SportЖаңалықтар

ҮЛКЕН ТЕННИСТІҢ ЖАЛАУГЕРІ

a5350557a2011c77d82cec19513

Елімізге әлемге әйгілі теннисші Рафаэль На­даль келді. Қазақстан теннис федерация­сының шақыртуын қабыл алған «Үлкен шлем» турнирінің 14 дүркін жеңімпазы Астанада бірқатар іс-шараға қатысты. Испан спортшысымен бірге танымал француз теннисшісі Жо-Вильфрид Тсонга да біздің топыраққа табан тіреді.

24 күні Астанаға жеткен олимпиада чемпионы алдымен «Team Kazakhstan» академиясының талантты жас­тарына шеберлік сабағын өткізіп, келесі күні Назарбаев университетінде журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Содан кейін университеттің студенттерімен кездесіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

«Мен Қазақстан теннис федерациясының президентінен шақыру алғанда, көп ойланбастан келісім бердім. Бұл – Қазақстанға алғашқы сапарым. Сіздің елге келгеніме өте қуаныштымын. Қазақстанда үлкен теннисті дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырған шара – жанкүйерлер мен жас теннисшілер үшін бағасы жоқ мүмкіндік» деді Надаль.

Ал басты шара 25 қыркүйек күні сағат 19:00-де Ұлттық теннис орталығында өтті. Оған дейін Мемлекет басшысы қос спортшыны арнайы қабылдап, кездесу алдында әйгілі теннисшілердің сапары еліміздегі теннистің бұдан әрі дамуы үшін маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

«Бұл – қазақстандық  жас спортшылар үшін үлкен уақиға. Сіздер оларға өздеріңізбен ойнау мүмкіндігін бердіңіздер. Бұл оларды айтарлықтай ынталандыру болып саналады. Сондай-ақ, сіздер біздің елімізге келіп, елорданың айтулы нысандарын көру мүмкіндігіне ие болдыңыздар» деді  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыдан кейін Елбасы Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонга арасындағы теннис матчын тамашалады.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button