Басты ақпарат

Украинадағы жағдай ушығып тұр

Украина даласында соғыс әрекеттері жүріп жатқанына 70 күнге таяды. Бастапқыда 5 бағыт бойынша басып кірген Ресей күштері Киевті тез арада ала алмағаннан кейін, соғыс жоспарын қайта жасап, негізгі күшін Украинаның шығысына шоғырландырды. Ондағы мақсат – Украинаның шығысы мен оңтүстігін басып алып, елдің Қара теңіз бен Азов теңізіне шығар жолын бүкілдей кесіп тастап, 2014 жылы өзіне қосып алған Қырым өңірін құрлық жолы арқылы Донбасспен тұтастыру. Ресей тарапы «Донбасс халқын азат ету» деп атаған бұл әскери әрекеттің тағы бір мақсаты – Молдован жеріндегі жікшіл аймақ, өзін республика деп жариялаған, бірақ Мәскеу билігінен басқа ешкім мойындамаған Приднестровьені де құрлық арқылы Ресеймен жалғас­тыру болуы мүмкін.

[smartslider3 slider=2862]

Соғыстың шығыны мен салған ойраны да оңай болып жатқан жоқ. Ресей тұтас Украинаны басып ала алмағанымен, қатты соққыдан қираған қалалар аз емес. Арасында Мариуполь сияқты жермен-жексен болып кеткен қалалар да бар. Ал Ресейге салынған санкциялардың саны 10 мыңға жуықтап, әлемдегі экономикалық бұғау ең көп салынған елге айналды. Батыс елдері енді Ресей газы мен мұнайына эмбарго жүргізудің жолын да қарастыру үстінде. Алайда Ресейдің мұнайы мен газына байланған Еуропа елдерінің Ресей энергиясынан біржола бас тартуы қиынға соғуда. Себебі Еуропа елдеріне экспортталатын мұнайдың 45 пайызы, газдың 25 пайызы Ресейден тасымалданады. Демек, Еуропаның бүгін-ертең Ресей газынан бас тартуы мүмкін емес, бұл үрдіс 2030 жылға дейін созылуы мүмкін. АҚШ Еуропа Одағының энергияда Ресейге тәуелділігін азайту үшін қосымша 15 миллиард текше метр сұйытылған табиғи газ жіберуді көздеп отыр­ғанымен, Еуропа елдерінің Ресей газына тәуелділігінен оңай құтыла алмайды. Ал Ресей болса, өз энергия байлығын басты қару ретінде пайдаланып отыр. Санкциядан салданған экономиканы жандандырып, құлдырауға бет алған рубльдің басын оңға қарату үшін Мәскеу мұнай, газ импорттаушы ел­дерден рубльмен есеп айыруды талап етті. Бастапқыда Еуроодақ елдері бұған қарсы шыққанымен, ақыр аяғында Ресей айтқанын орындауға мәжбүр болды. Мәселен, рубльмен есеп айырысудан бас тартқан Польша мен Болгарияға Ресей көгілдір отын жіберуді ресми тоқтатқаннан кейін, басқа мемлекеттер Ресейдің айтқанына амалсыз көніп, рубльмен есеп айырыса бастады. Атап айтқанда, ресейлік «Газпром» энергетикалық компаниясының өкілі Сергей Куприянов Польшаның кері ағын жүйесімен күнде мөлшермен 30 миллион текше метр табиғи газ алып жатқанын айтып, бұл мөлшердің Газпром мен Польша арасындағы табиғи газ келісіміндегі өлшемге жақын екенін білдірді. Демек, Польша қазір Ресейден газды тікелей сатып алмағанымен, Германия арқылы алып жатқаны белгілі болды.

Шиеленіс шешуші кезеңде

Соғыста қаза тапқан әскерилердің санына келсек, екі жақ та қаза тапқан әскерлерінің санын нақтылап айтпай отыр. Ресей өткен аптада соғыс басталғаннан бері Украинаның 23 мыңнан астам сарбазы өлді деп жарияласа, украиндар жаудың 23 мыңнан астам адамының көзін жойдық деп отыр. Ал батыс елдерінің барлаушылары болса, Ресейдің Украинаға кірген 120-дан астам батальонының тең жартысы күйреп, ондаған мың жауынгер (өлген, жараланған, тұтқынға түскен, із-түссіз кеткендерді қамтиды) қатардан шығып қалған болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Бірақ мұны соғыс кезінде дәп басып анықтау мүмкін емес. Оның үстіне екі тарап та қарсы жағының шығынын еселеп көрсетіп жатыр.

БҰҰ дерегінше, Ресей соғыс ашқалы бері бес миллионнан астам адам Украинадан босып кеткен. Бұл Екіншідүниежүзілік соғыс кезеңінен бергі Еуропадағы ең ірі миграциялық дағдарыс саналады. Сонымен қатар 24 ақпаннан бері кемі 3000-нан астам бейбіт тұрғын қаза болған, мұның 200-ден астамы – бала. Жақында Ресей президенті Путин Украинаның шығысынан 1 миллиондай адам Ресейге өтті деп мәлімдеді. Бұған дейін Украина тарабы «ресейлік әскерилер өздері оккупациялап алған жерлердегі халықты күштеп Ресейге көшіріп жатыр» деп мәлімдеген еді.

Украина қарулы күштері Қара теңізде Ресейдің «Мәскеу» атты зымырандық крейсеріне соққы жасап, теңізге батырып жібергеннен кейін Ресей Украинаға зымыран соққысын күшейтті. Бұл соққылар Киевке және елдің батысындағы Польша шекарасына жақын маңдағы қалаларға да жасалды. Кеше ғана Одессадағы әуежайға соққы жасалып, ұшу-қону жолақтарының істен шыққаны – әне соның айғағы. Демек, екі жақтың да өз есебі өзінде. Ресей тарапы болса, 7 мамырға дейін мақсаттарына жетіп, Мәскеуде жеңіс тойын тойлауға тырысып жатса, Украина өз жерін азат етудің қамымен әлек.

Қолдау  күшейді

Ресей қарулы күштері Киев төңірегінен шегіндірілгеннен кейін сонда ат басын бұрған шетелдік жоғары дәрежелі басшылардың қатары көбейді. Ұлыбританияның премер-министрі Борис Джонсон бастап, Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен қостаған бұл сапардан БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш те шет қалған жоқ. Алдымен Мәскеуге барып, Ресей президенті Путинмен және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездес­кен ол Киевте Украина басшысы Зеленскиймен кеңес өткізген кезде БҰҰ-ның соғыстың алдын алуға ұйымның әлсіздік танытқанына қынжылыс білдірді.

1 мамыр күні АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси де Киевке келді. Зеленскиймен кездесу кезінде Нэнси Пелоси Украина қазір еркіндігі үшін ерлікпен күресіп жатыр және АҚШ соғыс біткенге дейін Украинаға көмектесуге дайын деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол Байденнің Украинаға 33 миллиард доллар көмек беру ұсынысын АҚШ Конгресі тез арада мақұлдайтынын да ауызға алды. Осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ президенті Джо Байден Украинаға көмек көрсету мақсатында Конгрестен қосымша 33 миллиард доллар бөлуді өтінді. Тіпті бұл мәселені тез арада шешіп беруді сұраған еді.

Сонымен қатар, АҚШ-тың өкілдер палатасы Украинаға арналған ленд-лизді мақұлдады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тың Кеңес Одағының нацистік Германияға қарсы күресін қолдауға байланысты жүзеге асырылған бұл көмек тәсілі араға 80 жылға жуық уақыт салып, Ресейдің өзіне қарсы қолданылатын болды. Жалпы Украина батыстың қолдауынан таршылық көріп отыр­ған жоқ, АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодаққа мүше мемлекеттер Украинаға қаржылай да, қару-жарақ жағынан да көмекті еселеп беріп жатыр. Осыған байланысты Ресей билігі батыс елдерінің Украинаға қару-жарақ беруі соғысты тіпті шие­леністіре түсетінін айтып, бірнеше рет ескерту де жасады.

Жаңа қырғи-қабақ соғыс қайта басталды

27 сәуірде АҚШ-тың Германиядағы Рамштайн әуе базасында 43 елдің өкілдері қатысқан үлкен Саммит өтті. Бұған НАТО-ға мүше 30 елден басқа Азия, Африка елдерінің де өкілдері қатысты. Әлем БАҚ-тары Ресейге қарсы жаңа коалиция қалыптасты деп бағалаған бұл басқосуда бастысы, Украинаға көмек беру және Украинаның НАТО-ға кіру мәселесі талқыланды. Осы түйінге байланысты АҚШ Қорғаныс минис­трі Ллойд Остин «Мен Украина НАТО-ға мүшелікке кіруге қайта тапсырыс береді деп күтудемін» деп мәлімдеді. Ресей мен Украина арасында өткен келіссөздерге байланысты соңғы кездері Украина НАТО-ға кіру ойынан айнып, бейтарап саясат ұстануға ниет танытқан. Порошенко кезінде «Мақсатымыз – НАТО мен ЕО-ға өту» деп Конституцияларына жазып қойғандарын өзгертуге әрекеттене бастаған еді. Демек, АҚШ Қорғаныс министрінің «Мен Украина НАТО-ға мүшелікке кіруге қайта тапсырыс береді деп күтудемін» деген сөзіне қарағанда, Украина НАТО-ға кіру жөніндегі өтінішін қайтарып алып, Ресейдің бопсасынан қорқып, НАТО-ға кіру ойынан бас тарта бастағаны байқалады. Демек, соғыста Украина басым түссе, бұл елдің НАТО-ға мүше болатыны анық. Ал жеңілсе, бүкілдей Ресейдің ықпалына бағынатын елге айналады. Дегенмен, Батыс елдері Украинаны енді Ресейдің ырқына жібере қоймайды, өйткені олар соғыс басталғалы Украинаға аз қару-жарақ жеткізген жоқ, өз қаруларының құпиялығын сақтау тұрғысынан алғанда да Украинаны НАТО-құрамына тездетіп қосуға одаққа мүше елдер де мүдделі.

Бұл жиналыста Азия, Африка елдері неге қатысты деген сұрақ та туады. Тынық мұхиты бассейніндегі негізгі төрт ел – Жапония, Оңтүстік Корея, Аустралия және Жаңа Зеландия елдері тағы бір автократиялық ел Қытайға қарсы мәселелерді қарастырып жүргенін ескерсек, олардың бұл жиналысқа қатысуы тегін емес. Сонымен қатар, Кения, Либерия, Марокко және Тунис елдерінің қатысуын, бұл елдердің саясаттағы басымдық Ресей мен Қытай жақта емес, керісінше НАТО-ға мүше елдер жағында екендігін мойындай бастағаны деп түсінуге болады. Таяу Шығыс елдері: Израиль, Катар және Иорданияның қатысуы да Ресейге қарсы одақтың көлемі кеңейе түскенін түсіндіреді.

Қысқасы, Украина соғыс әлемдік геосаяси жағдайды өзгертіп, әлем елдерінің жарыса қарулануына, топ-топқа бөлініп текетіреске түсуіне жол ашты. Тіпті бұл соғыс ядролық қаруларды қайта жасау үрдісінің жандануына мұрындық болуы да әбден мүмкін.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button