Басты ақпаратБілім

Үш ауысымда оқитындар азая ма?

Еліміздегі 64 мемлекеттік орта білім беру ұйымы үш ауысымда білім беріп келеді. Астананың өзінде 4 мектептің сыныптарында 30-40 баладан қатар оқуда. Оқушы саны тым көп болса, сапалы білім мен саналы тәрбиенің ­ақсайтыны сөзсіз. Саладағы басты мәселе өз шешімін таба ма? Қиын ­түйіннің күрмеуі қашанға созылмақ?

Мектепте мәселе көп

Әлемдік тәжірибені негізге алсақ, дүние жүзіндегі дамушы мемлекеттердің қатарындағы Вьетнам, Аргентина, Малайзия, Түркия және Тайланд тарихында үш ауысымда оқыту ешқашан болмаған. Мемлекеттер, халық санының көптігіне қарамастан, бір ауысымда оқытуды негізге алады. Ал еліміз әлі де үш ауысымнан арыла алар емес. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 8 мыңға жуық мектепте 3,9 млн бала білім алуда. Оның ішінде 3 мыңға жуық мектеп – бір ауысымда, 4,7 мың мектеп екі ауысымда білім беріп келеді.

«Үш ауысымда оқытатын мектептер саны – 64, яғни бұл ел аумағындағы мектептер санының 0,7 пайызын құрайды. Үш ауысымды мектептердің мәселесі жыл соңына дейін толық шешіледі» делінген министрлік жауабында.

Бас қала бойынша 4 мектеп (№37, 71, 79, 83) үш ауысымда оқытуда. Жақында астаналық үш ауысымды мектептердің бірін сенатор Бибігүл Жексенбай аралап, білім беру ұйымындағы түйткілді мәселелерді өз әлеуметтік желісінде жариялаған еді.

«Астана халқы санының жылдам өсуінен әлеуметтік нысандарға да айтарлықтай ауыртпалық түсіп жатыр. Қалада жыл сайын жаңа мектептер салынып жатқанмен, елордамызда үш ауысымдағы білім ошақтары әлі де бар. Соның бірі – №71 мектеп-лицей. Білім ошағы, негізінен, 1200 оқушыға арналғанмен, бүгінгі таңда 5299 оқушы үш ауысымда оқып жатыр. 20 балаға арналған әр сыныпта 40 оқушыдан болып отыр. Мектеп осыдан 10 жыл бұрын ғана салынғанмен, «Жайлы мектеп» жобасымен салынып жатқан мектептермен салыстыру қиын.

Дәліздері тар, сыныптарда қапырық, ауаның да жетімсіздігі байқалады. Мектеп әлеуметтік көпқабатты үйлер шоғырланған ауданда орналасқандықтан, 5 мыңнан аса баламен қатар, мыңдаған ата-анамен жүйелі жұмысты талап етеді. Салыстырмалы түрде мұнда ерекше көңіл бөлуді қажет ететін, ментальді ауытқулары бар балалар саны да біршама. Олармен жұмыс істеуге арналған бөлмелердің жабдықталуы тым жұпыны. Оның өзі ұжымның қолдан келген мүмкіндігімен жоқтан бар жасау десе болады. Біз 450 бала тамақтанатын асхана, спорт зал, кітапхана, жеке пән сыныптарын аралап, жалпы мектеп жағдайымен танысып, ұжыммен кездестік. Кездесуде мұғалімдер жүктемесі, инклюзия және ментальді ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтар еңбекақысына орай мәселелер талқыланды. Мұғалімдер тарапынан оқулық сапасының төмендігі де айтылды. Ұжым мұғалімдерінің айтуынша, Астана қаласы үшін 24 сағатқа қаражат алу өте төмен және олар 32 сағат немесе одан да жоғары жүктеме беру мәселесін шешуді, мүмкіндігі шектеулі оқушылармен жұмыс істейтін мұғалімдердің, педагог-ассистенттердің жалақысын көтеруді сұрады. Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтылғандай, елімізде 2025 жылы 460 мың оқушыға есептелген 217 жаңа «Жайлы мектептің» құрылысы жоспарланған. Оның бірқатары жыл сайын тұрғындары өсіп жатқан елордамызда салынады. Бұл осындай үш ауысымда оқыту мәселесін барынша қысқартып, тозығы жеткен мектептер мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз» деді сенатор.

Оқытудың жүгі ауыр

Үш ауысыммен оқытуда көпті алаң­дататыны – баланың қауіпсіздігі. Себебі 9-ға дейін сабағы бар оқушылар кеш қараңғылығы қоюланған шақта көше кезуге мәжбүр. Оның үстіне тар дəлізде соқтығысып, мектепте қысылып-қымтырылып жүретін баланың зейіні оқуда, назары кітапта болуы екіталай. Сонымен қатар бір сыныпта 40-тан аса баланың бірдей сабақ оқуы нормаға сай келмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес, стандарт бойынша бір сыныпта 25-тен артық оқушы отыра алмайды. Елордалық Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназия­ның 1-сынып оқушыларының тобында орташа есеппен 40-41 бала қатар оқиды. Мектеп 5 жылдан бері үш ауысымда білім беруде. Мектептің сыйымдылығы 1200 орынға шақталғанмен, қазір 4852 оқушы білім алып жатыр. Бастауыш сыныптарда оқушылардың орташа саны – 35-36. Білім ошағында бастауыш сыныптар ғана үш ауысымда оқыса, қалған 5-11-сыныптар екі ауысымда білім алуда. Бірінші ауысым таңғы сағат 8:00-де басталып, түскі 12:30-да аяқталады. Екінші ауысым сағат 11:05-те басталып, сағат 15:40-та аяқталады. Үшінші ауысым сағат 15:00-де басталып, сағат 19:30-да аяқталады.

Мектеп директоры Гүлмира Жарменованың айтуынша, үш ауысымда оқу сапалы білім алуға кері әсерін тигізбей қоймайды. Бала санының көптігіне байланысты мектепке ата-аналардың сұранысы да жоғары көрінеді. Ата-аналар өзге мектептерден бұрын ел мақтаған білім ошағында балаларын оқытуға жаппай күш салады екен.

«Үш ауысымды мектептерді жою – еліміздің білім саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі.

Мұндай оқытудың кедергілері де жоқ емес. Пән кабинеттерінің жетіспеушілігі, үйлеріне кеш жететін оқушылардың түрлі үйірмелерге қатысып үлгермеуі, асханадағы тамақтану уақытының ыңғайсыздығы, бір спорт залдың тар болуы сынды мәселелер бар. Оқу бағдарламасына сәйкес, сағат саны бойынша білім алушыларды кабинетпен қамтамасыз ету қиындық тудырады. Екі ауысым арасындағы 20 минут – сыныптарды жуып, желдетіп, келесі ауысымға дайындау үшін аз уақыт. Сыныпта оқушылар мөлшерден тым көп болғаннан кейін, оқушылар арасында келіспеушіліктер болып, оны ата-аналар дұрыс қабылдамай жатады. Яғни бала тәртібін бақылау оңай емес. Дегенмен қауіпсіздікті сақтау үшін кезекшілік құрылды. Үзіліс кестесін жүйелеу мақсатында «қозғалыс картасы» да әзірленген. Мұндай оқу жүктемесінің бірінші қиындығы сабақ уақыты қысқарып, мұғалімдер барлық материалды терең түсіндіруге үлгермейді. Бұл оқушылардың білімді толық меңгеруіне кері әсер етеді. Екіншіден, бір күнде үш ауысымда жұмыс істеу – мұғалімдер үшін үлкен жүктеме. Олар сабақ өткізіп қана қоймай, оны дайындауға да уақыт бөлуі керек. Үшіншіден, кешке дейін мектепте болу оқушылардың денсаулығына кері әсер етеді, ұйқысы бұзылады, шаршау басым болады. Төртіншіден, мектеп ғимараты бір күнде үш рет оқушы қабылдайтындықтан тез тозады. Санитарлық-гигиеналық жағдай нашарлауы мүмкін, ал оқушыларға жеткілікті орын мен жабдық жетпеуі ықтимал. Дегенмен үш ауысымда оқыту – білім берудегі уақытша үдеріс. Себебі келесі 2025-2026 оқу жылында 610 орынға шақталған мектеп-гимназияның қосымша ғимараты пайдалануға берілгенде, бастауыш сынып оқушыларының саны 25 оқушыдан және екі ауысымда оқиды деп есептеп отырмыз» деді мектеп директоры.

Астанадағы Қ.Мұхамедханов көшесі бойындағы №79 мектеп-лицейі де үш ауысымда оқытуда.

Оның себебі де жоқ емес. Көше бойында бұл жалғыз мемлекеттік мектеп. Ал ең жақын дегендері – оқу ақысы жылына кемі 2-3 млн теңгені құрайтын жекеменшік мекемелер.

Ортанқол отбасылардың бұған айлығы жетпейтіні сөзсіз, сәйкесінше, ата-аналар үш ауысымды оқытуды таңдайды.

Орын тапшылығы қайтсе шешіледі?

Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназия директоры Гүлмира Серғазықызы түйткілді шешудегі үміт биыл салынады делінген «Жайлы мектептерде» дейді.

Мемлекет басшысы орын тап­шылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды қолдап, 2030 жылға дейін бір ауысымдық оқытуға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. Биылғы оқу жылы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуде қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер пайдалануға беріліп, тағы да жаңа білім ошақтары салынады. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы атап өтті.

– Елордамызда жыл сайын халық санының көбеюіне байланысты әлеуметтік нысандарға сұраныс пен қажеттілік артып келеді. Сол себептен де үш ауысымды мектептердің мәселесі бар.

Өткен жылы қаламызда 24 мектеп ашылды. 2024 жылы 4 үш ауысымды мектептің (№27, 41, 69, 89), 5 тығыздалған мектептің (№17, 59, 63, 67, 85), 1 апатты мектептің (№12 мектеп) және 18795 орындық тапшылық мәселелері шешілді. Биыл тағы жалпы сыйымдылығы 22912 орындық 15 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл мәселе толық шешіледі деп жоспарлап отырмыз, – деді баспасөз хатшысы.

«Жайлы мектеп» жобасы биыл аяқталатынын ескерсек, жоспардағы 7 мектеп салынса ғана елордада үш ауысымды оқытудың мәселесі шешілмек. Десе де бас қалаға өзге өңір азаматтарының жаппай ағылуы мен халық өсімін ескерсек, бұл – «осымен аяқталды» деп кілт үзе салатын емес, үздіксіз жүруі тиіс процесс.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button