Елорда тынысы

Үлкен сахнада – ұлттық өрнек

URKER тобы мен «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің бірлескен концерті танымал топтың 30 жылдығы мен елордалық театрдың 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, 21-22 наурызда «Астана Балет» театрының сахнасында өтеді. Көрермен қауым нағыз кәсібилік пен жанды дауыста, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалатын әндерді тыңдап, құлақ құрышын қандырары анық.

«Астана Балет» театры симфониялық оркестрімен бірлесіп, мерейтойлық концерт өткізу – URKER тобының дамуындағы кезекті әрі заңды белес деп білемін. Себебі біздің әндерімізде байтақ даламыздың симфонизмі бар, ұшы-қиыры жоқ кеңістігіміз бен сазды әуендеріміз сезіледі. Поп-музыканттардың классикалық оркестрмен осы тектес бірлескен концерттері тыңдарман қауымның қызығушылығын арттыра түсері даусыз» дейді URKER тобының басшысы, әрі композиторы Айдос Сағат.

Айдос Сағаттың жетекшілігімен 1993 жылы құрылып, осы уақыт аралығында құрамы да солистері де әлденеше рет ауысқан, тіпті, бір кездері көпшілік алдына мүлдем шықпай қойған бұл топ көпшілікке Нау­рыздың бейресми әнұранына айналған «Наурыз», лирикалық иірімдерден өрілген «Жаным», «Махаббат әні», «Сәулем-ай», «Әсел», «Я буду рядом», «Сен», патриоттық «Туған елім», «Мой Казахстан» және тағы басқа әндерімен етене таныс. Музыкалық топтың бұл әндері біздің ортақ мәдени тарихымызға айналды.

«Симфониялық оркестрдің орындауында түрлі жанрдағы музыка дәріптеліп жатқанына қуанамыз. Симфониялық оркестрге лайықталған әлемдік рок-поп музыканы орындау бойынша ұжымымыздың тәжірибесі бар. «Астана Балет» оркестрі URKER тобының сүйікті әндеріне тың леп беріп, жаңа реңге бөлейтініне сенімдімін. Біздің оркестрдің көптеген әртістері осы әндерді тыңдап, ер жетті десек болады. Сол себепті, Наурыз мейрамы кезінде бәріміздің сүйіп тыңдайтын әндерімізге айналған шығармаларды сим­фониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындау – біз үшін мәртебе десек те болады» деген ойымен бөлісті, оркестрдің менеджері Айжан Хайдар.

Мерейтойлық концерт уақыт пен кеңістіктегі саяхат іспетті болып қана қоймай, елорданың мәдени тынысындағы нағыз құбылысқа айналары сөзсіз. Наурыз мейрамына орайлас­тырылған концерт Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ.

 «Астана Балет» театрының Наурызға тартуы

25 наурызда «Астана Балет» театры сахнасында «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы көрсетіліп, көрермен қауым қазақтың сайын даласына саяхат құрғандай күй кешеді.

Кеш бағдарламасында ел ішінде ғана емес, шет елдерде де зор қошеметпен қабылданып, көпшіліктің ықыласына бөленген билер топтамасы көрсетіледі. Көрермен қауым еліміздің би өнерінің тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің шығармашылығымен таныса алады. Бұл бағдарламада этнография­лық элементтер заманауи хореографиялық шешімдермен, жарқын бейнелермен, қызықты драматургиямен үйлесіп, астасып жатыр. Әрбір миниатюра – көшпелі ел дүниетанымының сан қырлы фәлсафасын мейлінше аша түсетін әпсана іспетті.

Хореограф Айгүл Тәти жаңа стилистикалық тәсілдерді іздеп, музыка, қимыл мен костюмнің тың үндестігін табуға ұмтылғанымен, мұрамызға айналған бидің ұлттық өрнегін барынша сақтауға күш салады. Сонымен қатар, оны ой елегінен өткізіп, пайым өлшемімен екшелейді: «Мен өзімізге дейінгі режиссерлік тәсілдердің құрсауында қалмай, бізге дейінгі қойылым стилінен мейлінше алшақтауға тырыстым. Мен дәстүрлі қазақ биінің шеңберінде қалмай, жаңа форма іздеуге, қазақы болмысымызды аша түсетін тың дүниелерді табуға тырыстым».

Бұл би топтамасын бірнеше сөзбен сипаттауға болар: Ұлт болмысына үңілу. Дәстүрді сақтап, қастерлеу. Жаңа формалардың мінсіздігі.

«Жеті қазына» премьерасы

2022 жылдың желтоқсан айында І республикалық «Ашық сахна» байқауы аясында тәжірибелі және енді ғана қанат жая бастаған либреттистер, композиторлар, хореографтар мен сценографтар өз жұмыстарын қазылар алқасының құзырына тапсырған болатын. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен талапкерлер қатысты. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі мен байқаудың жеңімпаздары шығарған «Жеті қазына» хореографиялық миниатюрасының премьерасы «Астана Балет» театрының сахнасында 2023 жылғы 1 мамырда өтеді.

«Ашық сахна» байқауы – биылғы маусымның керемет эксперименті. Біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Тың идеяларды жүзеге асырып, театр өнері саласында жаңа есімдерді, жаңа дарындарды анықтауға тырысамыз. Идеялары көл-көсір дарынды қоюшыларымыз көп екенін зор сеніммен айта аламын. Осы байқау жыл сайын өтетін дәстүрлі байқауға айналады деген үмітіміз бар» деген ойымен бөлісті театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

«Жеті қазына» хореография­лық миниатюрасының премьерасы «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің көрсетілімі барысында, «Астана Балет» театрының сахнасында 1 мамырда өтетін болады. Қойылым авторлары қазақ халқының болмысын салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы көрсетеді. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы фәлсафалық түсініктердің бірі – «Жеті қазына». Қойылымға осы ұғым негіз етіп алынған.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button