Басты ақпаратМәдениет

Ұлт өнерін ұлықтаған

Жарты ғасырдан астам халқымыз­ды әсем ән мен күмбірлеген күйге бөлеп келе жатқан «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына алпыс жыл толды. Кеше ғана іргелі ұжым жаңа маусымын мерейтойлық бағдарламамен ашып, көрермендерге тамаша кеш сыйлады.

Осыған ­орай­ Нұр­-Сұлтан­ қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымын 60 жылдық мерейтойымен құттықтады: «60 жыл дегеніміз — құрметке лайық үлкен шығармашылық жол. Бүгінде тарихы бай «Қазақконцерт» – еліміздің ең ірі музыкалық ұйымы. Мәдениет пен өнер тілі – баршамыз­ға ортақ, түсінікті, әмбебап тіл. Мәдениет кез-келген мемлекет пен ұлттың дамуына негіз болған. Алдағы уақытта да ұжым мол білімі мен тәжірибесін мәдениет саласының игілігі жолында жұмсай бергей. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!» деді қала басшысы.
Осыдан алпыс жыл бұрын халқымыздың музыкасы мен мұрасын насихаттау мақсатында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің бұйрығымен құрылған ұйымның алғашқы құрамында, мәдениетіміз­дің тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Шара ­Жиенқұлова, Жамал ­Омарова, Жүсіпбек ­Елебеков, Рәбиға Есімжанова, Жаппас ­Қаламбаев, Гүлжиһан Ғалиева, Ғарифолла ­Құрманғалиев, Роза Бағланова, Мағауия Хамзин секілді даңқты тұлғалар еңбек етті. Кейін келе олардың қатарын Еркеғали Рахмадиев, Сара Тыныштығұлова, Әзидолла Есқалиев, Сұлтанғали Шүкіров, Гүлжан Талпақова секілді көрнекті өнерпаздар толықтырды. Олардың ізін Роза Рымбаева, Жеңіс Сейдуллаұлы, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова, Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Мөлдір Әуелбекова және басқа да сахна майталмандары жалғады. Осы уақыт ішінде біраз асудан асқан ұйым отандық өнердің орталығына айналып, қаншама талантты түлеп ұшырды.
2016 жылы «Қазақконцертке» Мәдениет және спорт министрлігі­нің мемлекеттік ұйымы мәртебесі берілді. Бүгінде онда еліміздің үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдары бас қосып, барлық музыкалық өнердің жанрлары ұсынылған. Шығармашылық құрамға «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Форте трио» мемлекеттік триосы, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Astana Musical» мемлекеттік театры, эстрадалық әншілер мен топтар кіреді. Мәселен, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі – ата-бабамыздан қалған бай мәдени мұра мен дәстүрімізді терең меңгеріп, халық музыкасы арқылы ұлттық құндылықтарды жаңғыртып жүрген ұжым. Ансамбль құрамындағы музыканттар домбыра, қылқобыз, нарқобыз, жетіген, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, шертер, даңғыра, дабыл, мүйіз сырнай секілді халқымыздың көне аспаптарында шебер ойнайды. Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі де еліміздегі үздік музыкалық ұжымның бірі. Оркестрдің құрамында жетпіске жуық кәсіби музыкант еңбек етеді. Олар әртүрлі дәуірлер мен стильдердің туындыларын, халық әндері мен күйлерінің өңделген нұсқаларын орындайды. Симфониялық оркестр дүниежүзіне белгілі дирижерлардың қатысуымен өтетін арнайы концерттік бағдарламаларды ұйымдастыра­ды. Сондай-ақ «Astana Musical» – еліміздегі тұңғыш мемлекеттік мюзикл театры. Мюзикл – әртүрлі өнер жанрларын бір арнаға тоғыстыр­ған, музыка, хореография, актерлік шеберлік, акробатика секілді ең озық үлгілерді біріктірген музыкалық-сахналық ­қойылым. Аталған театр ҚР Тұңғыш ­Президенті – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында 2017 жылғы желтоқсан айында Еуропаның ең ірі бес қаласын қамтыған халықаралық гастрольдік турне өткізді. 2018 жылы «Astana Musical» әлем театрларының өнер алаңына айналған «Авиньон» халықаралық театр фестиваліне қатысты.
Жоғарыда айтқан мерейтойлық кеште «Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы: «Бұл – 60 жылдан бері өнер сүйер қауымның жансарайын әсем әуен­мен жадыратып жүрген киелі қарашаңырақ тарту ететін жаңа жобалардың бастамасы ғана» деп айтыпты. Қысқасы, мерейтойлық жылдың аясында көрермендер онлайн және дәстүрлі форматта жаңа концерттік бағдарлама, премьера және тың жобалармен қауышпақ.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button