Саясат

Уланудан соңғы у-шу

Өткен аптада ресейлік оппозиция серкесі Алексей Навальныйдың уланып қалғаны жөніндегі ақпарат дүйім жұртты елең еткізді. Томскіден Мәскеуге бара жатқан жолда ол өзін жайсыз сезініп, ұшақты Омбы қаласына шұғыл қондыруға тура келген. Бұрын ешқашан денсаулығы сыр бермеген саясаткердің мұндай тосын жағдайға ұшырағанын саяси қастандыққа балаған Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Навальный­дың Томск әуежайында ішкен таңғы шайына у қосылғанына сенімді. Сонымен қатар ол былтыр да Навальныйды біреулер улағанын еске салды.

44 жастағы Алексей Навальный – Ресейдегі ең танымал оппозиция­лық саясаткердің бірі. Ол Мәскеу мэрі және Ресей президенті сайлауларына түспек болған. Бірақ билік рұқсат етпеген. Тек 2013 жылы ғана Мәскеу мэрі сай­лауына қатысу мүмкіндігін алғанмен, жеңе алмады. Осыдан кейін сайлау додаларынан үнемі шеттетіліп келеді. Қамауға да алынып, түрмеде де отырған. Бірнеше рет шабуылға ұшырап, көзіне зақым келген. Ол Ресей антикоррупциялық қорын құрып, елдегі олигархтар мен саяси элитаның жасырын байлығын әшкерелеумен айналысып келді. Ол Мәскеу және бүкіл Ресей халқын бірнеше рет митингіге көтерген. Ірі басшылар туралы бірнеше фильм жариялап, олардың коррупциялық жолмен табылған байлығын әшкере қылған ол бұл жолы келесі айда өтетін жергілікті сайлау алдында оппозициялық үміткерлерді ұйымдастыруға көмектесу үшін Сібірге сапар шеккен. Алайда күтпеген жерден жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты.
Емханаға ес-түссіз халде түскен оппозиционердің дертін омбылық дәрігерлер «жағдайы тұрақты, бірақ халі ауыр» деп бағалады. Алдын ала болжамдар бо­йынша Навальный иіс те, түс те болмайтын «оксибутират натриядан» уланған. Бірақ бұл болжам ресми түрде расталған жоқ. Ал Омбы дәрігерлері болса саясаткердің денесінен ешқандай улы зат табылмағанын мәлімдеп, ағзадағы зат алмасу бұзылған деп ­диагноз қойды. Алайда зат алмасуының бұзылуына не түрткі болғаны айтылмады. Бұған наразылық танытқан Навальныйдың отбасы мен жақтастары оны шетелге апарып емдетуді талап етті. Дәрігерлер «науқас жолды көтермейді» дегенді желеу етіп, бұл талаптан бас тартты. Осыдан кейін Навальныйдың әйелі күйеуі жатқан Омбыдағы №1 ауруханаға сенбейтінін айтып, дәрігерлер Навальныйды Еуропада емдеуге рұқсат бермей отыруындағы басты себеп оның ағзасындағы химиялық заттың жоғалып кеткенін күтіп отыр деп мәлімдеме жасады.
Осы жағдайға байланысты Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльге немесе Денсаулық сақтау министр­лігіне Навальныйды шетелдік емханаға жеткізуді жеңілдету туралы өтініш түссе, билік оны тез арада қарастыратынын айтты.
Саясаткердің жағдайы Еуропа елдерінің басшыларын, халықаралық ұйым­дардың, АҚШ-тың лауазымды тұлғаларын да бейжай қалдырған жоқ. Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эмманюэль Макрон саясаткерге медициналық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы болса Навальный­ды әлдекімдердің улағаны расталса, тараптарды толық тергеу жүргізуге шақырды. АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Роберт «Ресей билігінің осы оқиғаға қатысы бар болса, бұл АҚШ пен Ресейдің алдағы қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін» екенін ескертті.
Көп өтпей, яғни 22 тамыз күні әлі есін жимаған саясаткерді Германиядан арнаулы келген ұшақ Берлинге алып кетті. 24 тамыз күні Берлиндегі «Шарите» клиникасының дәрігерлері Алексей Навальный «Ингибитор холинэстераз» тобына жататын улы заттан уланған» деп мәлімдеді. Неміс дәрігерлерінің хабарламасында «тәуелсіз зертханаларда жүргізілген талдауларда Навальныйдың ағзасынан холинэстераз бірнеше рет табылғаны» ашып айтылды. Ингибитор холинэстераз – ацетилхолинэстераз ферменттерінің жұмысын баяулататын химиялық зат. Бұл зат адам ағзасына түссе жүйке жүйесінің, мидың жұмысына кері әсер етеді. Бұл топқа «Новичок» уы да кіреді, 2018 жылы Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль да дәл осы заттан уланған болатын. Осыдан кейін Германия полициясы Алексей Навальный жатқан аурухананың күзетін күшейтті. Германия ­канцлері Ангела Меркель және ­Сыртқы істер ­министрі Хайко Маас болса дүйсенбі күні Ресей билігін оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға у бергендерді тауып, жауапкершілікке тартуға шақырды.
АҚШ та Германия дәрігерлері таратқан мәлімдемеге алаңдап отырғанын жеткізді. Егер хабарлама расталса, АҚШ оқиғаны жан-жақты зерттеуге шақырған Еуроодақтың ұсынысын қолдап, зерттеуге атсалысуға дайын екенін жеткізді. Тіпті Навальныйға байланысты Ресейге санкция салуы мүмкін екенін ескертті. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның 25 тамызда «Навальныйдың отбасы және Ресей халқы жан-жақты және ашық зерттеу жүргізіп, қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуға лайық. Біз Алексей Навальный отбасымен біргеміз және ол толық жазылып шығады деп үміттенеміз» деп мәлімдеме жасады. Алайда Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Алексей Навальный­дың жағдайына байланысты іс қозғауға әзірге негіз жоқ деді.
Германиялық дәрігерлердің сөзінше, Навальный әлі де жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр, дегенмен өміріне қауіп жоқ. «Диагнозға сай, науқасқа антидот атропин беріледі. Дерттің қалай әсер ететіні белгісіз, жүйке жүйесіне ұзақ уақыт әсер етуі де мүмкін» дейді дәрігерлер.
Қысқасы, Батыс елдері Алексей Навальныйдың улануына Ресей билігі кінәлі деп ашып айтпағанмен, барлығының көкейінде сондай бір күмәннің бар екені анық. Алайда нақты дәлел жоқ болғандықтан, ендігі қадам беймәлім.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button