Қала мен Сала

Үркерліктердің үміті ақталды

Астананың дамуы инженерлік инфрақұрылым құрылысымен қатар жүруі тиіс. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы аралау ­барысында мәлімдеді.

– Қаланың дамуы инженерлік инфрақұрылым құрылысымен қатар жүруі тиіс. Олар – су құбыры, электр, кәріз және т. б. желілер. Елорданың өмір сүру сапасы олардың үздіксіз жұмысымен тікелей байланыс­ты. Қаланы аралау барысында кәріз-тазарту құрылысының (КТҚ), тазарту құрылыстарының (Жастар шағын ауданы), ауыз су станцияларының және т. б. жұмысымен таныстым, – деді Астана әкімі.

Елорданың инфрақұрылымымен танысу барысында Жеңіс Қасымбек Үркер елді мекенінің тұрғындарымен кездескенін айта келе, онда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Мәселен, Үркер (Ильинка) елді мекенінде нөсер кәрізінің үшінші кезегін жобалау жүріп жатыр. Жобаның қуаттылығы тәулігіне шамамен 45 мың текше метрді құрайды. Жобаны іске асыру Үркер елді мекенінен, Қорғалжын тасжолынан, т. б. еріген қар және жаңбыр суын бұруды қамтамасыз етеді, – деді қала басшысы.

Үркер елді мекенінің тұрғындары инженерлік желілерді, электрмен жабдықтау желілерін, әлеуметтік нысандарды, жолдар салу, абаттандыру, көгалдандыру, аялдамалар және т. б. мәселелерді көтерді.

– Елді мекенді дамытудың жалпы жоспарын құрамыз, ең алдымен шешілуі тиіс міндеттерді және екінші кезеңде қолға алу қажет мәселелерді анықтаймыз. Бірінші кезектегі міндет – Үркер елді мекенінде кәріз және электрмен жабдықтау желілері проблемасын шешу. Біз мұны бірінші кезекте орындаймыз. Сол сияқты бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, мердігерлерге биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтау міндеті тапсырылды. Сондай-ақ осы елді мекенде екі мектеп саламыз. Олардың біреуі 2024 жылы және екіншісі 2025 жылы пайдалануға беріледі, – деді Ж.Қасымбек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушы орнына арналған екі ауысымды 25 мектеп салынады. Олардың құрылысын биылдан бастау көзделуде. Жалпы, қалада келесі оқу жылына 13 мектеп салу жоспарланып отыр.

– Сол сияқты кәріз-тазарту құрылысын (КТҚ-2) жобалау, инженерлік желілерді жаңғырту, электр қосалқы станцияларын реконструкциялау жүріп жатыр. Бұдан бөлек, ауыз су станциясының (3-ССС), газ жылу станцияларының және т. б. құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, ауыз су станциясының қуаты (3-ССС) тәулігіне 100 мың текше метрден асады, – деді елорда әкімі.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button