Ұлағатты ұрпақ – ұлттың келешегі
Кеше Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауы, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде «Ұлағатты ұрпақ» тақырыбында мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, профессор Сайлау Батырша-ұлының оқушылармен кездесуі өтті.
Кездесуде Сайлау Батырша-ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы естеліктер айтып, оның қазақы дәстүрден аттамай, ұлттық тәлім-тәрбиені бекем ұстанған өнегелі қасиеттерін, Кеңес Одағы кезінде өз аты-жөніне ов, ев қоспай, кісі аттарын қазақша жазу дағдысы бойынша есімінің соңына «ұлы» деп жазған санаулы тұлғалардың бірі екенін айырықша атап өтті.
Мемлекеттік тілдің мән-маңызына түйінді тоқталған қайраткер «Қазақ тілінде білім алған жастардың келешегі жоқ, қазақша оқыған жастар болашақта жан баға алмайды» деген өз ұлтын қор, өзге ұлтты зор санайтын идеядан арылмай, Мемлекеттік тілдің өркені өспейтін қадап тұрып айтты.
– Қазақ тілі – мемлекетті сақтап тұрудың тұғыры. Ұрпақ қазақша сөйлемей, ұлттың тілі де өркендемейді. Жастар – ұлттың үміті, мемлекеттің келешегі. «Отан отбасынан басталады» десек, Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, өркенін өсіруге жастар аянбай атсалысуы керек. Қазіргі дәуірде көптілді болу талап болса, ана тіліңді жетік білу – міндет, сондай-ақ ол ең үлкен парыз. Біз өз тілімізді құрметтемесек, мемлекет құрған тұлғалық ұлт қазақ ұлтының өкілдері өз ана тілінде сөйлемесе, қазақ тілі қалай дамиды?! Сондықтан жастар сіздер үшін ана тілдеріңнен қымбатты байлық жоқ. Осыны естеріңнен шығармау керек, – деді ол.
Еркін форматта өткен кездесуде оқушылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берген Сайлау Батырша-ұлы Мемлекеттік тілден сырт, отаншылдық тәрбие, салт-дәстүр жайлы да көптеген келелі кеңестер айтып, кездесу соңында мектеп кітапханасына кітаптар тарту етті.
– Мектеп оқушыларына арналған «Ұлағатты ұрпақ» атты жобамыздың бүгінгі кезегі өте керемет өтті. Кездесуге келген халқымыздан шыққан әйгілі дипломат, Мемлекет және қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлы Мемлекеттік тілге, салт-дәстүрге, отаншылдыққа қатысты көптеген келелі кеңестер айтты. Оқушылар да аса ықыласпен тыңдап, мол рухани нәр алды деп ойлаймын. Балалардың ұлттық жігерін тасқындатып, отаншылық сезімін күшейту үшін осындай келелі кездесулер көптеп ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс, – деді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жас ұрпақтарға тіл мен дәстүрді ұдайы дәріптеп жүрген Тұрар Саттарқызы.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ