Басты ақпаратЕл тынысы

Үлкен өзгерістер мен ізденістер жылы

Жаңа 2025 жылдың табалдырығын аттайтын уақыт жақын. 2024 жыл ел үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Ал қазақстандықтар үшін Ұлу жылы несімен есте қалды? Ел өміріндегі айтулы, маңызды оқиғаларға шағын шолу жасайық.

Бес әлеуметтік кеселмен күрес

Биыл Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысы өтті. Одан Мемлекет басшысы қоғамдағы ең өзекті, шешімін күткен мәселелер төңірегінде ашық ойларын жеткізді.

«Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптас­тыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Олар – есірткі саудасы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық, вандализм» деді Президент құрылтайда сөйлеген сөзінде. Парламент Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын жүзеге асырып, осы құрылтайда айтылған мәселелерге қатысты әйелдердің, балалардың құқықтарын қорғайтын заңдарды қабылдады.

Ел болып еңсерген апат

Көктемде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында өңірдің қарғын су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көріп, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Президенттің төрағалығымен БҚО-дағы су тасқынына байланысты төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Мемлекет басшысы су тасқынына қатыс­ты жағдай өте күрделі екенін атап өтіп, мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Бұл жолғы су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды. «Бұл – табиғи апат. Қысқасы, алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәріміз бір ел, бір ұжым болып осы апатты еңсеруіміз керек. Басқа жол жоқ» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы бұл оқыс оқиғадан сабақ алуымыз керектігін атап айтты. Су тас­қыны кезеңіне жыл сайынғы дайындық жұмыстары жаз-күз мезгілдерінде басталып, үш бағытта жүргізілуі қажеттігін тапсырды. Кейінірек билік пен бұқара бірлесіп, бұл апатты еңсердік. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырманы толық жүзеге асыруға кірісті. Нәтижесі қалай болатынын алдағы көктем көрсетеді.

Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ Инновациялық орталығына барды. Жиын барысында Президент Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты. Мемлекет басшысы аталған сала мен жалпы Қазақстан – Қытай қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашудың маңызды екенін атап өтіп, нысанды іске қосты. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логис­тика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыз­дардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі. Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразия­дағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

ШЫҰ-ның келешегі зор

Биылғы жылдың ең айтулы саяси оқиғаларының бірі – Астанада өткен ШЫҰ-ның тарихи саммиті. Жаһан жұрты көз тіккен жиында 5 елдің одағы ондыққа айналды. Астана декларациясы қабылданып, 25 маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл басқосуда ШЫҰ-ның орасан зор әлеуеті, жаһандық деңгейдегі рөлі айқын көрінді. Ең бастысы, ШЫҰ өзін әлемдегі бірегей алаң ретінде мойындатты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан кейін саммит «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды. «Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді» деді Президент.

Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Халық АЭС салуды қолдады

7 қазанда Орталық референдум комиссиясы аумақтық референдум комиссияларының хаттамалары негізінде 2024 жылғы 6 қазанда өткен республикалық референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады. Құзырлы мемлекеттік органның таратқан мәліметі бойынша, референдумға қатысу құқығы бар ҚР азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 487 адамды құрады. Олардың 63,66 пайызы немесе 7 820 204 дауыс беруге қатысты. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы немесе 5 561 937 адам Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін қолдады. Мемлекет басшысының ұйғарымымен құрылысы бірнеше жылдарға созылатын аса ірі жобаны осы салада мол тәжірибесі бар компаниялардан құралған халықаралық консорциум жүзеге асырады. Ол – Франция, Қытай, Ресей Федерациясы сияқты алпауыт елдердің компаниялары.

Бірлік пен татулық тойы

Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуы ғажайып сән-салтанатымен дүркіреп өтті. 30 мың адам сыятын «Астана Арена» стадионы 20 мың көрерменге лық толды. 3 мыңға жуық өнерпаз қатысқан дүбірлі жарыстың ашылуы – Олимпиада ойындарының ашылуынан ешбір кем болған жоқ. Салтанатты рәсімге қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиында сөз сөйледі. Президент шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. «Астана Арена» стадионында өткен рәсімге Өзбекстан Президенті Шавкат ­Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азия­дағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді.

Серіктестіктің жаңа белесі

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронның шақыруымен 4-5 қараша күндері Франция Рес­публикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздер өтті. Қазақстан Президенті Францияның іскер топтарының бірқатар өкілдерімен кездесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парижге мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациясының мүшелері 36 құжатқа қол қойды. Оның ішінде жалпы сомасы 2,2 миллиард долларды құрайтын 1 үкіметаралық, 21 ведомствоаралық және 14 коммерциялық құжат бар. Франция Президенті Эмманюэль Макрон Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық, Қазақстан Президентінің Францияға сапары туралы қазақ тілінде жазба жариялады. «Қош келдіңіз, құрметті серіктес, құрметті дос. Сіздің мемлекеттік сапарыңызбен біз Қазақстан мен Францияны, қазақстандықтар мен француздарды біріктіретін терең достықты атап өтудеміз» деп жазды Эмманюэль Макрон.

Түркінің бірлігі бекем

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Франция сапарынан кейін Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкек қаласына барды. «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» деген тақырыппен өткен басқосуда Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында атқарылған іс-шараларға тоқталды. «Қазақстан Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтас­тықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ықпалдастықтың жарқын кезеңі

Мемлекет басшысының шақыруымен 27 қарашада елімізге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келді. Осы сапар аясында жоғары деңгейдеггі келіссөздер жүргізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапарын екі ел қарым-қатынасының дамуындағы маңызды кезеңге жол ашатын тарихи оқиға деп атады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button