Жаңалықтар

ҮКІМЕТ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ АҚТӨБЕДЕ БОЛДЫ

Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет делегациясы Ақтөбе қаласында жұмыс сапарымен болды.

Сапар барысында Үкімет басшысы 5 маусымдағы лаңкестік әрекет салдарынан қаза болғандардың отбасыларына барды. Атап айтсақ, Мерхан Тәжібаевтың, Михаил Матросовтың, Николай Онищенконың және Андрей Максименконың шаңырақ­тарына бас сұғып, марқұмдардың туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов жедел медициналық жәрдем ауруханасында болып, тер­рорлық актіден зардап шеккен аза­маттармен кездесті. Оларды құт­қа­руға қатысқан медициналық қызмет­керлерге алғыс хаттар табыстады.
Бұдан соң Премьер-министр «Батыс-2» шағын ауданында болып, 200 пәтерлі тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның құрылысымен танысты. Бала­бақша мемлекеттік-жеке­меншік әріп­тестік тетігі аясында салынып жат­қанын айта кеткен жөн. Мек­тепке дейінгі мекеме жаңа ойын алаңқайларымен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіл­ген. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард теңге.
Өңір басшылары Кәрім Мәсімовке тұрғын үй бағдарламасы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру процесі туралы мәлімдеді. Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, Президенттің бастамасымен биылғы жылы өңірдегі тұрғын үй құрылысына Ұлттық қор­дан 19,2 миллиард теңге бөлінген.
Ақтөбе қаласының Жұмыспен қамту орталығын аралау кезінде Үкімет басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру ісімен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­ция­сының қызметімен танысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button