық. Енді, міне, жаңа пәтерге қоныстанып, қуаныштан көзімізге жас алып отырмыз. Қоныстойымызды туыстарымызбен, достарымызбен бірге атап өттік. Біз үшін бәрі қуанып жүр. Осындай көмек көрсеткені үшін мемлекетке, әкімдікке алғысымыз шексіз. Баршаңызға бейбітшілік пен қуаныш, бақыт тілеймін!» деген лебізімен бөлісті Айгүл Құлбаева.

Астана әкімдігі апатты үйлердің тұрғындары үшін алдағы 3 жылда 2,5 мыңнан 3 мыңға дейін пәтер салуды жоспарлап отыр. 2024 жылы мұндай үйлерден тағы 700 тұрғын көшеді. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен кездесулерінде жиі-жиі айтып жүр. Негізінен алғанда, апатты үйлерді бұзу 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы аясында жүргізіледі. Қандай жағдайда тұрғын үй апатты деп танылады? Көпқабатты үйдің негізгі конструкциялары – қабырғасы, іргетасы, қазығы, шатыры әбден тозып-шіріп, өзінің беріктігінен айырылған жағдайда және оларды алдағы уақытта пайдалану сол үйде тұратын адам өміріне қауіп төндіретін болса, ондай үйлер апатты деп танылады. Апатты үйлер бұзылған кезде онда тұратын тұрғындарға жаңа үйлерден пәтер беріледі. Тұрғындардың бұрынғы тұрғын үй аумағы, отбасы мүшелерінің саны және тағы басқа талаптар ескеріледі. Алайда кем дегенде 1 немесе 2 бөлмелі пәтер ұсынылады. Мәселен, қала әкімі биыл мамырда Сарыарқа ауданындағы Агро­қалашық тұрғын алабындағы тұрғындармен кездесу кезінде осындай апатты жағдайдағы 3 үйдің бұзылатынын мәлім етті. Мұндай үйлер Есіл өзенінің оң жағалауында көп кездеседі. Жалпы алғанда, 2023 жылға дейінгі мерзімге есептелген реновация бағдарламасына сәйкес, Астанада барлық ескі, тозығы жеткен нысандар бұзылып, олардың орнына жаңа нысандар салынбақ.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button