Басты ақпаратҚоғам

Ұлт қорғаны – Ұлттық Ұлан

Отан тыныштығы қашанда бірінші орында. Бұл ретте әскери қыз­мет­керлердің еңбегі өлшеусіз. Сарбаздар ел ішіндегі көнекөз қариялардың келешекке күдіксіз зер салып, анасы баласының болашағына уайымсыз қарауы үшін аянбай қызмет етуде. Әскери адамдардың өмірі кімге болсын қызық. Халықтың қорғаны болған сарбаздар таңертең нешеде тұрады, қандай ас ішеді, қандай оқу-жаттығудан өтеді? Күн демей, түн демей қала тәртібін күзеткен Ұлттық ұлан әскерлерінің тыныс-тіршілігін көріп, бір күндік өмірін біз де бастан кешіп қайттық.

«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшеге – 25 жыл

Отан үшін маңдайдан шып-шып шыққан адал тер, қайт­пай­тын қайсарлық, өр рух – ұлан­дықтардың болмысына тән құбылыс.

2024 жылдың 3 желтоқсанында ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына 25 жыл толды. Елордамыздағы 5573 әскери бөлімінің базасында БАҚ өкілдері үшін арнайы тур өтті. Мұндағы тәртіпке таңдай қақпаған қатысушы қалмады. Пышақтың қырындай жинақталған төсек орны, тіпті қыл түспеген айнадай жалтыраған еденнен сарбаздардың темірдей тәртіпке теңдей бағынатыны көрініп-ақ тұр.

Ұландықтарға әскери тәртіптен бөлек, жеке-жеке қызметтік міндеттер жүктеледі екен. Тағайындалған міндетке сәйкес бөлімшедегі тапсырмаларды орындайды. Тапсырмаға қару-­жарақ жағдайын тексеру, тұрған орындарының тазалығын сақтау, әскери техникалармен жұмыс істеу секілді жұмыстар жатады. Генерал-майор Аян Әбдуғани­ұлының мәлімдеуінше, әскери қалашықтағы әр рота бекітілген жоспарға сәйкес күнделікті қызметін атқарады.

Сарбаздар әр күн сайын қыз­метіне кірісер алдында 50 минут нұсқаулық сабақтан өтеді. Талап­қа сәйкес, оқыту аясында үш түрлі ситуациялық сұраққа жауап беруге міндеттеледі. Нұсқаулық сабақ өткеннен соң, қоян-қолтық ұрысына дайындалады. Бұдан бөлек, әр сарбаздың жеке уақыты да болады. Бұл кезде сарбаз демалуға, қоғамдық жұмыстарды орындауға, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік алады.

«ТИГР»-дің тілін түсіну оңай емес

5573 әскери бөлімінің командирі, генерал-майор Аян Есжанов  журналис­терді ұландықтардың материалдық-техникалық құрал­дарымен, «Үркер» тұрғын ала­­бында орналасқан аумағы 21 гектарды құрайтын жедел бригаданың инфрақұрылымдық қалашығымен таныстырды. Мұнда «Урал-ВВ», «Урал-59095», «БТР-80», «СПАРТАК» және бірнеше броньды автомобильдер бар. БАҚ өкілдері «ТИГР» атты әскери техникасының басқарылу талабымен танысты. Сарбаз­дардың бұл атандай алып техниканы меңгеруі қиынға соғады. Сондықтан бөлімшеде техниканың электронды макеті орнатылған. Ерекшелігі де осында. Сарбаздың әрбір іс-қимылын нұсқаушы жіті бақылап отырады. Тіпті, нұсқаушы макеттің ауа райын құбылтып, жыл мезгілін алмастырып отыра алады. Әскеридің жұмысы бейнебақылауға толық жазылады. Сарбаз жұмыс нәтижесіне сай өз бағасын алады.

Екі қабат броньдалған «Урал-ВВ» 15 адамдық жеке құрамды тасымалдайды. Жоғарғы бөлігінде 6 бірдей люк бар. Техниканың әрбір терезесінде автоматпен атуға арналған арнайы жабдық орнатылған. Олардың жалпы саны 13-ті құрайды. Барлық орындықтың астында жауынгердің қауіпсіздігін сақтайтын құрылғы мен белбеу бар. Техника қандай да бір жарылғыш затты басып кеткен жағдайда осы құрылғылар сарбаздың денсаулығына зиян келмеуіне себепкер болады.

«БТР-80» техникасы 2012 жылы құрастырылыпты. Бұл техника әскерилер үшін аса маңызды. «БТР-80» шайқас болып жатқан жерге оқ-дәрілер мен қару-жарақ жеткізуге, шабуылдауға және жарылғыш заттардан қорғауға арналған. Сонымен қатар, техникада орналасқан пулеметтері бар. Оның ішінде 3 экипаж адам болады. Санамалап айтсақ, бірі-механик – жүргізушісі, екіншісі – командир, ал үшіншісі – пулеметші.

10-рота сақадай сай

Әскери техникалармен танысқан соң казармадағы көлік жуу орнына бардық. Мұнда барлық жағдай жасалған, қаладағы көлік жуу орталықтарынан ешбір айырмашы­лығы жоқ.

«10-ротаның казармасында 100-ге жуық сарбаздың жататын орны бар. Мұнда тұрған киімдер елордадағы тәртіпті күзетуге шығатын солдаттардың арнайы киімдері тұр. Әрбір әскери қыз­метшінің жеке дабыл сөмкесі болады. Казармада тұрмыс­тық қызмет көрсету бөлмесі, спорт сабақтарына арналған орын және оқыту залы бар. Бейнебақылау камералары да орнатылған. Солдаттардың күнделікті қызметінің атқарылуын командирлер мен бөлім кезекшілері камерадан бақылап отырады» дейді генерал-майор Аян Есжанов.

Елорда көшелерінде сарбаздар тәулік бойы қала тәртібін қадағалайды. Ұландықтар осы бөлімшеде әскери дағдыларды үйренеді.

«Қаладағы патрульдер кез келген төтенше жағдайға дайын болуы тиіс. Мұндай дағдыны меңгеру үшін сарбаздар әуелі 30 күн нұсқаулық сабақтан өтеді. ҚР заңдарымен қатар жауынгерлік қызметке дайындалады, қоян-қолтық жаттығу шайқастарынан өтеді» деді подполковник Амангелді Омаров.

Иісшіл иттердің көмегі көп

Қонақтар кинологиялық қалашықта қызметтік иттермен танысты. Қатысушы жарылғыш құралды арнайы техникалық көлікке орнатты. Әскери иттер әп-сәтте жарылғышты тапты. Оқу-жаттығу алаңында қылмыскердің кейпіндегі сарбаз дөңгелектердің біріне жасырынды. Иіс сезгіш «Тайсон» атты ит қылмыскердің ізін кесіп, оқиға орнында ұстады. Сонымен қатар медиа қызметкері қатар тізіліп тұрған 10 жәшіктің біріне есірткіні салды. Әскери төбет «Кай» барлық жәшікті бір иіскегеннен-ақ есірткі затын тауып, сол сәтте сарбазға белгі берді.

5573 әскери бөлімі кинологиялық бөлімшесінің бастығы Нұрсұлтан Сәриевтің айтуынша, кинологиялық қалашықта 31 қызметтік ит бар. Олар есірткі мен жарылғыш құралдарды іздейді.

«Осыдан екі  апта бұрын Астананың төңірегінен салмағы 18 келі есірткі заттарын тәркіледі. Иттер күшік кезінен үйретіліп, 8 жасқа дейін қызмет етеді. Оларға күніне дәрумендер, 2 мезгіл тамақ беріледі. 8 жыл 3 ай қызмет атқарған итті кейін әскери бөлімде болған иесі алып кетеді» дейді.

Құнарлы тамақтану – сарбаз саулығы

Медиа қызметкерлерге әскери ас мәзірінен дәм тату да бұйырды. Сарбаздардың күн сайынғы ас мәзірі арнайы электронды таблода көрсетіледі. Жақсы тамақтанған сарбаздың денсау­лығы да мықты болады. Бұл жайлы азық-түлік қызметінің бастығы, майор Баубек Есетов: «Әскерилер күніне 3 мезгіл тамақтанады. Ас құрамында ағзаға қажетті дәрумендердің нақты құрамын қамтиды. Асханада бір мезетте 400 адам тамақтанады» деп мәлімдеді.

Мереке барысында Ұлттық ұланның Құрмет-қарауыл ротасының жауынгерлері саптық дефиле көрсетті. Сарбаздардың асынған дорбасы мен сыртқы сауытының салмағы таңғалдыр­май қоймады. Атап айтқанда, әскери қызмет атқару барысына, жаттығуға, шабуылға арналған киім бронжилетімен 22 келі болса, жарылғыш заттардан қорғайтын киім 32 келіні құрады. Арқасына арқан асынған әскеридің киімі таулы жерлердегі әскери қызметке лайықтап жасалған. Қарапайым арқанның салмағы 16 келі  болды. Бұл киімнің ерекшелігі – құмды дауылдарға арналған шәлдесі, көзілдірігі және панама бас киімі. Броньды қалқанмен қоса алғанда, сарбаз 50 келідей
артық салмақ арқалайтын болып шықты.

Үнсіз ұғынысу – жауынгерлік шеберлік

Дефиледен соң қару-жарақтардан көрме ұйымдастырылды. Мұнда «Глок-17» тапаншасынан бастап граната атқыштар, мерген мылтығы мен пулеметтер қойыл­ған. «ОСВ-69» үлкен колибрлі мергендер винтовкасының аңыз екені баршаға аян. Бұл винтовканың қуаттылығы сонша, атылған оқтың 2 км қашықтықтағы автомобильдің қозғалтқышын тесе алатын күші бар. Сонымен қатар, мергендер винтовкасына арналған саунд модераторлармен таныстық. Оның дыбыс шығару жиілігі 0-ге тең. Көрмеде ұландардың қолданатын рациялары, масштабты карталары, дүрбілері, айыппұл толтыруға арналған планшеттері де көрме үстелінде тұрды. БАҚ қызметкерлері бірнеше қару-жарақты өз қолдарымен ұстап көрді. Қаруды кім жылдам бөлшектеп, қайта құрайтынын өзара сарапқа салды.

Бөлімшеде «Бүркіт» сарбаздарының жауынгерлік шеберлігіне де куә болдық. Бірінші кезекте «Француз» және «Коп» лақап атты сарбаздар жұптасып әрекет етуді көрсетті. Келесі жаттығу барысында броньды қалқанмен «үштік сап» құрып, «Қасқыр», «Аю», «Азиат» лақап атты әскерилер қалай оңтайлы жұмыс жасау керегін үйретті. Ұрыс кезіндегі басты іс-қимыл-сарбаздардың бір-біріне дайын екенін білдіріп, алма-кезек ауысып отыруы. Бұл әдіс жауға тоқтаусыз қарша боратып оқ жаудыруға мүмкіндік береді.

Пресс-тур соңында Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің шығармашылық ұжымы, Үлгілі-көрсетімді оркестрінің музыканттары әскери-патриоттық ән шырқады. Қару-жарақты жылдам әрі епті құрастыра білген қатысушылар арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

Ұлт тұтастығын сақтау – әрбір азаматтың борышы.

Әскери қызметкерлер Қазақ­станның тыныштығын күзетіп, ел қауіпсіздігі үшін кірпік қақпай қызмет етуде. Ұлттың амандығы, қоғамның бүтіндігі – әскерилердің қолында. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген ерлерге айтар алғысымыз шексіз. Сарбаздарымызға төзімділік, шапшаңдық, мол қажыр-қайрат тілейміз. Айбынымыз асқақтай берсін!

 Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,

 Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button