Жаңалықтар

ҰЛТ САУЛЫҒЫ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛЫҒЫ

ERA_7078

Сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы фракциясының Астана қаласы мәслихатындағы мүшесі, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» РМК бас директоры, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин қоғамдық бақылау желісі арқылы тұрғындармен тікелей байланысқа шығып, толғандырған сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, тікелей желіге Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әбдірайымов, сайлауалды тұғырнаманың «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша сарапшы тобының хатшысы Мария Өтебаева мен мәслихат депутаты Қаршыға Құлмұқанов қатысып, сұрақтардың жауабын нақтылай түсті. Бұған қоса, жұртшылық «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысын­да жарияланған ҚР Президентінің Жолдауындағы айтылған мәселелер жөнінде де түсініктеме алды.

Зейнеткерлердің тісін протездеу –  тегін

– Атым – Бибігүл. Ата-анам – Ақмола облысына қарасты Қойтас  ауылында тұрады. Екеуі де зейнеткер әрі Семей полигонының зардабын тартқан азаматтар. Өткенде анам тісіне протез салмақшы болып, тіс емханасына барды. Ондағылар қомақты ақша алғанымен, протезді дұрыс орнатып берген жоқ. Білейін дегенім, анама протез салу жағынан қандай да бір жеңілдіктер бар ма?

– Бибігүл, қарт анаңыз бен әкеңізге қамқорлық танытып, олар үшін шырылдап жүргеніңіз құптарлық. Мәселеңізге келсек, елімізде Қазақстан Республикасы тұрғындарының жекелеген санаттарына жататын тұлғаларды медициналық көмекпен қамтамасыз етуде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жөнінде министрліктің арнайы бұйрығы да бар. Онда қарттығына байланысты зейнетке шыққан азаматтарға тiс, жақ сүйегi, бет және көз (алтыннан протез жасаудан басқасы) тегiн протезделетіні айтылған. Демек,  сіздің анаңыз да медициналық қызметтің бұл түрін тегін ала алады. Ол үшін анаңыз тұрғылықты жеріндегі протез салумен айналысатын мекемеге барып, кезекке тұруы керек. Біздің тікелей желі Астана қаласындағы медицина мәселелеріне арналған. Дегенмен де сіздің мәселеңізге байланысты  Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысына хабарласып, анаңыз туралы мәліметтерді жеткізетін боламыз. Біз де мәселеңіздің аяқсыз қалмауын «Нұр Отан» желісі арқылы бақылайтынымызды айтқым келеді.

Оңалту орталығына кезек көп

– Менің аты-жөнім – Айнұр Рахманқұлова. Сіздерге баламның денсаулығына байланысты хабарласып тұрмын. Адият атты ұлым қазір 4 жаста. Бірақ әлі күнге сөйлемейді. Өзіміз қаланың №6 емханасына қараламыз. Баламды «Моторная алалия» деген диагнозбен «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ-на кезекке қойған еді. Бірақ, кезегіміз жетер емес. Уақыт зулап өтіп барады. Осы мәселенің тезірек шешілуіне қол ұшын берсеңіздер екен?

– Сал аурумен, орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларды оңалтуға арналған емдеу мекемелері Астана қаласының өзінде жоқ. Сол себепті, мұндай диагноз қойылған елордалық өрендер «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ-ға жіберіледі. Бүгінде осы орталықта ем қабылдауға Астана қаласынан 738 бала кезекте тұр. Осы орайда бас қалаға айына бөлінетін квота саны – 25.  Демек, жылына тек 300 бала ғана Оңалту орталығына жолдама ала алады. Бірақ қалалық Денсаулық сақтау басқармасы қамсыз отырған жоқ. Оңалту  шараларына  мұқтаж балалар­­дың жағдайын ескере отырып, жекеменшік мекемелермен меморандумдарға қол қойды. Биылғы сәуір айынан бері сырқат балаларды оңалтуға «Қасиетті жол» атты емдеу мекемесі де айналыса бастады. Бүгінгі таңда 150 бала оңалту шараларынан өтті. Біз сіздің балаңыз тіркеуде тұрған №6 емханаға хабарласып, алдымен кезекке қашан тұрғаныңызды, енді қанша күту керектігін анықтап алайық. Егер кезегіңіз жетуге әлі ұзақ болса, онда осы «Қасиетті жол» арқылы көмектесетін боламыз.

«Ауырсам, ауруханаға жатқызбайды»

 – Мен сіздерге «Оңтүстік-шығыс» шағын ауданынан хабарласып тұрмын. Аты-жөнім – Сақыш Нұртазина. Жасым – 67-де. Менде көптен бері  «артериялық гипертензиямен» ауырамын. Бұрын ауруханаларға жатып, ем қабылдап жүруші едім, биыл оның сәті келмей қойды. «Жедел  жәрдем» шақырсаң, қан қысымымды түсіріп кетеді де ауруханаға апармайды. Қысым құрғыр ойнамалы.  Ауруханаға бір жатып, емделіп шықсам деп едім….

– Әрине, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны өте дұрыс. Мұндай азаматтарға біз де қолдау білдіруге әзірміз. Сіз Абылай хан даңғылында орналасқан «Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа» келіңіз. Сізді қабылдауға әзірміз.

– Иә, иә, білемін. Мен онда бір рет ем қабылдап шыққанмын.

– Ұнады ма?

– Ұнағанда қандай?!

– Ендеше, ертең сізді күтеміз. Мен сол медициналық орталықтың басшысымын. Қолымнан келгенше сізге көмектесуге тырысайын.

– Рахмет сізге, міндетті түрде келемін.

Жүктілік – үлкен жауапкершілік

– Қоғамдық қабылдау ма?

– Иә, тыңдап тұрмыз сізді. Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

– Атым – Гүлмира. Фамилиям – Дәулетиярова.  Менің аяғым ауыр. Жүктілік мерзімі – 26-27 апта. Өзім қазір «Ана мен бала ғылыми орталығында» қаралып жүрмін. Алғашқы жүктілігім болған соң ба босану мәселесіне қатты алаңдаймын. Мұнда босандыру ақылы екен. Тегін босандыратын бөлімше де бар екенін естідім. Оған кімдер барады, мен де сонда тегін босансам бола ма?

– Гүлмира, сіз неге Астана қаласының тұрғыны ретінде қалаға қарасты перзентханаларда босанғыңыз келмейді?! Бұл мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуы ешкімнен кем емес.  Ғимараты да, құрал-жабдықтары да заман талабына сай келеді.  Күнделікті талай сәбидің кіндігін кесетін дәрігерлер де тәжірибелі. Сіздің алаңдауыңыз орынды. Бірақ, жүкті әйел алғашқы 12 аптаның ішінде өзі қарайтын емханаға  есепке тұруы керек. Акушер-гинекологтар әйелді уақтылы тексеруден өткізіп, егер жүктіліктен қандай да бір ауытқу тапса, онда қаладағы перинаталдық орталықтарға жібереді. Мұндағы әр орталықта консультативтік бөлімше бар. Олар жүкті әйелді қарап, қандай да күрделі асқынуларды көрсе, «Ана мен бала ғылыми орталығына» жібереді. Ал жүктілік қалыпты жағдайда өтсе, онда оған жолдама берілмейді. Егер әйел қалалық перзентханаларда босанудан  бас тартып, республикалық орталыққа өз еркімен барса, онда босандыру ақылы негізде жүргізілетінін ескерткіміз келеді. Жалпы, жүкті әйел тұрғылықты мекен-жайы бойынша өзі қарайтын емханаға тіркелгені дұрыс. Себебі, босанғаннан кейін нәресте туралы ақпарат емханаға келіп түседі де алғашқы үш күннің ішінде учаскелік педиатр немесе медбике сәбиді барып қарайды. Содан кейін алғашқы 14 күнде, 30 күнде бір келіп, нәрестенің денсаулығын бақылауға алады. Сондықтан, Гүлмира, болашақ сәбиіңіз үшін ойланатын шығарсыз деп үміттенеміз.

Әр азаматтың еркі бар…

– Біз бұрыннан №2 емханаға қаралатын едік. Енді бізді №3 емханаға ауыстырып жатыр. Бұрынғы емхананың дәрігерлеріне әбден бауыр басып қалыппыз. Ауыс­пай қойсақ бола ма?

– Сіздің аты-жөніңіз кім?

– Гоева Татьяна Гордиевна.

– Татьяна Гордиевна, Астананың №2 қалалық емханасының жүктемесі тым көп. Сондықтан соған қарасты кейбір аумақтарды №3 емханаға ауыстырдық. 2011 жылы қалалық емханалардың жүктемесі қалыптағыдан 2,5 есе көп болатын. Кейін жаңа емдеу мекемелерінің іске қосылуына байланысты бұл көрсеткіш едәуір қысқарып, 1,2 есеге түсті. Енді Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойында 500 адам қабылдай алатын амбулаторлық-емхана, Ильинка тұрғын алабында және Х.Досмұхамедұлы көшесінде ауысымына 150 адам қабылдайтын жаңа медициналық мекеме ашылады деп күтілуде. Осы мекемелер пайдалануға берілсе, нормативке едәуір жақындайтын боламыз. Ал сіздің жағдайыңызға келсек, Үкіметтің қаулысына сәйкес, әр азамат қалаған емханасын таңдауға құқысы бар. Бірақ сіз тұратын аумақ емхананың қызмет көрсететін аясынан тыс орналасса, онда сіз дәрігерді үйге шақырту сынды қызметтерді пайдалана алмайсыз. Егер мұндай қызметтерді қажет деп таппасаңыз, онда қалаған емхананың бас дәрігерімен осы жөнінде келісімшарт жасасып, тіркелуіңізге болады.

№1 қалалық емхана жабыла ма?

– Біз №1 қалалық емханаға қарайтын едік. Соңғы кезде осы емханаға жабылады деген сөзді естідік. Бұл қаншалықты рас?

– №1 емхана –  қаланың байырғы емдеу мекемелерінің бірі. Ғимараты да шағын. Сондықтан біз №1 емхананы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қайта жаңғыртуды жөн деп таптық. Осыған қажетті құжаттар түгел дайын тұр. Әріптестік ниет білдіргендер табылса, емхана қайта жөндеуден өтіп, кеңейтілетін болады. Әрине, бүкіл бір емхананы өзгерту Астанаға оңай соқпайды. Бірақ тұрғындардың игілігі үшін әрі емхананы заманға лайықтау үшін сондай қадамға барып отырмыз. Бірақ, бұл – емхана жабылады деген сөз емес. Медициналық мекеменің территориялық аумағы да, дәрігерлері де, басқасы да сол қалпында сақталады.

«Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «Тікелей желіге» халықтың  белсенділігі жоғары болып, екі сағат мерзім ішінде 20-дан астам сауал келіп түсті. Олардың ішінде жәрдемақы, зейнетақы мәселелеріне қатысты сауалдар да, ғимарат іздеп, жұмыс сұрағандар да көп болды. Медициналық тақырыпқа қатысты болмаса да  бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмады. «Нұр Отан» партиясы жұртшылықты алаңдатқан мәселелердің оң шешілуін бақылауда ұстайтын болады.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button