Шартарап

Украина жағдайы ушығып тұр

Шығыс Еуропаның шырқын кетірген Украина мәселесінің шешілетін түрі жоқ. Ресейдің АҚШ, НАТО, ЕҚЫҰ-мен өткізген келіссөзі сәтсіз аяқталғаннан кейін, өңірдегі жағдай одан әрі ушыға түсті. 

[smartslider3 slider=1890]

Ресей әскері Украинаға басып кіруі мүмкін деген болжамдар 2021 жылдың күзінен бері талқыланып келеді. Алайда Ресей мұның бәрін жоққа шығарып отыр. Дегенмен АҚШ бастаған кейбір мемлекеттер Украина елшілігіндегі қызметкерлерін кері қайтара бастағаны Шығыс Еуропадағы шиеленістің үдей түскенін аңғартқандай. Осыған байланысты НАТО Шығыс Еуропадағы әскери техника санын арттырады. Мәселен, Дания Балтикаға кемесін жібереді. Испания Болгарияға жойғыш ұшақтарын аттандыратын болды. Франция Румынияға әскерін жеткізуге дайын екенін айтты. АҚШ Қорғаныс министрлігі де Ресей Украинаға басып кірген жағдайда НАТО күштерінің құрамындағы АҚШ сарбаздарын молайту мақсатында 8500 америкалық сарбаз жоғары дайындық деңгейіне жеткізілетінін жариялады. Сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен Балтық елдерін өз қолындағы АҚШ қаруларын Украинға беруді тапсырған еді. Осыған сәйкес, Эстония қорғаныс министрлігі өз еліндегі Javelin және Stinger зымыран кешеніне арналған қарулары мен оқ-дәріні Украинаға жіберетінін мәлімдеді.

21 қаңтарда Женевада Ресей Сырт­қы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келіссөз жүргізді. Олар Кремль әзірлеген «қауіпсіздікке кепілдік» құжатын талқылаған. Блинкен АҚШ одақтастарымен ақылдасқаннан кейін Ресейге аталған құжат жөнінде жауап беретінін айтты. «Бірақ Ресей басқыншылық ниеті жоғын дәлелдеу үшін Украина шекарасынан әскерін әкетуі тиіс» деді ол. Бұған дейін Ресей аталған хат аясында Батыс елдеріне Украинаны НАТО құрамына алмау жөнінде де талап қойған еді. Оған АҚШ-та, НАТО да келіспеген. Осыдан кейін Ресей әскерлері Украина шекарасына 40 шақырымға дейін жақындаумен қатар, Беларусь еліне соғыс ұшақтарын да орналастыра бастады. Ресми ақпарат бойынша, қазір Ресейдің 100 мың қосыны Украина шекарасында бұйрық күтіп тұр. Оған қарсы Украинаның 125 мың әскері Донбасста жақын жерде соғыс дайындығы жағдайында тұрғанына жарты айдан асты.

25 қаңтар күні АҚШ президенті Джо Байден Ресей Украинаға басып кірсе, Ресей президенті Владимир Путинге санкциялар салу мүмкіндігін ескертті. «АҚШ пен НАТО Украинаға әскер орналастыруға ниетті емес. Бірақ Украинаға шапқыншылық жасалса, Путиннің өзіне де санкциялар салынатынын жоққа шығармаймын» деді ол.  Германия мен Франция Ресейдің Украинаға бағытталған кез келген әскери әрекеттің зардабы айрықша ауыр болады деп мәлімдеме жасады. Сонымен қатар, Германия соғыс шыға қалған жағдайда Украинаға тек емдеу, құтқару жағынан жәрдем беретінін, соғысқа тіке араласпайтынын жеткізді.

Ал Еуропалық Одақ қазір Ресейден Украинаға ешқандай шабуыл жасау қаупі төніп тұрған жоқ деп отыр. Бұл туралы Брюссельде Еуроодақ Кеңесінің отырысынан кейін ұйымның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мәлім етті. Украина президенті Владимир Зеленский де кеше 2 рет халыққа үндеу жолдап, өсек-аяңға сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, Ресей тарапынан елге еш қауіп төніп тұрған жоқ, жағдай бақылауда. Қазір Ресей, Франция және Германия басшыларының кездесуі қарастырылып жатыр.

Сейсенбі күні Украинаға АҚШ-тан 80 тонна қару-жарақ жеткізілді. Бұл – Вашингтонның Украинаға бөлген 60 млн долларды құрайтын аталған елдің қауіпсіздігі үшін жіберген төртінші көмегі. Бұған дейін де қару-жарақ Киевке өткен жылдың 10, 18, 22 қазанда жеткізілген болатын. Украинаға қару-жарақ жеткізу туралы келісім Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-қа сапары кезінде жасалған. Бастапқыда 60 млн долларлық келісімнің көлемі кейіннен 250 млн долларға дейін ұлғайтылды. Жалпы Украина Дональд Трамп кезінде де материалдық, техникалық көмек алып отырған. Вашингтон ол кезде Киевке әскери көмек ретінде 2017-2018 жылдары 350 млн, 2019 жылы 250 млн, 2020 жылы 300 млн доллар көлемінде көмек көрсеткен. Осылардың бәрін қоса есептегенде, Ресей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін аннексияланғаннан бері АҚШ 2,7 миллиард доллардан астам қаражат бөлді.

Еуроодақ несие және грант ретінде Украинаға 1 миллиард 200 миллион еуро бөлетінін мәлімдеді. Бұл көмек пакеті шиеленіске байланысты ресми Киевке қаржы қажеттіліктерін жабуға жәрдемдеседі. 600 миллион еуро көлеміндегі алғашқы транш жақын арада бөлінуі тиіс.

Ресей НАТО-ның «құшағына енбек болған» бауырлас елі – Украинаны қайткен күнде де уысынан шығармауға тырысып жатқан тәрізді. Егер шын мәнінде, Ресей Украинаны басып алса, онда өңірдегі геосаяси жағдай бүкілдей өзгеріп, бұл өз кезегінде Орталық Азияның жалпы жағдайына да әсер ететіні анық. Оның үстіне, Ресей Украинаны басып алып, Қырымды өз территориясы ретінде заңдастырса, бұл Қытайдың Тайваньды басып алуына да жол ашады. АҚШ саясаткерлерінің «АҚШ Украинаны қорғап қала алмаса, болашақта Тайваньды да қанат астына ала алмайды. Бұл АҚШ-тың Азия мен Шығыс Еуропда ешқандай рөлі қалмағанын көрсетеді» деп байбалам салып отыруының да сыры осында.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button