Білім

Үйірмеге үйір бол!

Жақында қызық болды. Бес жастағы қызым билегенді сондай жақсы көреді. Содан оны анасы екеуміз балабақшадан ке­йін қосымша би үйірмесіне беруді жөн көрдік. Үйден онша алыс емес, маңайдағы хореографиялық екі-үш орталыққа бас сұқтым. Құйтақандай қызым оларды жақтыра қоймады. Амалсыздан даңқты батыр атамыз Бауыржан Момышұлы даңғылы бо­йындағы архитектуралық әсемдігімен анадайдан көз тартып тұратын Оқушылар сарайына жетектеп келдім. Сонда осы білім және өнер ордасының жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік туды.

БАЛАҒА ЖЕКЕ ТҰЛҒА ДЕП ҚАРАЙДЫ

Ашылғанына онша көп уақыт өте қоймаған жаңа Оқушылар са­райы бүгінде бас қаладағы ба­лалар мен жастардың шығармашылығын дамытатын тамаша орталыққа айналды. Әйтеуір ғимарат іші бір сәт жеткіншектерден босап көрген емес. Ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді өткізу үшін осында әкеледі. Бұл жерде оқушыларға сапалы білім беретін білікті ұстаздар ортасы қалыптасқан. Елімізге танымал өнер майталмандары да осы жерде жұмыс істейді. Олар әр балаға жеке тұлға деп қарап, оның дұрыс дамуына ықпал жасайды. Жеткіншектің әрбір үйірмеге қызығушылығын оятады.
Үйірме демекші, қазір мұнда 10 бөлім бойынша 127 үйірме жұмыс істейді. Бұл бөлімдер ғылыми-техникалық, лингвистика, ­театр, арт-дизайн, бейнелеу өнері, ұлттық аспаптар, спорт, хореография, вокал және медиацентр деп аталады. Осы үйірмелерге 11 мыңнан астам балалар қатысады. – Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді, – дейді біз әңгімеге тартқан Оқушылар сарайы директорының орынбасары Мақпал Қашқымбекова.
– Үйірмелердің 60 пайызы әлеу­меттік аз қамтылған отбасылар мен айрықша дарынды балаларға тегін қызмет көрсетеді. Бізге жеткіншектер 4 жастан бастап 18 жасқа дейін қабылданады. Қазір оқушылардың спорттық және би үйірмелеріне сұранысы өте жоғары. Техникалық салаға да қызығушылық басым. Осы сала бойынша дипломатиялық корпус, зертхана, нанотехнологиялар мен робототехника кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталды. Жас қаламгерлерге арналған «Ай-Бала» журналы жарық көреді. Қысқасы, бізде өнерін ұштаймын деген балаға бар мүмкіндік бар, – деді Мақпал Кәрібекқызы.

ҚҰЛТЕМІРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ КҮШТІ

Қазіргі балалар уақыт талабына сай түрлі техникаларға әуес. Әсіресе, құлтемірге деген қызығушылық күшті. «Робот» сөзі алғаш рет чех драматургі Карел Чепаканың бір шығармасында қолданылған. Онда зауыт жұмысының ешқандай адамның қа­тысуынсыз өздігінен жұмыс істейтіні жайлы айтылады. Ал 1927 жылы Нью-Йорк қаласында америкалық инженер Д.Уэксли әлемдік көрмеде өзі құрастырған алғашқы роботты жұртшылыққа көрсетеді. Осындағы робототехникалық үйір­месіне келетін балалар өте көп. Осы үйірменің мұғалімі Жақсылық Толқынның айтуынша, әрбір топқа 30-дай бала қатысады.
Біз кабинетке кіргенде, 1-сы­нып­қа енді барған оқушылар ойын­шық құралдарымен ро­боттар құрастырып жатты. «Өзім информатика пәнінен сабақ беремін. Қосымша осында қызмет істеймін. Биыл біздің үйірмеге келіп жатқан жеткіншектер көп. Күніне бес топ жұмыс істейді. Дүйсенбіде ғана демалыс, қалған күндері – жұмыс. Балалардың роботтарды құрастыруға ынтасы керемет. Үйірмеге оларды 1-сыныптан бастап қабылдаймыз. Сабақ екі тілде жүргізіледі. Бастапқы кезде жеткіншектер ойыншықтармен түрлі құрылғылар жасайды. 4-5-сыныптардан бастап бағдарлама сабақтары оқытылады. Осы бағдарлама арқылы құлтемір өзі шешім қабылдайтындай дәрежеде құрастыруға жеткіземіз. Былтыр 9-сынып оқушылары «Чапи» деген роботты әртүрлі детальдардан құрастырып шығарды» дейді үйір­ме мұғалімі.
Математика үйірмесіне де балалар көп келеді. Мұны бізге осында алты жылдан бері математика пәніне арналған үйірмені жүргізіп келе жатқан Бейімбет Қабыл айтты. Бұған оқушылар 4-сыныптан бастап қатысады. Бір топта 15-20 жеткіншек бар. Бұл жерде де сабақ екі тілде өтеді. Үйірмеде балалар логикалық бағыт бойынша есептер шығарады. Түрлі олимпиадаларға дайындалады. Олардың арасында республикалық, қалалық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген таланттылар жетерлік.

СУДА ЖҮЗГЕННІҢ ДЕНІ САУ

Бір ғана хореографиялық бө­лімде он екі би үйірмесі бар екен. Оның бесеуі спорттық болса, екеуі – заманауи, біреуі кавказ халықтарының билеріне арналса, қалғаны халықтық биге бағытталған. Хореография бөлімінің жетекшісі Айнұр Шүкірованың сөзінен жеткіншектердің би үйір­месіне деген ынталары жоғары екендігін аңғардық. Осы би түрлеріне 1300 бала қатысады. Ақылы үйір­менің бағасы айына 8-10 мың теңгені қамтиды. Би үйірмесінің өрендері қалалық, республикалық мәдени шараларда өнер көрсетеді. Шет мемлекеттерде өткен түрлі байқауларда бақ сынаған. Мәселен, бұған дейін Түркия, Ресей, Грузия мемлекеттерінде болған би конкурстарында еліміздің көк байрағын биікке желбіретіпті. Биыл Ұлыбританияда спорттық би түрінен өткен сайыстан да жүлдемен оралыпты.
Қазір дәрігерлер суда жүзудің адам денсаулығына пайдасы көп екендігін айтады. Сондықтан қа­ла балаларының ауылға қара­ғанда қысы-жазы суда жүзуге мүмкіншілігі мол. Оқушылар сарайындағы суда жүзу үйірмесіне жасөспірімдер көп жазылған. «Менде он бес топ бар. Әрбір топ­қа 200 баладан қатысады. Басқа жаттықтырушыларда да солай. Резервте 2000 жеткіншек тұр. Шындығын айтқанда, балаларға бассейн тарлық ете бастады. Біздің жұмыс таңғы 8.00-де басталып, кешкі 21.00-де аяқталады. Үйірмеге сегіз жастан бастап қабылдаймыз. Оқушылар аптасына екі рет келеді. Менің тобымда қазақтың балалары өте көп. Оларға суда жалдауды үйретеміз. Суда жүзген бала ауырмайды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына жеңілдік жасалған. Ақылы бөлімге келетіндер айына 10 мың теңге төлейді. Бізде жүзуден жарыстар жиі өтеді. Қараша айында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай суда жүзуден жасөспірімдер арасында жарыс ұйымдастырып отырмыз» дейді жаттықтырушы Бақытжан Жұмабаев.
Сондай-ақ, мұнда балалар хоккейі де жақсы дамып келе жатыр. Аталған спорт түріне барлық жағдай жасалған. Бұл үйірмеге 5 пен 11 жас аралығындағы 60 бала қатысады. Оларға үш жаттықтырушы хоккейдің қыр-сырын үйретеді. Үйірменің ақылы бағасы – айына 7 мың теңге. 10-11 жастағы балалардан «Тастүлек» командасы құрылған. Олар биыл Ресейде өткен чемпионатта үшінші орын алыпты.
Бүгінде Оқушылар сарайы талай шаршы топта ел намысын қорғап жүрген бокстан Қазақстан чемпионатының жүлдегері Данияр Ақтілеу, дзюдодан Азия чемпионы Ақмарат Науатбек, таэквондодан Азияның қола жүлдегері Ботакөз Қосмұхамбет секілді дарынды өрендерімен мақтанады. Білім, ғылым, өнер саласында биік белес­ті бағындырған оқушылар да аз емес. Бастысы, әрбір баланы саналы азамат ретінде қалыптастыру жолында маңдай терін төгіп, еңбек етіп жүрген ұжымның шығар биігі бұдан да алда деп ойлаймыз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button