Ұлт бірлігі мен болашағының кепілі

Тарлан тарихтың қатпар-қатпар қойнауына көз жіберсек, ұлт тағдырын шешкен, қаймана қазақтың басын біріктірген маңызды мәселелердің бәрі Ұлттық құрылтайда шешілгені белгілі. Сақтан қалған сарқыт – қазақ халқы бабаларымыздың осы бір асыл дәстүрін әлі жалғастырып келеді. Мәселен, Абылайдың аңсағаны, Кенесарының көксегені орындалып, тәуелсіз Қазақстан шаңырақ көтерген сәтте Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтіп, жер бетіндегі қарға тамырлы қазақты азат елге, алтын топырақты атамекенге шақырса, қазір Ұлттық құрылтай ұлтты біріктіретін ұлы күшке, ұлы идеяларды тоғыстыратын абзал алаңға айналды.
2022 жылдың маусым айында Президенттің Жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылғаннан бері төрт отырысы өтті. Бастапқыда Ұлттық құрылтай Президент жанындағы кеңесші орган ретінде өз жұмысын бастағанда, жұрттың көбі оған жай жиналыстардың бірі ретінде қарап, мәні мен маңызына көп назар аударған жоқ. Бірақ төрт реткі құрылтайда көтерілген мәселелер мен көздеген мақсаттарды саралап көрсек, Ұлттық құрылтай тек кеңесші орган ғана емес, ұлттың бірлігін нығайтатын, халық пен билік арасындағы байланысты бекітетін, елдік мүддені көздейтін маңызды институт екенін көрсетті. Ең бастысы, Ұлттық құрылтайдың ұтымды тұсының бірі – қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың орнауына жол ашты. Азаматтық қоғам өкілдері, экономистер, сарапшылар, депутаттар және үкіметтік емес ұйымдар өз ойын ашық жеткізу арқылы ел дамуының жаңа бағыттарын ұсынуға мүмкіндік алды. Билік халықтың үнін естіп, оны шешуге мүдделі екенін шынайы дәлелдеді.
Біздіңше, Ұлттық құрылтайдың Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тиімділігі мына бірнеше маңызды түйіндерден көрінеді:
1. Ұлт бірлігін нығайтады. Құрылтай түрлі сала өкілдерінің басын қосып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік береді. Бұл халықтың ынтымағы мен ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
2. Билік пен халық арасындағы диалог алаңына айналды. Құрылтай мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық пікірталас алаңына айналды. Бұл билікке халықтың шынайы мәселелерін естуге, ал халыққа өз пікірін билікке жеткізуге жол ашады.
3. Мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырады. Құрылтайда көтерілген мәселелер мен ұсыныстар ел дамуының жаңа бағыттарын айқындауға көмектеседі. Бұл экономикалық, әлеуметтік, мәдени және рухани салаларда тиімді шешімдер қабылдауға септігін тигізеді.
4. Қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Ұлттық құрылтай ұлттық болмысты сақтау мен дамытуға ерекше мән береді. Әр реткі құрылтай қазақ халқының дәстүрі, тарихи мұрасы және рухани құндылықтарын ардақтауды басты назарға алуда.
5. Жаңа реформалар мен бастамаларға негіз қалайды. Құрылтай аясында ұсынылған бастамалар қоғамды жаңғырту, экономика мен саясатты реформалау бағытында нақты қадамдар жасауға түрткі болады.
Қысқасы, Ұлттық құрылтай – елдің бірлігін бекемдейтін, ұлттың әлеуетін арттыратын және қоғамның жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды институт. Ол – тек кеңесші орган ғана емес, мемлекеттік саясат пен ұлттық құндылықтарды үйлестіретін, елдің өркендеуіне негіз болатын тарихи алаң.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ