Ел тынысы

Үздік педагог

Қоғамда енжарлық, тоғышарлық, масылдық келеңсіз көріністер жиі белең алған шақта, еңбек етуге ынта мен жігер азайған тұста еңбек адамына құрмет ерекше болуы тиіс. Жастарға тәрбие берудің басты құралы ретінде еңбек идея­сын ілгерілету қажет. Білімді ұлт. Терең білім. Еңбекқорлық және отаншылдық қасиет қана келешегімізді кемел, болашағымызды бағдарлы етпек. Осы ретте әлеуметтік саланың белді мүшесі, болашағымыздың барометрі – мұғалімнен асқан беделді мамандық жоқтың қасы.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар көрсетуде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол – әрдайым қасиетті тұлға.

Астана қаласындағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепте Гүлмира Байжұманова 1996 жылдан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Жұмыс барысында педагог-зерттеуші Гүлмира Мубаракқызы өзін білікті маман, тәжірибелі ұстаз, тамаша ұйымдастырушы және өнегелі қызметкер ретінде көрсетті. Ол – әріптестері арасында беделді ұстаз.

– Біздің мақсат – ұлттық құндылықтармен қаныққан, жауапты, еңбекқор, белсенді, отаншыл және өзіндік азаматтық ұстанымға ие ұрпақты тәрбиелеу, – дейді ­Г.Мубаракқызы өз ойын айта отырып.

«Барлық педагогтар болашақ ғасырдың тұлғасын қалыптастыруда оған қажетті дағдыларды игеруге қызмет ету – кез келген мұғалімнің, ұстаздың басты міндеті, мақсаты болуы керек» дейді ол.

Оқушы жетістігі – ұстаз абыройы. Ұстаз еңбегі шәкірт жетістігі арқылы көрінеді. Ұстаздың мақсаты – қабілетті оқушыларды зерттей жүріп, олармен бірлескен тынымсыз еңбектің, шығармашылық ізденістің нәтижесін көру. Сондықтан ең алдымен, өз кәсібіңе, өз пәніңе деген зор сүйіспеншілік болғаны абзал. Осынау сүйіспеншілік оқушы бойындағы білімге, пәнге деген алғашқы құштарлығын түртіп оятады. Ал осы шәкірт бойында оянған білім құштарлығы енді тұтанған шырақ секілді.

9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша аудандық, қалалық, республикалық олимпиадаға оқушылары жыл сайын қатысып, жүлделі орындардан көрініп, ҰБТ нәтижесі бойынша жоғарғы көрсеткіштерге ие болды.

2014-2015 жылы Айзирек Эсенбекқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жалпы білім беретін пәндер бойынша Рес­публикалық олимпиаданың аудандық, қалалық кезеңінде I орын иеленіп, мектептің мәртебесін көтеріп, үлкен абыроймен оралды. Биыл бұл жетістікті Гүлмира Мубаракқызының шәкірті Элина Омуралиева жалғастырды.

Осы орайда ата-аналар мен әріптестерінің Гүлмира Мубаракқызына еңбек жолы мен терең де телегей білімін, күш-қайратын шәкірттеріне арнағаны үшін айтар алғысы шекіз.

Ұстаз еңбегін ұлы ететін өзі емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аламан бәйгеден оза шауып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған білімді шәкірттері. Гүлмира Мубаракқызы бұл үдеден шыға білді.

Мемлекет басшысының ұстаздардың жағдайын жақсартуға қатысты қабылдаған, мұғалімдердің статусын көтеруге бағытталған заңы, ұстаздардың беделін көтеріп, мерейін тасытып, әлеуетін арттыра түскені анық. Осы ретте қала әкімдігінің, Білім басқармасының елордалық ұстаздарды қолдаудың ең үздік моделін көрсетіп отыр­ғандығын айрықша айту қажет. Астана қаласының ұстаздары – еліміздегі барлық ұстаздар қауымына мектеп қандай болуы керек, ұстаз қандай болуы керек, оқушы қандай болуы керек дегенде үлгі тұтар, алдыңғы қатарлы, үздіктер екенін мақтанышпен айтуымыз қажет!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button