Сұхбат

Ұлдай ОРАЗОВА, Астана қаласы перинаталдық орталығы бас дәрігерінің ауруды емдеу және алдын алу жөніндегі орынбасары: ТІРКЕУДЕГІ ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕР ТЕГІН ТЕКСЕРІЛЕДІ

Елордадағы «Перинаталдық орталық» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында осы заманғы перинаталдық технологияларды терең меңгерген жоғары мамандандырылған медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Олар жүкті, толғатқан, жаңа босанған әйелдер мен науқас нәрестелерге, сонымен қатар 500 грамм және одан жоғары салмақтағы шала туған нәрестелерге мамандандырылған акушерлік және неонаталдық медициналық көмек көрсетеді. Өткен бейсенбіде болған «тікелей тілдесу» барысында аталмыш орталық бас дәрігерінің орынбасары осы мәселелер төңірегінде әңгімеледі.

 

– Сәлеметсіздер ме?! Жолдасым екеуміздің сәби күтіп жүргенімізге көп болып еді. Жақында аяғымның ауыр екенін білдім. Қуанышымызда шек жоқ. Бірақ, үлкендер жағы әлі ешкімге жарияламайақ қойыңдар, тіпті, дәрігерге де баруға ерте дейді. Ал, өзім тезірек есепке тұрсам деймін. Жалпы, жүктілік кезінде қашан есепке тұру қажет?

– Қуанышыңызға ортақпыз. Әрине, әрбір әйел тұрмысқа шыққаннан кейін сәби сүюді армандай­ды. Бірақ, ана болу өте зор жауапкершілікті талап ететінін де естен шығармаңыз. Сондықтан, күтініп жүруге кеңес беремін. Негізі, жүкті болған әйел 2-3 айда есепке тұруы қажет.

– Мен жақында Пав­лодар қаласынан осында көшіп келгенмін. Қаланы әлі толық біле қоймаймын. Сондықтан, сізден сұрайын дегенім, қай әйелдер кеңесіне қаралғаным жөн?

– Алдымен өзіңіздің тұрғылықты мекен-жайыңызға байланысты акушер-гинеколог дәрігерге қаралуыңыз керек.Акушер-ги­неколог дәрігер өзі анықтап, ке­рек жағдайда екінші және үшінші дәрежелі №1әйелдер кеңесі не­месе перинаталдық орталықтағы және №3 перзентхананың әйелдер кеңесіне жібереді.

– Түсіндіріңізші, екінші және үшінші дәрежелі әйелдер кеңестері болып не себепті бөлінеді?

– Жүктілік кезінде бірнеше скринингтік тексерулер жүргізіледі. Ол іштегі ұрықтың денсаулығын анықтайды. Ақаулар анықталған жағдайда және жүкті әйелдің экстрагениталдық ауруларына бай­ланысты кейбір әйелдерге жоғарғы дәрежелі көмек көрсету қажеттілігі туындайды. Әйелдер кеңестері осындай мақсатпен екінші және үшінші дәрежелі болып бөлінеді.

– Ұлдай Мұқадесқызы, қаламызда сырттан келушілер күн сайын көбеюде. Осындай шеттен кел­ген азаматтарға перинаталдық орталықта қалай қызмет көрсетіледі?

Әрине, мұндай санаттағы әйелдер бізге де көп келіп, көмегімізге жүгініп жатады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №665 бұйрығына сәйкес иммигранттарға, оның ішінде оралмандар мен этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық қызмет көрсету тегін негізде жүргізіледі. Қалған жағдайларда өз еркімен медициналық сақтандыру неме­се жұмыс берушінің қаражаты есебінен медициналық көмек ақылы түрде көрсетіледі.

– Бірінші балама аяғым ауыр. Босануға келгенде серіктесімді бірге алып келсем бола ма? Ол кісіге қандай талап қойылады?

– Босануға өз серіктесіңізбен келуіңізге әбден болады. Бұл жөнінде емдеуші дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Жалпы, дені сау, ере­сек адам, ол сіздің құрбыңыз, апайыңыз, жолдасыңыз немесе т.б. болуы мүмкін. Серіктес адам перзентханаға сізбен бірге келгенде таза үй киімінде болуы керек.

– Ұлдай Мұқадесқызы, баланы қалай емізген дұрыс: сағатпен бе, әлде жылаған кезде ме?

– Баланы дұрыс емізіп үйрену қажет, оны сізге босанғаннан кейін емдеуші дәрігеріңіз айтқан бо­лар. Баланы сағатқа қарап емізген дұрыс емес. Баланы мазасызданып, жылаған кезінде, яғни нәресте тала­бына сай емізіп отыру керек.

– Қызымның босануына екі аптадай уақыт қалды. Қобалжып жүрміз. Жоспарлы кесар тілігі операциясында серіктес ретінде кіруге бола ма? Бұл қызмет түрі бізде ақылы ма, әлде тегін бе?

– Операцияға серігі қатыспайды. Тек, босанар алды бөлмесінде аялдап, перзентті дәрігерлердің беруін күтеді. Медициналық қызметтің бұл түрі бізде есепте тұрған, тіркеулі жүкті әйелдер үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тегін көрсетіледі.

– Қайырлы күн! Мен тұрғылықты ме­кенжайым бойынша басқа емханаға қараймын. Бірақ, көпшіліктің айтуынша, қаламыздағы перинаталдық орталықта босанған қауіпсіз екен. Мұнда тәжірибелі, білікті мамандар көп дегенді естідім. Есімім – Назгүл. Өзім ЭКО әдісімен жүкті болғанмын. Бүгінде егіз сәбидің дүниеге келуін тағатсыздана күтіп жүрмін. Сондықтан, әрине сенімді жерде босанғым келеді. Ұлдай Мұқадесқызы, айтыңызшы, сіздердің орталыққа тіркеуге тұруыма бола ма?

Сәлеметсіз бе, Назгүл. Әрине, болашақ сәбиіңіздің дені сау бо­лып, аман-есен дүниеге келуіне алаңдағаныңыз дұрыс. Дегенмен, елордадағы барлық емханаларда жақсы, өз ісіне жауапты, тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Ал, енді біздің қалалық перинаталдық орталыққа есепке тұрамын десеңіз, сіз алдымен тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша өзіңіз тіркелген емханадағы дәрігеріңізден біздің орталыққа жолдама алып келуіңіз керек.

Мен – Зарина Сар­балина, Петропавл қаласында тұрамын. Астанаға келіп, толық тексеруден өтсем деймін. Осы мүмкін бе және бұл үшін қанша ақша төлеуім керек?

– Әрине, Зарина, сіз біздің орталық арқылы консультативті тексеруден өте аласыз. Ол үшін ақыны қолданыстағы бағалар тізіміне сәйкес төлеуіңіз керек.

– Тұңғыш сәбиіміздің дүниеге келер уақытын тағатсыздана күтіп жүрміз. Босануға барғанда әйелім өзімен бірге не алып баруы ке­рек?

– Бұл жөнінде сіздің әйеліңізге емдеуші дәрігері ескерткен болуы керек.

Дегенмен, сізге де айта кетейін. Босануға барғанда жаңа туған балаға үтіктелген таза киімдермен бірге памперс, дымқыл орамал ала барғаныңыз жөн. Ал, әйеліңіз дәрігерге қаралып жүргендегі кар­тасын, жеке куәлігі мен тазалық зат­тарын, ыңғайлы халат, аяқ киім мен ұйықтағанда киетін жеңіл көйлегін ала барғаны абзал. Сіздерге сәттілік тілеймін.

– Тұрғылықты мекен-жайым бойынша мен №3 перзентхананың әйелдер кеңесіне қараймын. Бірақ, онда емес, сіздердің орталықта босанғым келеді. Ол үшін не істеуім керек?

– Бұл мәселе бойынша сіз біздің орталықтың бас дәрігерінің атына өтініш жазуыңыз керек.

– Бүгінгі таңда қаламыздағы барлық пер­зентханаларда жас ана­лар серіктестің қатысуымен босануда. Біздің кезімізде мұндай мүлде болмаған еді. Қазір за­ман өзгерді. Кейбіреулер бұл әдісті мақтап жатады, екіншілер – керісінше, қажеті жоқ дегенді ай­тады. Келінімнің аяғы ауыр, оған қандай кеңес берерімді білмеймін. Жалпы, осы серіктестер босану­шы әйелге нендей көмек көрсете алады?

– Дұрыс айтасыз. Соңғы жылда­ры серіктестің қатысуымен босану біздің тәжірибемізге енді. Әзірше бұл тәсілдің кері әсері байқалған емес. Керісінше, уақыт өткен сайын серіктестің қатысуымен босану­шылар босанғаннан кейін өздерін әлдеқайда сенімдірек сезінетініне көз жеткізіп келеміз. Әлбетте, мұндай босану кезінде серіктес жай қарап тұрмайды, жүкті әйелдің белін уқалап, су ішкізіп, т.с.с. қызметтер көрсетеді. Сондықтан, келініңіздің серіктеспен бірге босануына рұқсат берсеңіз, еш өкінбейсіз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button