Басты ақпарат

Үлескерлік құрылыс: Әрбір үй бақылауда болады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қолға алған өзекті мәселенің бірі – проблемалы үлестік құрылыс нысандары болып отыр. Күні кеше қаланы аралау барысында елорда басшысы құрылысы тоқтап қалған «Гарант», «Комфорт de Luxe» тұрғын үй кешендері үлескерлерімен кездесіп, әңгімелесті.

Осы күндері елорда әкімдігінің ведомствоаралық комиссиясы жұмысының нәтижесінде өткен жылы түйткіл тудырған 62 үлескерлік нысанның басым бөлігінің мәселесі шешілді. Қазіргі кезде 29 нысан үздіксіз бақылауды қажет етеді. Бұл нысандар бойынша негізгі жұмысты «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС атқарып отыр. Атап айтқанда, қаржылық және техникалық аудит жасалып, жобалық-сметалық құжаттама тиісті сараптамамен әзірленуі керек. Одан кейін аталмыш нысандар «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына енгізіледі. Оған 40 млрд теңге қарастырылды. Жалпы проблемалы тұрғын үй кешендері құрылысын аяқтау бойынша Жол картасы түріндегі нақты жоспар әзірленді.
Бүгінгі күні ведомствоаралық комиссияның ағымдағы бақылауында бұрын проблемалы болып танылған 22 нысан тұр. Бұл комиссияның араласуымен тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру, нысандарды жобалау, құрылысын жалғастыру сияқты механизмдер әзірленіп, үлес­керлер қазір құрылысты аяқтаумен өздері айналысып жатыр. Соның нәтижесінде 22 нысанның 10-ына үлескерлер қоныстанып үлгерді.


Әкім барған «Гарант», «Комфорт de Luxe» тұрғын үй кешендері – «Азбука жилья» компаниялар тобының проблемалы нысандары. Осы жылдың басынан құрылыс жұмыстарын «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС өз қолына алды. Мердігер мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде анықталып, аталмыш тұрғын үй кешендерін салу ісі жанданды.
«Гарант» тұрғын үй кешені Ы.Дүкенұлы, А.Панфилов, Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан. Оның жалпы ауданы – 17 602,80 шаршы метр. Құрылысы 2011 жылы басталған үй 330 пәтерге есептелген. Құрылысты аяқтау үшін 2016 жылы нысан «Орда Инжиниринг» ЖШС-ға өткізілді. Үлескерлердің жалпы саны – 168 адам. Нысанды 2020 жылдың сәуір айында пайдалануға беру межеленді.
«Комфорт de Luxe» «Шұбар» тұрғын алабының Қалқаман және Наркескен көшелерінің қиылысында орын тепкен. Жалпы ауданы – 15 734,50 шаршы метр. Оның құрылысы 2012 жылы басталып, 216 пәтерге шақталған. Алайда үлес­кер саны асып кетіп, 227 адамға жеткен. Аталмыш нысанды осы жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
«Кез келген құрылысты жүргізу оңай іс емес. Мұнда барлық мерзімдер сақталуы тиіс. Асығыстыққа салынып, құрылыс сапасын төмендетуге болмайды. Қазақтың сөзімен айтсам, қырқына шыдадыңыз­дар, енді қырық біріне де шыдаңыздар. Қаншама күттіңіздер, енді аз ғана сабырлық сақтаңыздар. Қаражат бар, үйлеріңіздің құрылысын аяқтаймыз, өз пәтерлеріңізге кіресіздер» деді үлескерлермен сөйлес­кен Алтай Көлгінов.
Кездесудің қорытындысында қала басшысы апта сайын проблемалы көппәтерлі тұрғын үйлердің бір-­екеуін аралайтынын айтты. «Жоспарлы кесте түзілді. Құрылыстың аяқталу процесін және созылып кеткен үлескерлер мәселесінің түбегейлі шешімін табуын бақылауда ұстаймын» деді елорда әкімі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button