Басты ақпаратҚоғам

Үміт те, күдік те басым

Жақында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында ел заңнамасына мемлекеттік тілді білмейтіндерді азаматтыққа қабылдаудан бас тартуды көздейтін түзету әзірленіп жатқанын айтып еді, әлеуметтік желі қолданушылары «бұл заң шетелден келетін қандастар көшіне тосқауыл болмай ма?» деген күдіктің шоғын қызыл тілімен көсеп-көсеп жіберді.

Шынын айтайық, бастапқыда біз де бұл мәселеге үрке қарадық. Өйткені бұл заң қазақ тілін білуге және қазақ тіліне деген қажеттілікті арттыруға бағытталғандай көрінгенімен, шетелден келетін қандастарымызға тосқауыл болатын тұсы да жоқ емес еді. Себебі шетелдегі қазақтың бәрі қазақ тілін жоғалтқан жоқ деп айта алмаймыз. Үлкендері ана тілін ұмытпағанымен, бала-шағасы күн өткен сайын ана тілінен алыстап барады. Мәселен, Қытайдағы ең соңғы қазақ тілді мектеп 2018 жылы жабылды, қытайландыру сая­саты қатты жүріп жатқан бұл елде қазір ресми дерек бойынша 1,5 миллионнан астам қандасымыз тұрады. 2017 жылға дейін тілінен, дінінен айырылмай, салтын сақтап келген бұл елде қазір жағдай мүлде басқаша. Балалардың тілі балабақшадағы кезінен-ақ қытайша шығатын күйге жетті. Енді 5-10 жылда қазақ тілін білмейтін, сөйлей алмайтын 30 жастан төменгі жастардың саны еселеп артатыны қазірдің өзінде айқындалып болды. Дәл сол сияқты Еуропадағы, сондай-ақ АҚШ, Канада сияқты елдердегі қазақ жастары да қазақ тілін білмейді, басқасын қойып, түбі бір түркі елі – Түркияның өзінде ана тілінен көз жазып қалған қазақ жастары да баршылық. Ал тағдыры қыл үстінде тұрған Ауғанстан қазақтарының дені қазақ тілін білмейді. Соғыстан әбден сілікпесі шыққан олар қазір не қазақ екенін дәлелдей алмағандығы, не қазақ тілін білмейтіндігі себепті Қазақстанға жете алмай отыр. Міне, осы тұрғыдан алғанда, жұрттың Үкімет басшысының сөзіне үрке қарайтын жөні бар. Бірақ бұл күдікті ­Премьер-министрдің өзі се­йілтті. 10 қараша күні Сенаттың жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Үкімет басшысына мемлекеттік тілді білмейтіндерге Қазақстан азаматтығын бермейтін заң қабылдау мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды. Тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу қаралып жатқанын атап өткен Әлихан Смайылов көрші елдердің тәжірибесін де алға тартты.

– Этникалық қазақтарға және кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алатын адамдарға аталған талаптар қолданылмайды. Осы орайда Қазақстанда жақын туыстары тұрса немесе жұбайы Қазақстан азаматы болса, сондай-ақ елімізге еңбегі сіңген адам болса, онда тиісті шешіммен жеңілдетілген түрде азаматтық ала алады, – деді Әлихан Смайылов.

Демек, этникалық қазақтарға емтихан тапсыру талабы қойылмайды. Сондықтан аталған заң қандастар көшіне кедергі бола ма деп алаңдаудың қажеті жоқ. Бірақ бізді қазақ тілін білетін басқа ұлт өкілдеріне азаматтық бере берудің, сондай-ақ, «жұбайы Қазақстан азаматы болса», ҚР азаматтығын ала алады деп мүмкіндік жасау онсыз да шетел азаматтарының етегінен ұстап кетіп жатқан қыздарымыздың санын көбейт­пей ме деген ой мазалайды. Керек десеңіз, Қазақстан азаматтығын алғысы келетін басқа ұлт өкілдері Қазақстан азаматына уақытша үйленіп немесе ақша беріп, жалған некеге тұрып, алаяқтық тәсілмен азаматтық алатындардың саны күрт көбеюі де мүмкін ғой. Жақында Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті қыркүйек пен қазан айларының аралығында 500-ге жуық отандасымыздың Ресей азаматымен неке қиғанын хабарлады. Бұл көрсеткіш неге аяқ астынан күрт көтеріліп кетті? Шетел азаматтары «жұбайы Қазақстан азаматы болса» деген түйінді қатты пайдаланып жатқан жоқ па?!

Екінші бір ескеретін мәселе, Қазақстан билігі көші-қон саясатын жетілдірумен қатар, шетелдегі диаспораларға қаратылған жүйелі заң жасау керек. Атажұртқа көшіп келмеген, шетелде тұрып жатқан қазақтарға Қазақстан қалай көмектеседі, олардың тілін жоғалтпай, дәстүрінен айырылмауы үшін Қазақстан не істеуі керек деген мәселе сол диаспора саясатында анық көрініс табуы тиіс. Өйт­кені шетелдегі қазақтар Қазақстанның баянды дамуы үшін стратегиялық мәнге ие маңызды күш екенін, диаспора халықаралық дипломатияда «жұмсақ күш» есептелетінін ұмытпаған абзал. Қазір қазақтың үштен бірі, яғни 6 миллион қазақ әлі шетелде жүр. Біз бұл қазақтың ­бірде-біреуін жоғалтып алмауымыз керек. Олардың Қазақстан деген ел барда французға, қытайға, орысқа сіңіп кетуіне қарап отырып жол берсек, ол – ұлтқа жасалған қиянат. Демек, бүгінгі таңда қазақ диаспорасы әлсіз жағдайда. Оны күшейте алмай отырған – Қазақстанның өзі. Бұл да ойланатын мәселе.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button