Басты ақпаратЖаңалықтар

Үкіметтің жаңа межелері белгіленді

Сейсенбі күні ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысы өтті. Күн тәртібіндегі шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау, мүлікті жария ету мәселелері ортаға салынып, өткен аптада қауіпсіздік кеңесі отырысындағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау жайы пысықталды. Осыған орай Үкімет басшысы министрлер мен облыс әкімдеріне бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

1406161

КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСАДЫ

Бүгінгі таңда елімізде 1 млн 302 мың 562 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қызмет атқарады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға өскен. Аталмыш салаға тартылған адамдардың саны да артқан. 2015 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны 3 млн 146 мың 576 адамға жеткен. Мұндай мәліметтерді     ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өз баяндамасында келтірді.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін 260 млрд теңге сомасынан астам қаржыға шағын және орта кәсіпкерліктің 1353 жобасы қаржыландырылды. Бұл қаражат 740 млрд теңге сомасындағы өнімді шығаруға, 15 700 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, бюджетке 66,8 млрд теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз еткен.

Бұл бағытта ағымдағы жылы атқарылмақ жұмыстардың жоспарына тоқталған министр дағдарысқа қарсы қосымша шаралар шеңберінде шағын және орта бизнестің айналым капиталына және қарыздарды қайта қаржыландыруға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатынан 200 млрд теңге көлемінде және халықаралық қаржы ұйымдарының қорынан 65 млрд теңге шамасында қаржы бөлу көзделіп отырғанын жеткізді.

МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

Капиталды көлеңкеден шығарып, экономикаға қосымша қаражат ретінде тартуды көздеп отырған, халыққа жасырылған немесе құжаттары ресімделмеген мүлікті жария етіп, заңды жолмен пайдалануға мүмкіндік беріп тұрған     мүлікті жария ету науқаны елімізде жалғасып жатыр. Бұл науқан басталғалы бері елімізде 1,6 трлн теңге заңдастырылды. Бұл жөнінде сөз сабақтаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов оның ішінде республика аумағындағы 687 млрд теңгенің мүлкі және 2 млрд теңге көлеміндегі шетелдегі мүлік заңдастырылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, осы науқан барысында банк есепшоттарына 978 млрд теңге сомасындағы қаражат көшірілді.

Өткен мамыр айының өзінде банк есепшоттарына 300 млрд теңге түскен. Ал жалпы алғанда ақшаны банк есепшоттарына көшірудің орташа айлық көрсеткіші жыл басынан бері 160 млрд теңгені құраған.

Жылжымайтын мүлікті жария ету бойынша, Қаржы министрінің мәлімдеуінше, жылжымайтын мүлікті жария ету бойынша республикадағы әкімдіктерге бір ай ішінде 32 млрд теңге сомаға 3156 өтініш  келіп түскен. Осы мерзімде 2172 өтініш бойынша шамамен 20 млрд теңге жария етілді. Ал жарты жыл ішінде заңның жаңа қосымшаларында өңір әкімдіктері 315 млрд теңгенің мүлкін заңдастырған.

ҚАУІПСІЗДІК ҚАПЕРДЕН ШЫҚПАСЫН

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сай ҰҚК мүдделі органдармен бірге бір айдың ішінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, қару айналымы, көші-қонды реттеу және т.б. салалардағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасы мен өзге де нормативтік құқықтық актілер жасау қажет.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге бір айдың ішінде олардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында проблемалы жастармен жұмыс бойынша тәсілдерді түбегейлі қайта қарау тиіс

Инвестициялар және даму министрлігіне ҰҚК, ІІМ және «Самұрық-Қазына» қорымен бірге әуежайларды, автовокзалдарды және теміржол вокзалдарын заманауи тексеру жүйелерімен жабдықтау бойынша бірыңғай техникалық талаптар бекіту бойынша шаралар қабылдауды қолға алу керек.

Осыны айтқан ҚР Премьер-министрі «Барлық мүдделі мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысының жақында өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында айтылған тапсырмаларын уақытылы және сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Мемлекеттік органдардың басшыларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға дербес жауапкершілік артылғанын ерекше баса айтқым келеді» деп, түйіндеді өз сөзін  К.Мәсімов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button