Тағзым

Ұлағатты ұстаздар

Астана қаласындағы ардақты ақсақалдың бірі Еркін Дәуешұлы қашан көрсеңіз де ақжарқын қалпынан айнымай жүреді. Елорда төрінде өтіп жататын түрлі қоғамдық шаралардан тыс қалмайды. Туған жері Ақкөл десе көңілі аспандап тұратын қадірменді азамат Астана дегенде тіптен арқаланып, көтеріңкі леппен сөйлей жөнеледі. «Астананың бірінші кірпіші қалана бастағаннан, бүгінгі күнге дейінгі даму жолына куәгер болып келемін. Бұл шынымен де бар қазақтың бас қаласына баланған қасиетті мекенге айналды. Осындай тарихи оқиғаның ортасында жүргенімді өмірімдегі бір бақытым деп санаймын» дейді кездескен сәтте кейіпкерім ағынан жарылып.

Иә, Еркін Дәуешұлы жетпістің сегізіне дейін еңбектен қол үзбеді. Жастайынан талай жауапты қызметті атқарып, еліне елеулі бола білген еңбекқор азамат зейнет жасына жетсе де Астанадағы «Қарттар үйі» мекемесінде психолог болып жұмыс жүргізді. Әртүрлі себептермен өмірдің тауқыметіне түскен аға ұрпақтың жанына жылулық, бойына жігер беруге тырысты. Ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибесін кеңінен пайдаланды.
Ерекеңнің тағы бір айтарлық қасиеті қолы қалт еткенде қолына қалам алып, көргенін, естігенін, білгенін қағазға түсіріп тәрбиелік мағынадағы тағылымды мақалалар жазады. Оның ішінен көпшілікке қажет-ау дегендерін астаналық, облыстық және аудандық газеттерге ұсынады. Сондай өткеннен із тартатын, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайтын тағылымды мақалалары үзілмей жарық көреді.
Иә, ел мен жұрт азаматымен ажарлы, мақтан тұтар асылдарымен еңселі. Бұл – атадан балаға жалғасып, қанымызға сіңіп кеткен қалыпты жайт. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Еркін Дәуешұлы – сондай жандардың бірі. Іскер ұйымдастырушы, абзал азамат, ең бастысы, ұлағатты ұстаз жайлы әңгімемізді түйіп-түйіп толғауды жөн көрдік.
Осыдан төрт жыл бұрын Ақмола облысының Ақкөл ауданының әкімі Теміржан Едігенов аудандық Мәдениет үйінде өткен кеште Еркін Дәуешұлының өнегелі жолының жас ұрпаққа үлгі болар көптеген сәттерін айта келіп, ұлағатты ұстазға патриоттық белсенді өмір ұста­нымын шайқалтпай, шығармашылық шабытының шарықтай беруіне тілек білдірген еді. Осы салтанат барысында Астанадан арнайы шақырылған Ерекеңе «Ақкөл ауданының Құрметті азаматы» атағын тапсырып еді.
Осы тұста бүкіл аудан көлемінде осыншама қошемет көрсетілген азамат кім еді, ол қандай еңбегімен ел-жұрт арасында осындай құрметке ие болды деген сауалдың да туындауы әбден мүмкін деп ойлаймын.
Тағдыр десеңізші… Соғыс деп аталатын алапаттың өрті тұтанудан екі жыл бұрын дүниеге келгендердің балалық шағын көзге елестету қиын-ақ. Алаңсыз күліп-ойнап олар жүре алмады. Базарлы балалығына беріліп доп теуіп, асық атпады. Балалары шырт ұйқыда жатқанда әке-шешелері колхоздың ауыр жұмысын атқару үшін үйден ерте шығып, кеш қайтатын. Осы уақыт ішінде балалар жартылай аш-жалаңаш екі көздері төрт болып, есікті торумен, әке-шешелерін асыға күтумен болатын. Осындай қиын жағдайда балалар өсіп жетілді, мектеп табалдырығын аттап, білім бұлағынан сусындады. Мектеп бітірген түлектерді албырт жастық шақ арман-қиялына самғап ұштырғандай еді. Енді қайда барсақ, қандай мамандық таңдасақ екен дегенде Еркін көп ойланбас­тан «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, тізгінді Қарағандыға бұрды.
Осындағы педагогика институтын 1961 жыл бітірген Еркін мамандығы бойынша мұғалім және Кеңес орта мек­тебі директорының оқу-өндірістік мә­селелері жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеуіне тура келді. 1966 жылы Еркін Дәуешұлы сол кездегі Иваново орта мектебіне директордың оқу тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлығына ауыстырылды. Бұл елді мекен тың игеру жылдары құрылған болатын және оның тұрғындарының басым көпшілігі басқа республикалардан келгендер еді. Олардың бәрін шын патриоттар деп айту артық болар, арасында жазасын өтемей түрмеден шыққандар да болды. Сондықтан Ивановодағы мектеп аудандағы ең «қиын мектеп» қатарында еді, онымен қоса шаруашылық басшыларының бәрі келгендердің өкілдері болатын. Ал мектептегі қырық шақты қызметкердің төртеуі ғана қазақтар еді.
Ерекең өмірлік жары Хамила Құлбекқызы екеуі осы мектепте қызмет жасаған кездері ұстаздардың біліктілігін арттыру үшін курстарға жіберіп, педагог кадрлардың сапасын жетілдірді. Онымен қоса, ұстаздардың еңбек ұжымдарында жиі болып, сондағы ата-аналармен жүйелі әңгіме өткізудің арқасында мектептегі балалар тәртібінің жақсаруына ықпал жасады. Осы еңбектерінің нәтижесі болар, 1970 жылы аудандық оқу бөлімінің басшылығы Еркін Дәуешұлын Қарабұлақ мектебінің директорлығына жоғарылатты. Байқаса, бұл мектептің де тозығы жеткен, материалдық жағдайы нашар, ұстаздардың сапасы төмен екен. Бұл кемшіліктерді жою күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Осы тұста Ерекеңнің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілет-қарымы айқын аңғарылады. Талай рет облыс және аудандық білім саласының басшыларының табалдырығын тоздырды, ақыры не керек, олар дәйектердің дәлелдеріне көнбеске шаралары болмай, жаңа мектеп салдыруға қаржы бөлдірді. Сөйтіп, жаңа мектеп те бой көтерді. Екі-үш жылдың ішінде кадр мәселесін шешудің жолын тауып, жоғары білімді ұстаздардан білікті ұжым құра білді. Олардың қатарында кейіннен өздерін жақсы қырынан таныта алған ұстаздар – Ш.Төлегенов, В.Андрис, Т.Яворская, В.Г.Айфальд, Е.Рамазановтар есімдерін Ерекең ерекше ілтипатпен еске алып отырады. Ал Ерекеңнің еңбегі ерекше бағаланды. Ол Қазақстан Республикасының үздік ұстазы атағына ие болды.
Жалпы Ерекең табиғатынан елгезек жан. Ол бір мәселені қолына алса, өзіне де, соған қатысты жандарға да, маза бермей, істің нәтижелі аяқталуына түрткі болуды санасына сіңірген. Е.Дәуешұлының осындай іскерлігін байқаған Сілеті аудандық партия комитеті оны үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігіне бекітті.
Партия жұмысының ерекшелігі де, қиындығы да бар екенін жұмысқа кіріскен Ерекең бірден аңғарды. Тәжірибелі әріптестермен байланыс жасап, идеоло­гиялық жұмысты ауданда жақсартуға қажыр-қайратын жұмсады.
– Туған өлкеге тең келер не бар? Қазақ­станда табиғаты келіскен, таңғажайып өңірде дүниеге келгенімді мақтан тұтам. Өлкеміздің ең басты қазынасы – адамдары, – деп өткен күндерді еске алған Еркін Дәуешұлы, – біздің ауданда кіндік қандары тамған, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған әйгілі жазушы Жайық Бектұров, армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, филология ғылымының докторы әрі жазу­шы Тұрсынбек Кәкішев есімдері бүкіл Қазақстан халқына жақсы мәлім болар деймін. Өлкеміздің төңірегі толған байлық. Тек соны халық қажетіне жарата білсек, қандай ғанибет болар еді, – дейді.
Туған елдің гүлденуін қалайтын белсенді маманның еңбек жолына зер салған Қазақ КСР-нің оқу министрі Қ.Балахметов ұсы­нымдарын негізімен Еркін Дәуешовты Ақкөл аудандық білім бөлімінің басшысы етіп тағайындау бұйрығын береді. Жұмысқа қызу кіріскен Ерекең аудандағы мектептер мен бала бақшалар жағдайымен танысудан бастады. Байқаса, мұнда да шешімін күтіп тұрған шаруалар шаш етектен екен. Ең бір сорақысы, қала мектептерінің бәрі орыс тіліндегілер, ұлты қазақ ұстаздар келсе, оларды жұмысқа қабылдауға құлқылары жоқ. Бала бақшаларындағы жағдай да осындай. Ондағы қазақ бүлдіршіндері тілдерін сындырып, орыс тілін үйренуге мәжбүр. Осындай жағдайды көрген Ерекең батыл қадам жасауға барды. Қаладағы балалар бақшаларының меңгерушілері мен тәрбиешілерін өз ұлтымыздың өкілдерінен қалыптастыра бастады. Осылайша балалар мекемелерінің кадрлық сапасын күрт өзгертті. Білім бөлімінің қызметкерлеріне апта сайын 2-3 мектептерге барып, сабақ беру жүйесінің қалыпты жүргізілуін бақылауды тапсырды. Аудан қанша орыс тілді болса да, батыл түрде мектептерді бірте-бірте мемлекеттік тілге көшіре бас­тады. Аудан орталығындағы ресми тілдегі мектептерден қазақ тілді сыныптар ашу үрдісі басталды, балалар бақшаларында қазақ топтары құрыла бастады.
Түптеп айтқанда, Ерекең зейнетке шығар кезде Ақкөл аудан орталығында жеті таза қазақ орта мектебі, 14 аралас мектеп болды. Тұрғындардың он бес пайызы ғана қазақ болса да, Ақкөл қаласындағы мектептерде қазақ сыныптарын ашқызды.
– Болашағымыз – жастар. Жас­тар сеніммен қараған жөн. Оларды отан­сүйгіштікке, ана тілін құрметтеуге, салт-дәстүрін қастерлеуге тәрбиелейік. Жастарымызды спорт пен еңбекке баулысақ, өнерге жетелесек, білімді болуына ықпал етсек, мақсатымыздың орындалғаны, – дейді Ерағаң әңгімесін сабақтап.
Еркін мен Хамила жеңгей екеуінің ұстаздық еңбек өтілдерін қоссақ бір ғасырдан асып жығылады. Хамила Құлбекқызы жолдасы қайда қызмет етсе де, әр уақытта жанынан табылып, үйдің барлық жұмысын өз мойнына алып, балаларының жақсы болып өсуі­не баса көңіл бөліп жүрді. Зейнет демалысына шыққаннан бері, балалары мен немерелерінің жанында болу үшін Астанаға көшіп келді. Жұмысқа үйренген Ерекең үйде ұзақ отыра алмады. Осындай күндердің бірінде өзі бұрыннан білетін танысы Кенжеболат Бәпішев кездесе кетті. Іздегенге-сұраған дегендей, Кенжеболат бұл кезде «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры екен. Сөйтіп, Ерекең осы орталыққа педагог-психолог болып орналасты. Мұндай мамандық Қазақстанның әлеуметтік саласында алғаш рет осы мекемеде іске қосылды.
Еркін Дәуешұлының талай жылғы тынымсыз еңбектің арқасында тауып алған тағы бір хоббиі бар. Бұл «дерт», әсіресе, партия жұмысында жүргенде «жабысқан» журналистиканы меңгеруі. Бұл ретте де жемісті шығармашылық жұмыс жүргізді деуге негіз бар.
Өткен тарихымызды кейінгі ұрпақ, ауылдастар, ағайын-туыс біліп жүрсін деген ниетпен Ерекең бірнеше естелік кітаптар жазды. Олардың қатарында «Ауылымды сағындым», «Жаны жайсаң Жайық аға», «Бір ғасыр» кітаптары бірнеше жылғы еңбегінің өтеуі десек жарасады. Соңғы жылдары «Астана ақшамы», «Арқа ажары», «Ақкөл өмірі» газеттерінде проблемалық мәселелерді көтерген ма­қа­лалары жиі жарық көретін болды. Бас­па­сөздерде жарияланған проблемалық мақа­лалардың арқасында жазушы Жайық Бектұровтың есімі аудандағы бір көшеге берілді және бір мектеп сол асыл ағаның есімімен аталды.
Еркін Дәуешұлы немерелерінің сүйікті әжесі Хамила Құлбекқызымен отасқанына да және ұстаздық еткендеріне де жарты ғасырдан асып барады. Екеуі елу екі жыл бойы үзіліссіз ұстаз болып, таяу жылдарда ғана зейнет демалысына шыққан, сөйтсе де әлі қоғамдық жұмыстардан тыс қалмайды. Еркін Дәуешұлы 2014 жылдың 5 желтоқсанында Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ерлі-зайыпты ұстаздар алты бала тәр­биелеп өсірді. Барлығы жоғары білім алды. Біреуі ғылым кандидаты, екіншісі таяуда докторлық диссертация қорғады. Төртеуі лауазымды қызметтер атқарса, біреуі кәсіпкерлікпен айналысады. «Немерелерімнің алды қызмет атқарып, шөбере сүйгізіп отыр. Елу бес жыл отас­қан жарым күміс алқа иегері, осындай ұрпағымның барына тәуба!» дейді өміріне разы болған Еркін Дәуешұлы мейірленіп.
Ел үшін атқарған шынайы қызметтің атаусыз қалмайтыны заңдылық болса керек. Демек, бұл кісілердің ғұмыр-дариясы көпшілікке өнеге болары сөзсіз.

Мейрам БАЙҒАЗИН,
Астана қалалық
Ардагерлер Кеңесінің мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button