Қоғам

Үздік жастар марапатталды

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында «Үздік әлеуметтік бизнес жобасы» конкурсының қорытындысы өтті. Жеңімпаздарды марапаттауға Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлы қатысып, қатысушы жастарға лебізін білдірді. 18 бен 25 жас аралығын қамтыған конкурстың басты мақсаты – жастарды құқықтық мемлекеттік және әділетті азаматтық қоғамды қалыптастыру жұмыстарына тарту. Сондай-ақ олардың бастамаларын қолдай отырып, ел азаматтарының жан-жақты дамуына қолдау көрсету, әр жобаларын ынталандыру болып табылады.

Ашық өткен конкурста қатысушылар өз жобаларын көрсетіп әрі қорғап, сондай-ақ қаладағы белгілі бизнес өкілдері арасынан қолдау ретінде тәлімгерлермен де жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр.

Конкурсқа қатысушылар алдымен бірінші кезеңде өз жобасын 3 минуттан аспайтын таныстыру (эссе, сөз сөйлеу, бейнеролик) арқылы қорғаған. Екінші кезеңде қатысушыларға әділқазылар тарапынан сұрақтар қойылып, олардың шығармашылық қабілеті, ойлау жүйесі бағалау парақшалары арқылы бағаланыпты.

Жобаға қатысушыларға қазылық етушілер бизнес өкілдері болды. Олардың қатарында «Tamos space school» жеке мектебінің директоры Нұрболат Бисенғалиев, SEED Education мектептер желісінің құрылтайшысы Гүлсім Егізбаева және т.б әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдері бар.

Байқауда алғашқы орын алған қатысушыға 700 мың теңге сыйақы берілді. Ал екінші жүлдеге – 500 мың, үшінші орын алған қатысушыға 300 мың теңге тағайындалыпты. Төртінші жүлдегер 200 мың теңге алса, қалған қатысушыларға Есіл аудандық әкімдігі тарапынан ынталандыру сыйлығы үлестірілді.

«Мұндай жобаларды жастар арасында жиірек өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, біздің елімізде талантты ойы ұшқыр қыз-жігіттер көп. Олар тың идеясымен көпшілікке өте қажетті жобаларын қорғап, ұсына алады. Аталған конкурсты ұйымдастырушыларға көп алғыс айтамын» дейді конкурс жүлдегері Сержан Ерланұлы.

Айта кетейік, шараны ҚР жекеменшік мектепке дейінгі және орта білім беру қауымдастығы, «Әділет» республикалық қоғамдық қоры және «Адал» халықтық бақылау қоғамдық қорымен бірге «Amanat» партиясының Жастар қанаты ұйымдастырыпты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button