Басты ақпарат

Ұландары ұлы елдің

Олар өз өмірін әскери тәртіп пен спортсыз елестете алмайды. Физика мен математиканы жақсы көреді. Смартфон ұстамайды. Көңілділер мен тапқырлар клубында өнер көрсетеді. Гитара тартады. Мақатаев өлеңдерін оқиды. Біз елордадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері туралы айтып отырмыз.

«Ауылдағы құрдастарым да өзгергенімді байқапты»

Елбасының бастамасымен 1999 жылы іргесі қаланған бұл оқу ордасында бүгінде 397 шәкірт білім алады. Оның 191-і алтын ұясынан биыл түлеп ұшқалы тұр. Солардың бірі – Бекболат Ғайып. Өзі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Аралбай ауылының тумасы екен.
– Бұл мектепке 2014 жылы 6-сыныпты бітірген соң келдім. 2012 жылы «Жас Ұлан» туралы фильм шыққан еді, соны көрген соң бірден іштей осы саланы таңдауға бел будым. Шынымды айтсам, осында түскенге дейін әскери өмірді тек теледидардан көргендей етіп елестететінмін. Сөйтсем, форма киіп, шепте жүретін жас солдаттың әрқайсысының артында күн сайынғы еңбек пен төзім жатыр екен ғой. Мұнда келгелі бос уақыт дегенді мүлде ұмыттық. Әр минутымыз есептеулі. Таңғы 6.20-да оянғаннан бастап түнгі 10-ға дейін не істейтініміз күн тәртібінде бекітілген. Осының әсері болар, аз уақытта барынша көп іс тындырып тастауға тырысасың. Бойымдағы бұл өзгерісті ауылдағы құрдастарым да байқапты. Демалыс кезінде бұрынғы сыныптастарыммен кездескенде, «Бекболат, сен пысық болып кетіпсің» деген мақтауды жиі естимін, – деп жымиды ол.
Жасұландықтар «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген қағиданы әрқашан ұстанады. Оны біз Бекболаттың мына сөзінен аңғардық:
– Біз тазалық мақсатында күн сайын формамызға жаға тігеміз. Бірде арамыздағы бір бала жағасын тігуге үлгермей қалды. Сол үшін командиріміз барлық баланың жағасын жыртқызып, қайта тіккізген-тұғын. Осы оқиғадан соң, біріміз қандай да тапсырманы орындауға үлгермей жатсақ, екіншіміз оған көмектесіп, бірлесе жасауды әдетке айналдырдық.

«Спортшының тамағын жейміз»

Ал Нұржанат Мұхамедтің «жас­ұландық» атанғанына екі жылдан асыпты. Ақмола облысы Бұланды ауылы Макинск кентінен келген бозбаланың бала күннен бергі арманы осы әскери сала екен.
– Кішкентай кезімде солдаттарды қаз-қатар сапқа тұрғызып қойып, бұйрық беретінмін. Жансыз ойыншық міз бақпай тұрады, оны өзім қолыммен бұрып, қимылға келтіремін. Сондайда «Шіркін, шынайы сарбаздарға осылайша бұйрық беретін күн қашан туар екен?!» деп армандайтынмын. Өсе келе «Жас Ұлан» мектебінің бар екенін біліп, дайындала бастадым. 2017 жылы осы оқу орнына түсуге тілек білдірген 880 үміткердің ішінде мен де бар едім. Солардың арасынан 110 бала оқуға қабылдандық, – дейді Нұржанат.
Алғашында ол әскери мектепте берілетін тамаққа онша үйрене алмағанын мойындады:
– Бастапқы күндері анамның асын аңсап, үйге қайтқым келетін. Кейін бірте-бірте үйрене бастадым. Қазір қарасам, мұндағы тамақ далада жейтін асымызда бірнеше есе пайдалы екен. Көбінесе тұзы аз әрі суға қайнатылған немесе буға бұқ­тырылған тамақты жейміз. «Әскери адам – екінші спортшы» деп мұғалімдеріміз жиі айтып отырады.
Нұржанаттың сүйікті кітабы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы мен Мұқағали Мақатаев­тың өлеңдері екен. Әңгіме­міз біткен соң, ақиық ақынның бір өлеңін нақышына келтіре оқып берді.

«Смартфон ұстаймын деп жазаланғаным бар»

Өзін Нұрболат Молдабек деп таныстырған шәкірт осы мектептің тағы бір ерекшелігі жайлы баяндап берді:
– Мұндағы басты ережелерді бірі – смартфон ұстауға мүлде болмайды. Демалыстан келген күні теле­фонымызды міндетті түрде өткіземіз. Бір күні мен сәл пайдалана тұрмақшы болып, өткізбей қойғанмын. Сол күні смартфон ұстап жүргенімді көріп қойып, командир қатаң ескерту берген. Жаза ретінде тәуліктік кезекшілікке қалдым, – деді ол.
Тараз қаласынан келген Нұрболат бос уақытында гитарада ойнайтынын айтты:
– Гитара тартуды осында келген соң жоғары сыныптың балаларынан үйрендім. Мұнда келген соң біраз өнерім ашылды десем де болады. Көңілділер мен тапқырлар клубында ойнап, Павлодарға дейін барып қайттым. Бұдан бөлек, хорға да қатыстым. Соның арқасында 2015 жылы Қарулы Күштер күніне арналған салтанатты концертте Елбасының алдында өнер көрсеттім.
Ұландардың күнделікті өмірі де көңілді өтетін секілді. Әсіресе, ұзақ демалысқа шығар алдындағы түнді өзара «Патшалар түні» деп атайды екен. Оның «заңы» бойынша, бірінші ұйықтап қалған балалардың бетіне, шашына, аяқ киімінің ішіне тіс пастасын жағып кетеді екен. Бұл әзілге ешкім ренжімейді.


Мектепке қалай қабылданады?

Ал енді «Жас Ұлан» мектебіне қалай түсуге болатынына тоқталайық. Аталған білім ордасындағы психология қызметінің басшысы, майор Серік Апишевтің айтуынша, бұрындары мұнда 7-сыныптан бастап қабылданса, енді тек 9-сыныпты бітірген жеткіншектер ғана түсе алады екен.
– Емтихандар бес кезеңнен тұрады. Оның біріншісі – кәсіби психологиялық іріктеу. Онда балалардың ынтасын, күйзеліске төзімділігін, сыни және логикалық тұрғыда ойлау деңгейін тексереміз. Одан сүрінбей өткендері математика және қазақ (орыс) тілі бойынша тест тапсырады. Келесі кезеңде үміткерлерді медициналық тексеріс күтеді. Егер денсаулығында еш ақау болмаса, төртінші кезеңге жолдама алады. Онда белгіленген нормативтерді тапсыруына қарап физикалық дайындығын анықтаймыз. Ақтық кезеңге жеткендері байқауда іріктеу­ге түсіп, жоғары көрсеткіш иелері оқуға қабылданады. Бұл сынақтардың барлығы әр оқу жылы басталар алдында 5-20 тамыз аралығында жүргізіледі, – дейді ол.
Мектептің ережесі бойынша алғашқы әскери даярлық және дене шынықтыру пәндеріне басты назар аударылады. Сонымен бірге ҰБТ кезінде тапсырылатын пәндер тереңдетіліп оқытылады. Оқу, тамақ және әскери форма тегін. Үздік түлектерге Ресей және Түркиядағы оқу орындарына түсуге мүмкіндіктер бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button