Руханият

Үш тұлғаға тағзым

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» аясында тілтану саласындағы танымал тұлғалар Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Жиынға Еуразия ұлттық университетінің академик ғалымдары, профессор, оқытушы, студенттерінен сырт, Eге университетінің, Қарабақ университетінің, Қазан федералды университетінің, Қарақалпақ гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары онлайн қатысып, сөз сөйледі.

Үш академик – Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбаев – қазақ тілінің дамуына үлкен үлес қосқан ғалымдар. Түркология ғылымына зор үлес қосқан танымал ғалым Әбдуәли Қайдар (1924-2019) қазақ тіліндегі бір түбірлі сөздер, көне атау­лар, қос сөздер мен терминология мәселелерін зерттеді. Қазақ тілінің лексикологиясы, ономастика және этнолингвистика салаларының дамуына өз үлесін қосты. Қазақ халқының дүние­танымы мен рухани мәдениетін тіл арқылы зерттеп, үш томдық этнолингвистикалық сөздік құрастырды. Ал Рабиға Сыздық (1924-2020) қазақ тілінің стилистикасы, орфографиясы мен орфоэпиясын зерттеуге өшпес үлес қосты. Абай шығармаларының тілін жан-жақты талдап, қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеді. «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Абай тілінің ерекшеліктері», «Абайдың сөз өрнегі», «Сөздер сөйлейді» сияқты маңызды еңбектер жазып, тіл ғылымының дамуына саналы ғұмырын арнады. Шора Сарыбаев (1925-2018) – Қазақ тілінің диалектологиясы саласының негізін салушылардың бірі. Қазақстандағы тілдік диалектілер мен говорларды зерттеп, олардың ерекшеліктерін анықтады. Қысқасы, бұл үш ғалым да қазақ тілінің ғылыми негіздерін қалыптастырып, оны дамытуға ерен еңбек сіңірді.

Жиналысқа қатысып, сөз сөйлеген баяндамашылар үш тұлғаның еңбек жолымен байланыстыра отырып, олардың қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі мен жас ұрпақтарға қалдырған зерттеу еңбектеріне тоқталды.

– Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбаев үшеуі де – қазақ тіл білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымдар. Бізге осы тіл білімінің үш тұлғасымен бір ғылыми мекемеде еңбек етіп, тәлімін көріп, тағылымын алу бақыты бұйырды. Олар соңына мол ғылыми мұра қалдырып, көптеген мықты шәкірттер тәрбиеледі. Биыл қазақ тіл білімінің көрнекті тұлғаларына арналған ғылыми жиындар, конференциялар жер-жерде өтіп жатыр. Бүгінгі жиын да солардың жалғасы. Бүгінгі үшеуінің 100 жылдық мерейтойларына арналған алқалы жиынның  аталып жатуының өзіндік символдық мәні бар. Себебі олар өмір бойы бір ғылыми-зерттеу институтында еңбек етті, жұптары жазылмай бірге жүрді. Ұзақ жыл бір мекемеде еңбек еткенде сыйластығын сақтап, әзілдері жарасып өтті. Олардың осы бір өнегелі ғұмырын жас ұрпаққа үлгі етіп, ғылымдағы жолын жалғастыру – біздің және жас ұрпақтардың парызы. Өйткені із бар, ізбасар жоқ болса, ғылым ешқашан дамымайды, – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы.

Осыдан кейін ғалымдар үш академиктің еңбектеріне жеке-жеке тоқталып, арнаулы баяндамалар жасады. Филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының профессоры Мағрипа Ескеева «Академик Әбдуәли Қайдардың ғылыми әлемі» тақырыбында; Филология ғылымдарының докторы, Қарақалпақ гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу инс­титутының профессоры Пердебай Нажимов «Әбдуәли Қайдар және түркі тілдерінің этнолингвистика ғылымы» тақырыбында баяндама жасады. Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рақымжан Тұрысбек «Абай мұрасы Р.Сыздық еңбектерінде» тақырыбында сөз қозғады. «Академик Р.Сыздық зерттеулері әр алуан, көп қырлы. Ол Абай мұрасының мәніне, сөз сарасына, қара сөздер жүйе­сіне, ақыл-қайрат, жүрек үніне, бес асыл іс маңызына ден қояды. Абай шығармаларының тілі туралы бірқатар еңбектер жазды. «Абай тілінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық, «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады» деді ол.

Алматыдан онлайн байланысқа шығып, құттықтау сөзін сөйлеген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан үш академиктің 100 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында да ғылыми конференциялар өтетінін айтып, үш академикке де Алматыдан көше берілмек деген қуанышты хабарды жеткізді.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button