Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар

2 наурызда ұлы ақын-ағартушы, композитор, философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залда «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концерті өтеді.
Бұл күні К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында композитор Еркеғали Рахмадиевтің Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне жазған романстар топтамасы алғаш рет шырқалады. Шахимардан Әбілов бұл жеті романс қазақтың классикалық романс тарихындағы тұңғыш вокалдық топтама екенін атап өтті. Керемет кештің басты орындаушысы әрі идеялық шабыт берушісі – Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов. Онымен бірге осынау музыкалық кешке халықаралық байқаулардың лауреаты, Astana Opera Халықаралық опера академиясының түлегі тенор Нұрсұлтан Әнуарбек және халықаралық байқаулардың лауреаты, академияның үшінші оқу маусымының тыңдаушысы сопрано Сара Садығұлова қатысады. Фортепиано партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова өнер көрсетеді.
– 1981 жылы консерваториядағы концертімді дайындау үстінде Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген мәшһүр өлеңіне Еркеғали Рахмадиевтің студент кезінде жазған романсын тауып алдым. Романс жазылып, сол күйінде қалған, ешкім орындамаған екен. Диапазоны кең, дыбысталуы биік, дауыс өте жоғары октаваларда кең тыныспен күңірене шарықтайды. Сөйтіп, мен оны алғаш рет 1986 жылы Композиторлар одағының пленумында орындадым. Артынша мұны естіген Еркеғали Рахмадиев туындысына жаңа өмір сыйлағаным үшін алғысын айтқан еді. Осыдан шабыт алған ол менің дауысыма арнап Абайдың өлеңдеріне тағы жеті романс жазды. Қазақ кәсіби музыкасының тарихындағы ұлы ақынның өлеңдеріне жазылған алғашқы жеті романс топтама осылай дүниеге келді, – деді Шахимардан Әбілов.
Сондай-ақ опера әншісі ұлы Абайдың шығармашылығын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
– Абай өлеңдерінің лейтмотиві, гармониясы ерекше. Тақырыбы сан алуан. Көңіл күйі, махаббат пен ғадауат, табиғат, әлеуметтік, азаматтық лирикалары тұнып тұрған өмір. Әр өлеңі – бір-бір философия, бір-бір даналық. Сондықтан Абайдай ұлы ойшылды түсініп, ұлағаттасақ, әлемде өзіміздің лайықты орнымызды аламыз, – деп атап өтті Шахимардан Әбілов.
Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да…», «Қажымас дос халықта жоқ», «Сіз – қырғауыл жез қанат», «Қара қатын», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…» өлеңдері Еркеғали Рахмадиевтің әйгілі романстар топтамасына енген. Қазіргі таңда опера әншісі Шахимардан Әбілов пен «Астана Опера» театрының музыкалық кеңесшісі Раушан Бескембирова бұл жеті романсты көрермендерге екі монотоптама ретінде ұсынуға дайындалуда.
Бұдан бөлек, бағдарламада Нағым Меңдіғалиевтің Абайдың «Мен сәлем жазамын», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол» өлеңдеріне төрт романсы, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан ариялар, сондай-ақ Сыдық Мұхамеджанов, Мансұр Сағатов, Евгений Брусиловскийдің ақын өлеңдеріне жазған әндері ұсынылады.
– Абай өлеңдеріне жазған романстарында Еркеғали Рахмадиев ақынның философиялық ой-толғамдарын терең ашып, оларды заманауи үндестікпен біріктіреді. Бұл туындылардағы фортепиано партиясы жоғары мазмұндылығымен ерекшеленіп, орындаушыдан мінсіз техникамен қатар музыкалық бейнені терең түсінуді де талап етеді. Орындау күрделілігі композитордың музыкасына тән мәнерлі драма мен эмоциялық реңктерді шеберлікпен жеткізу қажеттілігінен туындайды. Қазір Шахимардан Қайдарұлы екеуіміз жеті романсты қайта зерттеп жатырмыз. Концертке дайындық барысында бұл топтаманың жаңа редакциясы жасалуда. Ол музыканттардың келешек буыны үшін өте құнды материал болмақ, – деп пікірін қосты Раушан Бескембирова.
Сондай-ақ ол «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концерті театрдағы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған шаралар легін ашатынын, ал күзде ақынның сөзіне ән жазған басқа да композиторлардың шығармаларынан тағы бірнеше концерт беруді жоспарлағанын айтты.
Еске сала кетейік, «Астана Опера» репертуарында Абайдың өмір жолы мен шығармашылығын бейнелейтін туындылар ұсынылған. Мәселен 2015 жылы Үлкен зал сахнасында М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсының премьерасы өтті. Осы қойылым үшін театр 2018 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Айгүл УАЙС