Басты ақпарат

Украина майданындағы итжығыс

Украина даласында 37 күннен бері соғысып жатқан Ресей мен Украинаның келіссөз өкілдері осыдан екі күн бұрын Ыстанбұл қаласында келіссөз өткізді. Түркияның ара ағайын болуымен, әсіресе, Режеп Тайып Ердоғанның ерекше күш салуымен өткен бұл келіссөзде алғаш рет соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге келуден үміт байқалды. Алайда тараптар осы келіссөзде уағдаласқан шарттарды орындай ма, оны уақыт көрсетеді. Дегенмен қан төгіскен екі жақтың аз да болса бір-біріне жол беруі бүкіл әлемге үміт ұшқынын сыйлады. Бірақ Батыс елдері мен Киев қатер әлі сейілген жоқ деп санайды.

[smartslider3 slider=2540]

Келіссөзде не айтылды?

Осыдан бұрын 3-4 мәрте келіссөз өткізген Мәскеу мен Киев гуманитарлық дәліз ашудан басқа ешқандай ілгерілеуге қол жеткізе алмаған еді. Оған Ресей тарапының қойған талаптарына Украина келіссөз өкілдерінің ашық қарсылық білдіруі себеп. Бұған дейін Украинаға қояр шарты ретінде «демилитаризация», «денацификация» және Украинадағы орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру, Қырымның иелік құқығы Ресейге тәуелді екенін, сондай-ақ Донбасс пен Луганск тәуелсіздігін мойындау, НАТО-ға кіруден бас тартып, бейтараптық сақтау сынды мәселелерді көтеріп келген Ресей Ыстанбұлдағы кездесуде «демилитаризация», «денацификация» және Украинадағы орыс тілі мәселесін ауызға алған жоқ. Тек соңғы шарттарды ғана талап етіп, Киев ешқандай әскери ұйымға мүше болмай, бейтарап статуста болса, Еуропа Одағына мүше болуына қарсы емес екенін жеткізді. Украина осы талаптардың орындалуының алғышарты ретінде соғысты дереу тоқтатуды талап етті. Ал Қырым және Украинаның шығысындағы екі облыстың мәселесін екі ел президенттерінің кездесуінде шешуге қалдырды. Дегенмен Қырымның иелік құқық мәселесін 15 жыл ішінде келіссөз арқылы шешу жайлы да сөз болды. Алайда Ресей делегациясының жетекшісі Владимир Мединский Ресейдің РИА-Новости ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Украина ұсынған келісім Қырым мен Донбасс аймағына жүрмейді» деп ашық айтты. Ал Украина президенті Владимир Зеленский болса «Украинаның Ресей Федерациясымен келіссөздердегі егемендік, аумақтық тұтастық және қауіпсіздік сынды басымдықтары өзгеріссіз қалады» деп мәлімдеді. Осыған қарағанда, екі тарап ең негізгі мәселеде келісімге келуі қиын секілді.

Кепілдік тағы да құр сөз боп қалмай ма?

Бұл жолғы келіссөздегі ең үлкен жаңалық: Киев келісімге Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беретін халықаралық шартты дайындап әкелген. Келісімге сәйкес, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Канада, Италия, Польша және Израиль Украинаның қауіпсіздігіне гарант болатын елдер ретінде ұсынылған. Кейбір елдер бұған алдын ала келісімін де беріп үлгерген. Шарт бойынша егер Украинаға әскери шабуыл жасалса, Киев гарант елдермен үш күн кеңес өткізеді. Кеңесте тараптар қандай да бір дипломатиялық шешімге келе алмаса, гарант елдер Украинаға әскери көмек көрсетуі тиіс. Сонымен қатар гарант елдер Украинаның Еуропа Одағына мүше болуына көмектесуі керек.

Жабық жағдайда өткен келіссөзде Ресей тарапының бұл мәселеге қандай реакция танытқаны белгісіз. Алайда жұрт көңілінде бұл кепілдік те Будапешт меморандумы сияқты керексіз қағазға айналып қалмай ма деген күдік те жоқ емес. Ядролық қаруды таратпау туралы қауіпсіздікті көздейтін Будапешт меморандумы Украина, Ресей, Америка және Ұлыбританияның мақұлдауымен 1994 жылы қабылданған. Бірақ ол – ресми келісімшарт емес, дипломатиялық құжат, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы кеңестік елдердің қарусыз­дану туралы бір-біріне берген уәдесі. Құжатқа сәйкес, Украина кеңестік кезеңде өз аумағында жиналған барлық ядролық қаруды Ресейдің қару жоятын базасына жіберуі тиіс. Оған жауап ретінде Ресей, Ұлыбритания және АҚШ «Украинаның аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қол сұқпаймыз, күш қолданбаймыз» деп уәде берген болатын. Сондай-ақ олар Украинаны өз мүддесіне қолдану үшін экономикалық қысым жасамауға келіскен. Бірақ бұл жолы соның бәрі адыра қалып, Ресей өзі Украинаға әскери операция жүргізді. Осы тұрғыдан алғанда, ел мүддесі сынға түскенде халықаралық келісімнің де керексіз қағазға айналатынын Украина соғысы дәлелдеген секілді. Украина ұсынған гарантқа жұрттың күдікпен қарап отырғанының да сыры осында.

Соғыстың беталысы қалай?

Тараптар келіссөз жүргізіп жатқанмен, Украина даласында әлі соғыс жүріп жатыр. Бес бағыт бойынша басып кірген Ресей 37 күнге жалғасқан соғыста Херсоннан басқа ірі қалаларды басып ала алмады. Екі күнде басып аламыз деп жоспарлаған Киевке де кіре алған жоқ. Есесіне қыруар техникасы қирап, көптеген әскері өлді, жараланды, тұтқынға түсті. Батыс барлаушылары қазірге дейін Ресейдің 40 мыңнан астам жауынгері қатардан шығып қалғанын (өлген, жараланған, тұтқынға түскен) айтып, Ресей армиясының жауынгерлік қуаты айтарлықтай әлсіреді деп отыр. Ал Украина тарапы болса «жаудың 18 мыңға жуық солдатын жер жастандырып, 260-тан астам соғыс ұшағын, тік ұшағын атып түсірдік, қыруар әскери техникасын қираттық» деп мәлімдеді. Бірақ Ресей мұны жоққа шығарып, соғыста 1351 әскері өліп, 3825 әскері жараланғанын; шайқас барысында Украина Қарулы күштері соғыс қуатын, негізінен, жоғалтқанын жеткізді. Дегенмен Батыс елдерінің әскери сарапшылары Украина әскерінің жауынгерлік қуаты әлі 90 пайыздан кеміген жоқ деген пікірде.

Соңғы мәліметтер бойынша ­Украина әскері қарсы шабуылға да өтіп, Киев түбіндегі Ирпень сынды бірнеше қаланы азат еткенмен, елдің шығысы мен Қара теңіз жағалауы жақтағы жағдай мәз емес. Әсіресе Мариуполь қаласында жағдай өте мүшкіл. Жергілікті биліктің айтуынша, бір айдан бері қоршауда қалған шаһар гуманитарлық апат алдында тұр. Қазір мұнда 170 мыңдай бейбіт тұрғын ешқайда кете алмай отыр. 300 мыңдай тұрғын босып кеткен. 5 мыңнан астам адам қаза тапты, оның 210-ы – бала. Қала толығымен күйреген. Әскери сарапшылар Ресей Мариупольді басып алу арқылы Қырым мен жікшіл «ДХР» мен «ЛХР» сепаратистік аймағын жалғайтын жол ашуға тырысады деп санайды.

Ыстанбұлдағы келіссөз жүріп жатқан тұста Ресей тарабы Киев облысы мен Чернигов облысындағы әскери шабуылын бәсеңдететінін жариялады. Іле-шала Пентагон да Киев маңына орналасқан Ресей күштерінің біраз бөлігі шегіне бастағанын растады. Көптен бері көрінбей кеткен Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу де бұл соғыста Украина әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі істен шығарылып, теңіз күштері толығымен жойылғанын айта келіп: «Операцияның бірінші кезеңінің негізгі міндеттері орындалды. Украина Қарулы күштерінің жауынгерлік әлеуеті төмендеді. Бұл бар күш-жігерді Донбассты босатуға жұмсауға мүмкіндік береді» деп мәлімдеді. Осыған байланысты Ұлыбритания мен АҚШ барлаушылары Ресей қазір елді Қырым түбегімен байланыстыратын құрлықтық жол ашу үшін Украинаның шығысындағы қалаларды басып алуға күш салады деп болжам жасады.

Әскери шығын артқан

Ресейдің әуелгі мақсаты Киевті басып алғаннан кейін Зеленский билігін аударып, оның орнына ресейшіл күштерді билікке әкеліп, «ДХР» мен «ЛХР» және Қырымның иелік құқығын заңды түрде мойындату деген болжам болды. Алайда украин халқының қатаң қарсылығына тап болған Ресей бұл мақсатына жете алмады. Күн ұзарған сайын әскери шығын да артты. Соғысқа сайлап әкелген 200 мың әскері жетпей, Осетия мен Абхазиядан әскер тасуға мәжбүр болды. Сириядан содырларды да шақырды. Бірақ бәрібір соғыс жағдайын өзгерте алған жоқ. Сондықтан да «бас жоспар орындалды» деген сылтаумен соғыстың стратегиялық жоспарын өзгертті. Яғни Ресей ендігі мақсатын Украинаның оңтүстік-шығысындағы Харковьтан тартып, Қара теңіз жағасындағы портты қала – Одессаға дейінгі өңірді түгел басып алып, Украинаның Қара теңіз бен Азов теңізіне шығатын жолын бүкілдей кесу, сондай-ақ Қырымды құрлық арқылы Ресеймен тұтастыру.

Қазірдің өзінде Украина территориясының бестен бір бөлігін басып алған Ресей үшін бұдан тиімді жол жоқ. Екі жақ келісімге келсе де, Мәскеу шығыстағы және оңтүстік-шығыстағы басып алған жерлерінен шегініп шыға қоюы екіталай. Ресейдің бір жағынан келіссөз жүргізіп, енді бір жағынан Киев маңындағы күштерін кері шегініп, шығыстағы шебін күшейтіп жатқандығының сыры осында. Ал Ресей күштерін өз жерінен толық қуып шығуға Украина армиясының қазір шамасы келмейді. Оның үстіне соғыстан күйреген ел экономикасы да мүшкіл халде. Керек десеңіз, әлемге астық экспортымен танымал бұл елде енді ашаршылық басталуы да ықтимал. Демек, Украина Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея сынды екіге бөлініп қалуы да мүмкін. Егер халықаралық қоғам Ресейге тос­қауыл қоя алмаса, айналып келгенде, ­Ресейдің ойлағаны болайын деп тұр. Бірақ санкциядан салданған Ресей соншама кең жерді уысында ұстап тұра ала ма? Мәселе сонда. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, өзіне тәуелді еткенмен, соғыстан қираған қалаларды қайта қалпына келтіріп, неше миллион халықты асырау да оңай емес. Донбасстың жерасты байлығына сенгенмен, Батыстың экономикалық құрсауы алынбаса, көмірдің құны да көк тиынға татымай қалуы мүмкін. Демек, бұл соғыс Ресей үшін жеңіс пен жеңілісі бірдей соғыс болғалы тұр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button