Үстел теннисінен Азия чемпионаты өтеді
6-13 қазан аралығында Астанада үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты өтеді. Қазақстан астанасы алғаш рет құрлықтық біріншілікті қабылдайды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz
Чемпионатқа қатысатын Азияның барлық үздік ойыншылары құрлықтағы ең мықты беделді атақ үшін күш сынасады.
Алдағы Азия чемпионатында 26 елден барлығы 210 спортшы өнер көрсетеді. Медальдарды Бахрейн, Гонконг, Үндістан, Иордания, Иран, Йемен, Катар, Қытай, Қытайдың Тайбэйі, КХДР, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив, Моңғолия, Непал, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сингапур, Таиланд, Өзбекстан, Филиппин, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея, Жапония және Қазақстанның шағын ракетка шеберлері өзара сарапқа салады.
Қатысушылар арасында командалық есептегі Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы Қытай спортшысы Ван Чуцинь, командалық есептегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Мива Харимото және Миу Хирано (Жапония), Олимпиаданың алтын және күміс жүлдегері Сунь Инша (Қытай), микстегі Олимпиада чемпионы Мима Ито (Жапония), командалық есептегі Олимпиаданың қола жүлдегері Томоказу Харимото (Жапония) бар.
Қазақстан құрамасы атынан Рио-2016, Токио-2020, Париж-2024 Олимпиада ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко, 2020 жылғы Олимпиаданың қатысушысы Анастасия Лаврова, микстегі жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Алан Құрманғалиев, халықаралық турнирлердің түрлі жүлдегерлері Сарвиноз Миркадирова, Зауреш Акашева сияқты спортшылар өнер көрсетеді.
Азия континенті осы спорт түрінен әлемде жетекші орын алады. Бұл Азия чемпионатын халықаралық жарыс күнтізбесіндегі маңызды турнирлердің біріне айналдырып, үстел теннисі әуесқойларының жоғары назарын аударып, континенттегі үздіктер атағы үшін тартысты сайыс болмақ.
Медальдар ерлер мен әйелдер арасында жеке, командалық, сондай-ақ жұптық және аралас разрядтарда ойнатылады.
Жарыс «BEELINE ARENA» Ұлттық теннис орталығында өтеді. Көрермендерге кіру тегін.
Айта кетсек, чемпионатты «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.